Ақтауда Каспий теңізі жағалауындағы жер учаскесіне қатысты азаматтық іс қаралып жатыр. Кәсіпкер әкімдік пен бұрынғы жер иесінен мемлекетке қайтарылған учаске үшін 94 млн теңге өтемақы өндіріп алуды сұрады, деп хабарлайды BAQ.KZ
Талапкердің айтуынша, ол танымал кәсіпкерден және облыстық мәслихаттың бұрынғы депутаты болған тұлғадан теңіз маңындағы жерді сатып алған. Кәсіпкер бұл аумаққа туристік нысан салуды жоспарлап, жерді игеруге елеулі қаржы жұмсаған. Алайда кейін сот сатып алу-сату келісімшартын жарамсыз деп танып, учаске мемлекет меншігіне қайтарылды.
Сот материалдарына сәйкес, жер учаскесін бөлу кезінде әкімдік тарапынан жер заңнамасы өрескел бұзылған. Талапкердің заңгері Абай Қазтуғановтың айтуынша, әкімдік жерді тендер өткізбей, «қолданыстағы нысанды кеңейту» сылтауымен берген. Бұл ретте пайдалануға беру актісі де рәсімделмеген.
Біз әкімдік өкілдері мен бастапқы жер алушы арасында сөз байласу болуы мүмкін деген нұсқаны жоққа шығармаймыз, – дейді заңгер.
Кәсіпкер 2021 жылы Каспий жағалауында жер алу үшін әкімдікке өтініш бергенімен, бос аумақ жоқ деген жауап алған. Кейін ол жеке тұлғадан бірнеше жер телімін сатып алған. Анықталғандай, бұл учаскелер заңсыз рәсімделген және кейін мемлекет меншігіне қайтарылған.
Сотқа ұсынылған материалдарға сай, бұрынғы иесі учаскені өз нысанын «кеңейту үшін» алғанымен, іс жүзінде оны демалыс базасын салуға және кейін сату мақсатында 64 бөлікке бөлген.
94 миллион теңге көлеміндегі талап – кәсіпкердің жерді игеру және инфрақұрылым дайындау кезінде жұмсаған шығындарына байланысты қойылған.
Жауапкерлер қатарында Ақтау қаласының әкімдігі мен жердің бұрынғы иесі бар. Әкімдік өкілдері сот шешімі шыққанға дейін пікір білдіруден бас тартты.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!