Сурет: egemen.kz
Ел арасында Сыр өңірінің бір кездері жасыл желекті аймақ болғаны жиі айтылады. Дегенмен табиғаты аптап ыстықты аймақтың бүгінгі халі көңіл көншітпейді. Көгалдандыруды қажет етеді. Оған жердің тұзды, сор болуы басты себеп. Көпшіліктің пайымы да осы. Расымен, бұл – өзекті мәселе. Бірақ соңғы кездері есік алдын көгалдандырып, түрлі жеміс ағашын, тіпті аты да, заты да таңсық көшет отырғызып, айналасын жасыл желекке айналдырғандар бар. «Қалауын тапса, қар жанады» деген сөздің шынымен, жаны бар сияқты. Жалпы топырақтың тұздылығының себебі неде? Оның көгалдандыруға қаншалықты кері әсері бар? Алдын-алуға бола ма? Тұзды топыраққа не өсіруге болады? Тақырыпты саралап көрген едік.
Елімізде топырақтану ғылымын жарты ғасырдан астам уақыт зерттеген ғалым Жекен Мамытов ТМД елдерінің арасында Қазақстанның топырақ құрамының 70 пайызы тұзды екенін айтады. Жалпы ғылымда топырақтың тұздануын екі кезеңге бөледі екен. Бірінші кезең табиғи қалыпты тұздану болса, екінші кезеңі адами фактордың әсерінен туындайды.
Сонымен, топырақ қалай тұзданады? Ғалымдар қазір топырақтың тұздануының екінші кезеңі жүріп жатқанын айтады. Жоғарыда бұл кезең адами фактордың салдарынан болатынын жазған едік. Оның ішінде егістік алқаптарын бей-берекет суарудың кесірі топырақтың тұздануына әкеледі екен. Мұны ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің аграрлық технологиялар білім беру бағдарламалары профессоры Ибадулла Тәутенов былай түсіндірді.
– Жалпы біздің аймақтағы топырақ аллювий деп аталады. Бұл шөгінді жыныстар. Осыдан 56 мың жыл бұрын облыста үлкен Қызылорда қазаншұңқыры болған. Оның ең терең жері – Тереңөзек аумағы. Тереңдігі 100 метрге дейін жеткен. Сол қазаншұңқыр сумен келген шөгінді жыныстармен толып, қазіргі жер бедері пішіні қалыптасқан. Қазір жерді қазатын болсаңыз бір қабаты құм, келесі қабаты саз, одан кейін тағы құм. Осылай кезектесіп отырады. Яғни өзен суы қатты аққанда құм айдап әкелсе, жай аққан кезде сазға толған. Сырдария өзенінің ұзындығы 2300 шақырым болса, облыс орталығынан Аралға дейінгі аумақ 500 шақырымды құрайды. Яғни дария суы бізге дейін 1800 шақырымнан ағып келді. Осылайша өзен суымен бірге тұздар ағып келіп Аралға құйды. Сондықтан аймақтағы топырақ құрамының тұзды болуы табиғи қалыпты жағдай. Топырақтың шектен тыс тұздануына егіннің зияны бар. Бұрын дрен деген бар еді. Яғни терең қазылған құдықтар арқылы жерасты суын насоспен тартатын. Бұл – тұздың көтерілмеуі үшін қажет дүние. Үшіншіден, Арал теңізінің жағдайы. Теңіз құрғағаннан кейін тұздар жер бетіне шығып жатыр. Бұл – әлемді толғандыруы тиіс мәселе. Себебі тұзды тозаңдар ауамен ұшып қазір мұздақтарға жетуде. Мұның салдары мұздақтардың еріп, азаюын, су тапшылығын туындатады, – дейді ғалым.
Жарты ғасырдан астам тарихы бар «Қызылорда вальсі» әніндегі қаланың келбеті «баулары жайқалған қызыл алма, бақтары жайқалған қызыл ол да» деп сипатталады емес пе?! Расымен, аталған әнде облыс орталығының алпысыншы жылға дейінгі келбеті суреттелген екен.
– Алпысыншы жылға дейін Қызылорда жасыл желекке айналған қала болғаны рас. Ол кезде дария табаны төмен болатын. Бұл дегеніміз артық жерасты суларын алып кетеді деген сөз. Қазір дария табаны көтеріліп, қаланың деңгейімен бірдей болды. Сондықтан кез келген жерде 1 метр қазсаң су шығатыны сол. Жерасты сулары тұзды болады. Көктемде су капиллярлар арқылы көтеріліп, күн ысығанда буланып кетеді де, тұз ауыр болғандықтан жер бетінде қалады, – дейді ол.
Ауыл шаруашылығы ғылымының докторы Ибадулла Тәутеновтың айтуынша, өсімдіктің құрамында 70-тен аса химиялық элемент бар екен. Оның барлығы дерлік тұздан құралған. Олай болса, аймақтың көгалдануына не кедергі?
– Тұздың да өзінің физиологиялық рөлі бар. Егер ағзаға тұз жетпесе белгілі бір ауруға әкелуі мүмкін. Сол сияқты мөлшерден тыс асып кетсе де зиянын тигізеді. Яғни өсімдік пен оның тамыры арасындағы табиғи қозғалыстың жүруіне кедергі болады. Мәселен, бидай дақылын еккен кезде ол суды бойына сіңіреді де ісініп, үлкейеді. Осыдан кейін ұрық тамырын жаяды. Осы сәтте дақыл тұзды суды бойына сіңіретін болса әрі қарай өспей, солып қалады. Сондықтан аймақта тұзға төзімді дақылдар егіледі. Мәселен, күріш еккенде оны суға бастырамыз да тұзды суды шайып жібереміз. Құмай, африкалық тары деген дақылдар егіледі. Бұлар қуаңшылыққа төзімді, бейімделген дақылдар. Қаланы көгалдандыру мәселесінде де осы жағдай. Өңірдің табиғатына сай, жерсінетін ағаштар отырғызу керек. Қазір қалада түрі әдемі небір ағаштар мен көшеттер сатылып жатыр. Көпшілік соны алады да отырғызады. Ол ағаш жерсінбейді, көп ұзамай-ақ қурап қалады немесе өспейді, – дейді маман.
Аймақтағы топырақтың тұзды болуы табиғи жағдай дегенімізбен, адами іс-әрекеттердің нәтижесі мөлшерден тыс тұздануға әкелді. Ендігі мәселе соның салдарымен күресу. Ғалым ол үшін түрлі милеоранттарды қолдану керектігін айтады.
– Топырақтағы тұзды шығару керек қой. Оның түрлі жолы бар. Ең тиімді әрі нәтижелісі көңмен өңдеу. Алайда көң көп мөлшерде қажет болғандықтан жетпей жатады. Мәселен, егістіктің әр гектарына 60 тоннаға дейін көң қажет. Біздегі егістік көлемі 100 мың гектарға дейін барады. Көңді оның бәріне жеткізу мүмкін емес. Сондықтан химиялық милеоранттармен өңдеуге тура келеді, – дейді ғалым.
Жалпы біздегі топырақ құрамында натрий элементі басым екен. Өсімдіктің жайқалып өсуіне кедергі келтіретіні де осы. Ал натрийді ығыстыру үшін кальций мен магний қажет. Бұл элементтерді құрылысқа қажетті гипс өнімінен алуға болады. Мәселен, 1 гектар аумақтағы тұзды шығаруға 5-10 тоннадай гипс өнімі қажет. Бүгінде топырақтан тұзды шығаруға бұл әдісті енгізу қолға алынуда. Дегенмен нәтижесін уақыт көрсетеді.
Профессор Ибадулла Тәутенов жалпы қаладағы көгалдандыру ісі топырақтың тұздылығынан өнбей тұр дегенге келіспейді. Қаншама ағаш отырғызылғанымен суару жүйесі дұрыс емес, күтім жоқ. Ағаштардың жайқалып өспеуінің себебі осы екен.
– Қалада аяқсу мәселесі шешілмеген. Ағаш отырғызғаннан кейін ол өсіп, тамыр жайып кеткенше екі-үш жылға дейін үзбей суару керек. Аяқсу болмағандықтан амал жоқ ауызсумен суаруға тура келеді. Ал ауызсу құрамында хлор бар. Хлорды өсімдіктің қас жауы деуге болады. Сонымен қатар біздің ыстыққа, топыраққа төзімді ағаштарды таңдау қажет. Мәселен, қалаға үйеңкі, көк терек сынды ағаштарды отырғызуға болады. Сосын қаланы көгалдандыруға жауапты, білікті маман болғаны дұрыс қой. Ол қаланың орталығы, шеті демей бірдей көңіл бөліп қараса жасыл желекке айналдыруға болады. Тағы бір айта кетер жайт, тұрғындар тағам қалдықтарын кейде қоқысқа тастап жатады. Бұл дұрыс емес. Одан да оны есігінің алдына, бақшалық жеріне көміп тастасын. Бұл да жерді өңдеуге таптырмас дүние. Арам шөппен де жер өңдеуге болады. Тек оны тамырымен емес шөбін ғана орып жерге көміп тастаса ол да топырақты өңдейді, – дейді маман.
Түсінгеніміздей топырақтың табиғи тұздануы кезінде облыс орталығы жасыл желекке бөленген, бау-бақшасы жеміске толған. Алайда адами фактордың әсерінен бүгінде топырақ тұздануының екінші кезеңі жүруде. Бұл өз кезегінде тұздың топырақ құрамында шамадан тыс артуына әкелген. Мұның қаланы көгалдандыруға белгілі бір дәрежеде зияны бар деуге болады. Бірақ топырақ тұзды екен деп қол қусырып отыру керек дегенді білдірмейді. Сала маманы, ғалым Ибадулла Тәутенов жоғарыда тұзды ығыстырудың, ағаш күтімінің қарапайым, қолжетімді әдістерін айтты.
Қалада ғалымның айналаны көгалдандыру топырақтың тұздылығына қарамайды дегенін іс жүзінде дәлелдеп жүрген азаматтар бар. Соның бірі – құрылыс саласының ардагері, ауыл шаруашылығы саласы ардагерлерінің төрағасы Нұрлыбай Лұқпанұлы. Бақша егуді отыз жылға жуық уақыт серік еткен ол бүгінде есігінің алдын жасыл желекке айналдырған.
– Осы үйге көшіп келгеніме отыз жылдан асып барады. Әуелгіде жері тұзды болды. Топырақты өңдеуге біраз күш жұмсадым. Содан кейін нәтижесін көрдім. Қандай да бір ағаш отырғызу немесе өсімдік егетін болсаң алдымен жерді дайындап, топырақты құнарландыру керек. Әр көктем мен күзде жерді аударған дұрыс. Көбі есік алдындағы шөбін өртеп жібереді. Оны өртемей, өңдеп көңге айналдыруға болады. Қазір бақшамда түрлі жеміс ағаштары өсіп, жемісін беруде. Одан бөлек терек, пальма тұқымдасына жататын ағаштар бар. Жүзім, басқа да көкөніс түрлері бар. Уақытында күтімін жасап, баптаймын. Аяқсу мәселесі шешілмегендіктен, ауызсумен суарамыз. Бұл ретте мен тамшылатып суару әдісін қолданамын, – дейді ардагер.
Бүгінде тұрғындар арасында арша ағашын отырғызу сәнге айналып келеді. Оған оның аптап ыстықты, тұзды топырақты өңірді жерсінуі себеп болса керек. Әрі айналаға сән берер көркі, денсаулыққа да пайдасы бар. Ал қалада мұндай ерекше көшеттермен қамтамасыз ететін «Қызылорда garden» мекемесі. Мекеме басшысы, кәсіпкер Руслан Қайырбекұлы ауыл шаруашылығы ғылымдарының магистрі. Бүгінде аталған мекеме тұрғындарға сапалы көшет, газон егу жұмысымен қатар суару жүйесін құру, ландшафты дизайн жасау қызметін көрсетеді.
– Өңірдің климатына, тұзға төзімді көшеттер әкелеміз. Оның ішінде шаған, үйеңкі, сәнағаш, қытай шағаны, қара ағаш, калифорниялық терек сынды көшеттің 40 шақты түрі бар. Әсіресе калифорниялық терек пен сәнағашы жақсы өсуде. Көшеттерді өзінің топырағымен бірге әкелеміз. Сол кезде оның жерсінуі оңай болады. Қаланы көгалдандыру бойынша онкологиялық орталық алдына, Қармақшы ауданының орталық саябағына, «Тұзкөл-Мұнай газ Оперейтинг»» ЖШС мекемесіне көшеттер отырғыздық. Қазір ауыл шаруашылығы саласында тұзды ыдыратуға арналған түрлі дәрі-дәрмектер шығарылуда. Көгалдандыруда соларды пайдаланамыз. Алған көшеттері жерсініп, тамыр жайып кеткенше мекеме тарапынан күтіміне байланысты кеңес береміз, – дейді кәсіпкер.
Қалай десек те қаланы көгалдандыру басты мәселе. Бұл экологиялық тұрғыдан да, топырақ тұздылығын жоюға да оң әсер бермек. Әу баста топырақтың тұздануы шамадан тыс артып, соның салдары өсімдіктердің қажетті қоректі ала алмауы, ерте солуы, сарғаюы сынды жағдайға әкелетіндігін жазған едік. Бұл туралы ғалымдар айтқанымен егістік иелері мән бермейтін көрінеді. Егінді бей-берекет суарудан минералданған топырақ асты суының деңгейі көтеріліп, жер бетіне жақын орналасқан топырақ қабаттарына тұздың сіңуі артқан. Егер жерасты суларының деңгейі 1,5-2 метр тереңдікте болса топырақ тұздана бермек. Егін шаруашылығындағылар осыны ескерсе дейді мамандар.
Жердің жайын сол саланың маманынан артық білер ешкім жоқ. Ғалымдар қазір топырақтың тұздануы басты мәселе деп көтергенімен тиісті деңгейде мән берілмей жатқанын айтады. Су тапшылығы да мұнымен тікелей байланысты. Мәселенің шешу жолын ұсынғанымен қолдау болмағасын бекер-ақ. Ал тұрғындар тарапынан қоршаған ортаға жанашырлық пен еңбекқорлық қажет сияқты. Сонда тұзды топыраққа қарамастан қаланы көгалдандырып, жасыл желек саясында демалуға мүмкіндік тумақ. Көгалдандыруға тұз кедергі емес. Ниет пен әрекет біріксе тұзды топыраққа біраз нәрсе шығаруға болады екен.
Айдана СЕЙІЛ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!