Жексенбі, 22 желтоқсан, 20:41

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Шабыт сыйлаған сабын

05.12.2020

1677 0

Қала тұрғыны Гүлназ Жармұхамедованың кәсібі өзгелерден ерек. Ол сабын жасаумен айналысады. Оның кәсіп бастауының өзі қызық.

Жалпы кез келген жиын, тойдан сыралғы деп әрі жұғысты болсын деген ізгі ниетпен тойбастар таратылатыны белгілі. Кейіпкеріміз де бөпесінің бесік тойына әзірлік барысында осыған ерекше көңіл бөліпті. Тойда бұрын-соңды кездеспеген ерекше сый жасағанды құп көреді. Осылайша көптен қызығып жүрген түрлі пішіндегі иіс сабын таратуды жөн санайды. Алайда мұндай сабынның нарықтағы бағасы қалтаға әжептәуір салмақ түсіреді екен. Осыны ескерген Гүлназ бұл істі өзі қолға алмаққа ниеттеніпті.

– Менің негізгі ма­мандығым – заңгер. Бұл кәсіпті хобби ретінде бастадым деуге болады. Бесік тойда қонақтарға әдемі сый бергім келді. Отбасымызбен ойласа келе түрлі пішіндегі иіс сабын берейік деп шештік. Есептесек оған біраз ақша кетеді екен. Сосын «осыны неге өзім жасап көрмеске?» деген ой келді. Сабын жасауды солай бастадым. Алғашқыда ғаламтордан іздеп, сол бойынша жасап көрдім. Бірақ онда құрамы толық айтылмайды екен. Сол себепті дұрыс шықпай қалды. Кейін осы істі меңгерген маманнан са­бақ алдым. Бастапқы да бояуын аз немесе көп қолданып, түстері сәйкес келмей қалатын. Қол жаттығып, үйрене бастағанда әдемі бола бастады, – дейді Гүлназ бізбен әңгімесінде.

Осылайша ол қонақ­тарға өз қолынан шыққан туындыны сыйға таратқан. Қай істі бастасаң да оның нәтижесі адамға шабыт береді. Сәтті шыққан дүниелер Гүлназдың бұл істі әрі қарай дамытуына себеп болған. Бала кү­тімімен демалыста отырған ана қолы боста соны ермек етеді. Кейін мұны табыс көзіне айналдыруды ойлап, нақты қадам жасайды.

– Қолдан келген істі кәсіпке айналдыру мақ­сатында «Атамекен» кә­сіп­керлер палатасы ар­қылы арнайы курстан өттім. Қазір кәсіп ашамын деген азаматтарға мем­лекет қолдау жасайды.  Мұндай мүмкіндікті құр жібергім келмеді. Солай мемлекеттің қолдауымен 555 мың 600 теңге көлемінде қаражат алдым. Бұл мен үшін үлкен көмек еді. Сүйікті ісімді кәсіпке айналдырдым. Уақыт өте сұраныс артуда. Мұны кейін мамандық бойынша жұмысқа қосылсам да қатар алып жүруге болатын кәсіп деуге болады, – деді ол. 

Гүлназ жасайтын са­бындар тек әсемдік үшін емес, емдік жағынан да пайдалы екен. Мәселен, емдік қоспасы бар са­бын әжімді кетіруге, бетті ағартуға, майлы, проблемалы бет терісін қалыпқа келтіру үшін жасалады. Сондай-ақ тап­сырыс берушінің қалауы­мен кез келген пішінде әзірлейді. Бір жылда са­бынға сұраныс көбейген. Тіпті Алматы, Ақтау қа­лаларынан тапсырыс бе­ретіндер бар. Ал бағасы 300-500 теңге аралығында.

Қоғам талабына сай табыс табудың кілтін тап­қан кейіпкеріміз бұл ісіне тек бизнес емес, шаршағанын басатын, ша­быт беретін шаруа деп қарайды. Сүйікті ісіңнен ләззат алу деген осы болар, бәлкім.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: