Сейсенбі, 19 наурыз, 10:57

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№23(2033)
19.03.2024
PDF мұрағаты

Темірден түйін түйген Қанат

05.12.2020

1324 0

Өркениетке бет бұрған бүгінгідей заманда темірден түйін түйіп, кәсібінен нәсіп тауып отырған азаматтар бар. Соның бірі – Қанат Жеткергенұлы.

Кейіпкеріміз жанына бір-екі жігітті жинап, темір қақапа жасауды қолға алған. Осыдан тура төрт жыл бұрын бастаған кәсібі бүгінде қанатын кеңге жайып, қаладағы бірегей цехтардың біріне айналған.

Ол бұл күнде дарбаза жасаумен қатар үй есігі, мешіт күмбезі және терезе торын жасайды. Халқымызда «Ата көр­ген оқ жонар, ана көр­ген тон пішер» деген даналық сөз бар. Өзінің айтуынша, нағашы атасы заманында дәнекерлеуші болған көрі­неді. Оның осы кәсіппен айналысуына, мүмкін, сол себеп шығар. Өйткені байырғы бабаларымыз «Тектіден текті туады» демеуші ме еді. Қанат кезінде қызығушылықпен бастаған кәсібі уақыт өте келе өмір өзегіне айналғанын айтады.

Атадан балаға мұра болған ұсталық өнерді бойтұмардай қастерлеп, ата жолын ардақтап жүрген жігіт алдағы уақытта цехын кеңейтіп, жұмысшыларды көптеп тартуды мақсат етеді.  Міне, мақаламызға өзек болған қолөнер иесінің еңбек жолы замандастарына үлгі-өнеге.

– Біздің жұмыс – аса ыждағаттылықты қажет ететін кәсіп. Қазір қыс мезгілі болғандықтан тапсырыс берушілер азайған. Жылына шамамен 40-50 темір қақпв  жасаймыз. Келген тапсырысты апта ішінде бітіреміз. Жай сөз емес, расымен жұмыстың сапасына терең мән береміз. Бағалары 200 мың мен 1,5 млн теңгенің арасында. «Кәсіптің көзін тапқан, нәсіптің өзін табады» деп тегін айтылмаса керек. Адам қандай іспен айналысса, соның жемісін жейді. «Еңбек ер атандырады» деп бекер айтылмаған. Қазір қоғамда екі қолға бір күрек таппай, ата-анасына масыл болып жүрген жастар жетерлік. Оларға кеңесім: мемлекет пен отбасына қарап отырмай қолдан келер іспен шұғылдан. Ел болашағына тамшыдай болса да өз үлесіңді қос. Міне, сенің Отанға, отбасына деген қолдауың сонда сезіледі, – дейді Қанат Жеткергенұлы бізбен әңгімесінде.

Иә, біз өткенін ұмытпаған, ұлттық болмысын ұлықтаған ұлы дала елінің ұрпағымыз. Қазір инновацияның дамыған дәуірі, жастар ғылыми жаңалықтар ашып қолданысқа енгізуде. Дегенмен атаның қанымен, ананың сүтімен келген ұлттық дүниелерімізді ұмыт қалдырмасақ игі.

Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ

Суретті түсірген Нұрболат НҰРЖАУБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: