Жұма, 29 наурыз, 13:12

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№24(2034)
23.03.2024
PDF мұрағаты

Оңтүстік Еуропада өрт өршіп тұр

07.08.2021

978 0

Түркиядағы алапат өрт әлемді тік тұрғызып, көпшілікті алаңдатқаны рас. Тілсіз жау орман-тоғайды отқа орағанымен қоймай, адам шығынын да әкелді. Бұл оқиғаға байланысты өзге елдер сақтық шараларын да күшейтті. Дегенмен отқа оранған ел қатарында Түркия ғана емес. Осыған байланысты Крис Лиакос, Лаура Смит-Спарк пен Исил Сарьиюс CNN арнасында «Континентте ауа-райының өзгеруіне байланысты Оңтүстік Еуропаны аптап ыстық жайлауда», – деген тақырыпта бағдарлама әзірледі.

Арнаның ресми сайтында жазылғандай, сәрсенбіде Грекияда ауа райы 47,1 градусты көрсетіп, Оңтүстік Еуропада аптап ыстық пен орман өрті басталған. Мұндай антирекорд Грекияда соңғы онжылдықта алғаш рет кездесіп, мемлекет өртпен күресуді және төтенше жағдайға дайындықты күшейткен.

Аптап ыстық туралы ескерту Босния мен Герцоговина, Болгария, Италия, Румыния, Сербия мен Түркияда да жарияланған. Ал Түркиядағы өршіген өрт бірнеше орманды алқапты жаулап, туристер елдеріне қайтқан.

Ал Афина тұрғындарына үйден шықпау керектігі және терезені ашпай, лас ауадан сақтану жайлы ескерту берілген. Бұған қаланың солтүстігіндегі өрт себеп болып отыр. Грекияның өрт сөндіру қызметі соңғы 24 сағатта 78 орман өрті туралы хабар түскенін мәлімдеген. Оның басым бөлігі ел астанасының солтүстік-шығысында орналасқан Эвия аралында орын алған.

Ал Түркия еліндегі жағдай аса қиын. Түркияның «Anadolu» мемлекеттік ақпарат агенттігінің хабарлауынша, Мугла мен Анталия аймағында орын алған өрт салдарынан шамамен 8 адам көз жұмған.  Төтенше жағдай өткен аптада Испания, Грекия мен Сардиниядағы орман өртінен кейін бір аптадан соң басталды.

Әлемдік мамандардың айтуынша, Бельгия, Нидерландия мен Германиядағы су тасқыны, Канада  мен АҚШ-тағы аптап ыстық пен орман өрті климаттың өзгеруінен орын алып отыр. Оңтүстік Еуропада құрғақшылық пен ыстық жағдайды ушықтыруда. Орман қорғау органдары бұл аймақ континенттегі климаттың өзгеруіне көбірек тап болғанын хабарлауда.

Арнаның синоптиктері бұл ыстық демалыс күндеріне дейін созылатынын мәлімдесе, Грекия мен Түркияда сәрсенбі күні ауа температурасы тағы 10 градусқа көтеріледі деп күтілуде.

Коперниктің атмосфералық мониторинг қызметі апта басында Жерорта теңізінің аумағы орман өртінің ошағына айналғанын және соның салдарынан ауа сапасы нашарлағанын айтты. «Түркия мен Италияның оңтүстігіндегі өрт салдарынан ауа сапасы күрт нашарлағаны белгілі болды. Сондай-ақ өрт Марокко, Албания, Грекия, Солтүстік Македония мен Ливан елдеріне тарауда», – деп мәлімдеді.

Грекияда мұндай аптап ыстық соңғы рет 1977 жылы болған. Ал Грекияның метеорология қызметі орман өртіің әлі де болса қауіпті екенін хабарлады. «Жанар-жағармай қалдықтарының жанғыштық деңгейі жоғары дәрежеге жетті. Сондықтан қандай да отты жаққанда аса сақ болу керек», – делінген хабарламада.

Жауапты органдардың айтуынша, Афинаға жақын жердегі орман өртінің алдын алу жұмыстары жоспарға сай жүріп жатқанымен, алдағы уақытта өрт өршуі мүмкін. Мемлекеттің премьер-министрі Кириакос Мицотакис орман өртінің алдын алу уақытылы жүргізілгенін айтып, дегенмен халықты кез келген уақытта төтенше жағдайға дайын болуға шақырды.

Сейсенбіде өрт сөндіру қызметі Варимпопи, Адамес пен Фракемакедонес аймақтарынан халықты эвакуациялаған. «Жұмыс қиындады, ал біз жұмыс істеп жатқан аймақ аса қауіпті. Соңғы күндері біздің мемлекет соңғы 40 жылда болмаған климаттық апатты бастан кешіруде», – деді азаматтық қорғаныс министрінің орынбасары Никос Хардалиас. Ол сондай-ақ арна тілшілеріне өрт салдарынан 76 тұрғын үй мен 27 кәсіпорын зардап шеккенін, 70-тен астам адам респираторлық аурумен емханаға жатқызылғанын мәлімдеген.

Еуропалық комиссия тәулік бойы өртті сөндіруге жұмылдырылған көмекті бірыңғайландыру үшін жұмыс істеуде. Алдағы уақытта Франциядан Италияның зардап шеккен аймағына екі өрт сөндіру ұшағы жіберілсе, Кипрдің екі ұшағы Грекияға көмекке жұмылдырылмақ. Нидерландия мен Чехия Албанияға тікұшақтар жіберсе, Словения 45 өрт сөндіру көлігін Солтүстік Македонияға аттандырмақ.

Бұл туралы Еуропалық комиссияның президенті өзінің «Twitter» парақшасында хабарлады. «Еуропалық ынтымақтастық бұл алпауыт өртті өшіру үшін жұмыс істейді. Біз біргеміз!», – деп жазды ол.

Жалпы бұл өрт салдарынан Солтүстік Македонияның Кочани қаласындағы тұрғындар эвакуациялануға мәжбүр. Ал Албанияда өрт  120-дан астам орманды алқапты жалмап үлгерген. Италияда оң мың гектардан астам орман өртеніп, жануарлар зардап шегіп, қоршаған ортаға миллиондаған евро зардап алып келген.

Түркияның ауылшаруашылық министрі Бекир Пакдемирли сейсенбіден бастап 6 провинцияда 11 өрт сөндіру жұмысы жүріп жатқанын хабарлады. Ал соңғы 6 күнде 152 өрт ошағы ауыздықталған. Мемлекеттік басқарудың баспасөз жиынында ол аймақта ауа-райы 43,5 градусқа көтерілгенін, ал ылғалдылық тек қана 10 пайызды құрағанын және желдің күші 60 шақырым сағатқа жеткенін хабарлады.

Ең қауіптісі, қазіргі кезде өрттің электр стансасына жақындап қалғаны. Министр мүмкін болса тез арада өрт сөндіруші ұшақтарды жылу электр стансасы аумағына қарай жұмылдыруды сұрады.

Түпнұсқадан аударып, шолу жасаған
Аслан ЖАЙҚОНЫСҰЛЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: