Жетісу облысының прокуратурасы «Ардагерлер паркі» аумағына іргелес жатқан жер телімдерін мемлекет меншігіне қайтаруға қол жеткізді, деп хабарлайды Zakon.kz.
Бұл жөнінде 2026 жылғы 12 қаңтарда қадағалау органының баспасөз қызметі мәлім етті.
«Талдықорған қаласының прокуроры берген талап-арыз бойынша сот жеке тұлғаға «Ардагерлер паркі» аумағына іргелес 4,1 гектар жер телімін заңсыз беру фактісін танып, аталған жерді мемлекет меншігіне қайтару туралы шешім қабылдады», – делінген хабарламада.
Қадағалау барысында бұл жер телімінің орман-саябақ аймағына жататыны және 2006 жылы заңсыз түрде жекеменшікке берілгені анықталған.
«Кейіннен жердің иесі бұл аумақты 44 бөлек жер теліміне бөліп, оларды 13 жеке тұлғаға сатқан», – деп нақтылады Жетісу облысы прокуратурасының баспасөз қызметі.
Сот шешімі заңды күшіне енгені де атап өтілді.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
