Сенбі, 20 сәуiр, 01:19

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№31 (2041)
20.04.2024
PDF мұрағаты

Шындық көп, ақиқаты қайсы?

12.01.2022

446 0

Барыс жылы өзіндік сындарлы кезеңнің ызғарлы лебімен жетті. Тәуелсіздік алғаннан бергі жүрген жолымызға тереңінен үңіліп, зерделі санамызбен сараптауды талап етіп келді. «Қасіретті қаңтар» оқиғасының себебі бір күнде пайда болмағандығы анық. Бұл мүмкін мемлекеттік саясатымыздан, немесе ұрпақ ауысар кездегі ұстанымдар қақтығысынан, немесе басқа да себептері болды ма?.. «Қаңтар сабағы» біреулер үшін арандатушылыққа ұрынған бейбіт митинг, енді біреулер үшін террористер ылаңы, тіпті үшіншілері үшін саяси жүйені өзгертудің мүмкіндігі деп есептелуде. Әлі тарих өз бағасын берері ақиқат. Тарихтың ашқан ұлы жаңалығы – адамдардың тарихтан сабақ алмайтындығы. «Қаңтар оқиғасының» бізге берер сабағын қазірден жүрекпен сезініп, ел басқаруда басты назарда ұстамасақ, оның зардабы бұдан зор боларын жоққа шығара алмаймыз.

Қазір сол қарулы қақтығыс жайлы ақпарат алаңында, әлеуметтік желіден әр азамат өз ойымен, көзқарасымен бөлісуде. Әрине кезкелген іс-әрекеттің бастауы – ой. Ал ортаға салар ойымыз — өз іс-әрекетіміздің жемісі. Әр адамның көзқарасы – сол адамның дүниетанымы, адами-психологиялық қасиеттері және оның қоршаған ортаға деген қатынасын білдіретін ішкі ұстанымы.

Әр алуан көзқарастар әлемді, жан-жағымызды бағамдаудың бірден-бір тиімді әдісі. Кездейсоқ мәселеге бірден жауап беруде, немесе оған қалай қарайтынымызды білдіруде ең алдымен оған деген сол кездегі көзқарасымызды басшылыққа аламыз. Сондықтан болар кейбір отты мәселелерді араға уақыт салып сараптаудың тиімді жағы бар. Әрине бөтен әсерлердің ықпалына байланысты көзқарасымызбен мінез-құлқымыз үйлесе бермейді. Психологтардың айтуынша, сөзіміз бен ісімізге басқаның әсері аз болғанда, көзқарасымыз мінезімізге тән болғанда, көзқарастың негізі күшті болғанда олар өзара барынша сәйкес болады. Сондықтан мемлекетіміздің ұстанған саясатының артықшылығы мен кемшіліктерін қатар сараптағанымыз жөн болар. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап билікке елді басқаруды сеніп тапсырдық. Сол билікті ұйымдастырудың қалыптасқан нысаны – мемлекет. Сондықтан ол қоғамдық саяси жүйенің басты саяси-әлеуметтік бірлестігі болып саналады.

Мемлекетіміздің жүргізетін саясатын идеялық, функционалдық, ұйымдастырушылық, халықаралық тұрғыдан сараптауға болады.

Идеалистік тұрғыдан келгенде мемлекетке ортақ қолдауға ие этникалық қауымдастық ретінде оған құрметпен қарауға басымдық беріледі. Ал қоғамда тәртіп пен әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етуі функционалдық қыры болып саналады. Ұйымдастырушылық туралы пікірлер арқылы мемлекеттің дамығанын немесе тоқырауын анықтауға мүмкіндік беріледі. Бұл анықтама арқылы мемлекет пен азаматтық қоғамның ара жігін ажырата аламыз. Мемлекетке көп жауапкершілік арттыру азаматтық қоғам талаптарымен шиеленіске түсуде. Мысалы, қаңтар оқиғасы кезінде қоғамдық тәртіпті сақтаудағы мәжбүрлеу әдістеріне байланысты қарсы көзқарастар күн тәртібінен түспей тұр. Қоғам мүшелерінің, азаматтық институт өкілдерінің ашу-ыза, өкпе-ренішке толы айқайлары әр жерден үздіксіз естілуде.

Әрине мемлекет мәжбүрлеуге негізделген билік монополиясын иемдене алады. Бірақ тек күшке сүйеніп, өзін қоғам алдында толық мойындатуы арқылы өзін сақтап қалатыны тарихта онша көп кездесе бермейді. Мемлекет қарулы күштерге емес, халықтың қолдауына сүйенгені дұрыс. Адамдарды қорқытпау керек, сендіру қажет. Сонда билік пен халық арасында өзара сенім күшейеді. Кезінде Жан-Жак Руссо «ең күшті деп танылған жүйе сол қалпын сақтап қалу үшін күшті – құқыққа, ал бағынуды — міндетке айналдыра алу керек»-деген. Яғни, билік легитимді, заңдарға сай болса өз азаматтарын мемлекеттік тәртіпке бағынуды талап ете алады. Осы тұрғыдан келгенде біз толық құқыққа негізделген қоғам құруда кемшіліктер жіберілгенін мойындауға мәжбүр болудамыз.

Қазір демократия дегенді әрқайсысымыз өз деңгейімізде түсінудеміз. Соны әрқашан алға ұстаймыз. Бір нәрсе болса, демократияны талап етеміз. Әрине, биліктің заңды болуында демократия басты тетік болып саналады. Дегенмен, демократиялық қағидаларға да ренішөкпеге толы көңіл қалушылық, қарсылықтар күннен-күнге көбейіп келеді. Демократия дегенде ауызымыздың суы құрғап айтатын АҚШ-тағы сайлау қорытындысына келіспеушілік Капитолийге шабуылмен аяқталды. Біз үлгі ететін Батыс Европада екі күннің бірінде қабылданған шешімдерге байланысты қақтығыстар ушыға түсуде.

Біздің қоғамдағы демократияның «кенжелеп» қалуына бірнеше жағдай әсер етуде деп ойлаймын. Біріншіден, халық қалыптасқан саяси процестерден алшақтатылды. Яғни, билік тарапынан қабылданатын шешімдерге бұқараның әсері барынша әлсіреді. Екіншіден, жаңа саяси күштердің туындауына мүмкіндіктер азайды. Саяси процестерде ашықтық мәселесі күрделене түсті. Есесіне жекелеген популистік бағыт ұстанған сарапшылар мен ақпарат таратушылар саны артуда. Бұл — заңды құбылыс. Демократия мен популизм өзара біршама ортақ сипаттарға ие түсінік. Екеуі де көпшіліктің билігін дәріптейді. Сондықтан да демократиялық жүйе де көпшіліктің пікіріне құлақ асудан «шаршай» бастағанда популистік көңілкүй алдыңғы қатарға ұмтылады.

Дегенмен популизмнің халық билігімен үйлеспейтін қыры да жеткілікті. Мұнда жеке көзқарас басым болады. Олар «шырылдаған шындықты» халық аузымен емес, өз мүддесіне басымдық беретін жекелеген «көшбасшының» аузынан естірткісі келеді. Сондықтан да кейбір зерттеушілер популистерді «жалған демократтар» деп те атайды. Ондайлардың жеме-жемге келгенде «халық деген менмін» деуден тайынбайтынын да тарихтан білеміз. «Қаңтар қақтығысының» себептері мен салдары толық белгілі болғанша әлі талай жылдар керек болар. Тіпті ашылмай да кетер. Қалай дегенде де автократия мен демократияның бірбіріне қарама-қайшылығының нәтижесі деп түсінеміз.

Биліктің ұзақ мерзімде бір адамның, экономиканың белгілі бір топтың ықпалында болуы демократиялық қағидалардың өміршеңдігіне мүмкіндік бермейді. Сонда біздегі билік легитимді болмағаны ма деген де сұрақ туындайды. Демократия легитимділіктің жалғыз тірегі деп санайтындардың көзқарасы бойынша бұл сұрақтың туындауы заңдылық. Демократиялы емес режимдерде саяси қарсылықтардың әлсіздігі арқасында авторитарлық билік өмір сүре береді. Кеңестік кезеңге көз салсақ, антидемократиялық режимнің күштеп мәжбүр ету, репрессия негізінде үрей тудырып, үкіметтің айтқанына ғана құлақ түретін жүйесінің ұзақ жылдар өмір сүре алатынын да көреміз. Демократиясыз билікке қол жеткізген легитимді билік сайлау бұрмаланса да, қорытындысымен өз режимін «халық қолдауымен» бүркемелейді. Белгілі бір басшының билікте қалу құқығын идеологиялық тұрғыдан легитимдеу де өмірде жиі кездесуде. Бұл көбіне Азия, Африка, Араб елдерінде кездеседі. Сонымен қатар биліктің жабықтығын, тегін білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қолдау, қоғамдық тәртіпті күшейту т.б өмір сүру деңгейін көтерумен алмастыруға күш салатын да әдіс бар. Марксизмнің «сананы тұрмыс билейді» тұжырымын еске алайық. Алайда бұндай стратегиялар тығырыққа тірелгенде билік пен халық өзара шиеленіске, көбіне қарулы қақтығысқа ұшырайды. Түбінде ондай режимді халық құлатады.

Мысалы, «Араб көктемі» кезіндегі бірнеше елдердегі диктаторлар режимінің құлауын айта аламыз. Кейбір жағдайда басқа күшті мемлекеттердің араласуы арқасында авторитарлық режимнің одан әрі өмір сүруін жалғастыра беретінін де байқап жүрміз. Кейбір тәуелсіз елдердің экономикалық өркендеуі немесе кері кетуі бодандықта болған кездегі қалыптасқан мемлекеттік билік пен қоғам арасындағы қарым-қатынастың формаларына байланысты. Осы жазылғандардың ішінде біздің тәуелсіз мемлекетіміздің көрінісі қаншалықты екенін бағамдауымызға болады. Жас мемлекеттің аяғынан тұрып, өзінен дәулердің арасынан орнын алуға орасан күш керек екендігін жоққа шығаруға болмайды. Барар бағытымыз, жүрер жолымыз некүмән кезде жауапкершілікті өз мойнына алып, елін алға бастауда жеке көшбасшының беделі үлкен рөл атқарады. Қазірдің өзінде мықты, сауатты, беделді басшысы бар мемлекеттердің дамуы артып келеді. Бізде елдің аяғынан тұруына элитаға халық үшін, халық атынан басқаруды сендік. Кейбір жағдайларда ол да тиімді болды. Ендігі кезекте халықпен басқару кезеңі де пісіп-жетілген сияқты. Тәуелсіздік алған мемлекеттердің дамудың жолын таңдауында отарлық қоғамда қалыптасқан институттардың мұрасы рөл ойнайды. Қазақ даласында нарықтық қатынастар кең дамымаған, экономиканы жүргізудің өзіндік дәстүрі болды. Өздері сан ғасырлық крепостнойлық құқықтың зардабынан құтыла алмаған Ресей бізге өркениет енгізетіндей емес еді, оның үстіне Қазан төңкерісі келді, тоталитарлық, авторитарлық билікті енгізді. Енді келіп бірден нарық дамыған, демократиясы аңқыған ел бола қалуымыз қаншалықты қисынға сияды. Тәуелсіздігімізді бейбіт жолмен тұғырлы еткен жылдарымызды құрметтеуіміз қажет.

Онда әрбір саналы қазақстандықтың үлесі бар. Өткенімізді өшіру өшуімізге бастайды, өткенімізді ескеру өсуімізге бастайды. Қай заманда да орасан істердің кемшіліктері де үлкен болатыны белгілі. Бірақ сол кеткен «әттеген-айды» айтамын деп, қаралап ғайбат сөйлеу – өз тарихымызға қиянат деп түсінемін. Тарих — біздің жинаған қазынамыз, уақыттың куәсі, бүгінгі күннің үлгісі, келешегімізге ескерту. Өз басшысын табалап, жасаған істерінің бәрін аттанға ұран қосып жоққа шығару отар кезімізде сіңген құлдық сананың белгісі. Адамның тұтас тарихи процесстің әртүрлі деңгейінде саналы түрде қабылдаған шешімдерінің тиімділігін бағалау үшін сол жолмен өзің жүріп көр. «Өзгенің айыбын елге шашқан жақсы емес. Құдай мұндай істі жек көреді. Әркім өз мінімен болсын», -депті ғой, Нұх пайғамбар. Адамзаттың өмір жолында биліктің адамгершілігі, әділдігі жөнінде пікірталасы, ой алмасуы тоқтаған емес. Оның ішінде жоғары биліктің мерзімінде алмасып отыру қағидаты өте өзекті мәселе ретінде қаралады. Билік халық тарапынан бақыланбаса, ұзақ уақыт отырып қалса басқару вертикалына қарсылық барынша күшейе береді. Биліктің ұзақ жылдар жаңғырылмауы әсерінен азаматтардың өз қабілетін, амбициясын, алған білімін, жинаған тәжірибесін толық қолдануына жемқор жүйе мен тиімсіз әлеуметтік құрылымдар мүмкіндік жасамады.

Қазақстандағы бүгінгі шешімін табуы тиіс күрделі мәселе ретінде кедейшілікті барынша азайтуды айтамыз. Елдегі экономикалық қиындықтар – іші тар элитаның билікті монополиялауы және сол билікті қалай басқаруының тікелей салдары. Ат төбеліндей азғантай топтың қолын ешкім қақпағандығынан олардың басқалардың үлесін емін-еркін иелену арқылы байи алатындығына сенгендігінен, саяси-экономикалық дағдарыс жағдайымен бетпе-бет тұрмыз. Экономиканың тиімді болуы оған әсер ететін қағидалар мен азаматтарды ынталандыруға тәуелді. Елімізде әлеуметтік теңсіздіктің барынша күшеюі экономикалық саясаткерлердің біліксіздігі емес, ынталандыру әлсіздігі мен институционалдық шектеулер екеніне көзіміз жетуде. Жеке меншіктің міндетті түрде заңмен қорғалуы, әділ сот жүйесі, әрбір азаматтың кез-келген қызметке тең мүмкіндігі т.б болғанда, нарықтық қатынастар әлеуметтік мәселелерде барынша әділеттілік танытады. Тапқан табысын тартып алады немесе артық салық салады деген сияқты үрей бар жерде адамдардың экономикаға инвестиция салуға, еңбек өнімділігін арттыруға еш ынтасы болмайды. Сондықтан да экономикалық қызметке қатысуға және меншік құқығын қорғауға элита ғана емес, қоғамның барлық топтары араласқанда дамудың жемісін көреміз.

Бұндай экономикалық институттар инклюзивті деп аталады. Бұған қарамақайшы, яғни белгілі бір қоғам мүшелерінің артықшылықтарға ие болып екінші бір бөлігінің есебінен байытуды мақсат ететін институтқа экстрактивті деген анықтама беріледі. Өмір көрсеткендей, экстрактивті саяси және экономикалық жүйе, билік пен байлықты, бақылауды, мүмкіндіктерді бір жерге шоғырландырады және үнемі қақтығыстарға ұрындырады. Қалай дегенде де елдің даму деңгейі елде қандай тәртіп орнайтынына байланысты. Біздің қазіргі жағдайымызда халықтық-табиғи байлықтарды экспроприациялауға жақын, нарыққа жаңа ойыншылардың кірігуін шектейтін, бұқараның мүддесін элитаның мүддесінен кейін қоятын жүйені өзгертуіміз керек. Оған халықтың билікке барынша кең араласатын жағдайы қол жеткізеді. Экономикалық өсуге үнемі түрткі жасайтын үдеріс – ол биліктің ауыспалылығы. Әйтпесе, ұзақ шексіз билік экономиканың өсуіне кедергі келтіретін экстрактивті институттардың құрылуына әкеле береді.

Дегенмен саяси және экономикалық институттарды қоғам өзі таңдайды. Яғни, «халық қандай Үкіметке лайық, сондай Үкіметке ие болады». Бұдан алар сабағымыз: жоғары лауазымдағылардың елді мерзімді, жария, ашық басқаруын қамтамасыз ететін саяси реформаны жүзеге асыру. Әлемдік тәжірибе, оның ішінде ХХ-ХХІ ғасырлардағы саяси процесстер саяси режимді барынша демократияландыру кедейліктен шығарудың кілті деп дәлелдеуде. Бұқараның мемлекетке сенімсіздігі әлеуметтік жағдайдың салыстырмалы түрде төмендеуінен басталады. Сондықтан алдымен санамызды билейтін тұрмыс сапамызды арттыру жүзеге аспаса болмайды. Бірақ демократия демократиясымен, ал жейтін тамақ күнде керек. Яғни, халық үміті мен биліктің мүмкіндігі арасындағы алшақтықты оң бағытқа шешіп алмай биліктің саясатта ұпай жинауы қиындыққа тіреледі. Бәсекелестікке бастайтын еркіндігімізді мемлекеттің құзырына артып қоятын болсақ, өміріміз өзгере қоятынына күмәнім бар. Әлем өзгерсін десек, «Жаңа Қазақстанды» сезінеміз десек өзгерісті өзімізден бастайық.

Адал еңбекке сүйенейік. Бостандық өзіңізді қамтамасыз етуден басталады. Ал қоғам адал еңбек ететін жағдай қалыптастыруы керек. Ендігі жерде «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымын жүзеге асырамыз десек, айтылған ұсыныс, пікірлер, үндеулер өміршең болуы тиіс. Мемлекеттік заңдарда саяси-рухани мұраттарымызбен астасып, қызмет еткенде ғана оларға «жан бітіп», «өміршеңдік» қасиеттерге ие болып, қалың бұқараның мүддесін жандандырады. Бірақ та көрпеміздің көлеміне қарап қоюды ұмытпайық. Көп мәселенің уақтылы шешілуіне қауқарымыз жетпей жатыр. Осындайдан туған қайшылықтар жинала келе барыс жылын жанжалдасумен бастауға жеткізді. Ел үшін қандай шешім қабылданып жатқанын, кімдер, қашан қабылдағанын біліп отыру саяси жүйеге деген реформаны талап етеді. Саяси мәселелерді шешу арқылы экономикалық өркендеуге жол ашылатынына сенім артамыз. Рас, экономиканың даму деңгейі саяси мәселелерді шешудің негізгі фактор екендігін жоққа шығаруға болмайды. Сондықтан экономикалық саясат және саяси жүйенің екеуі де тең дәрежеде елдің өркендеуі мен адамдардың мінез-құлықтарына әсер етеді. Жанжалды уақытылы басқара білуіміз үшін айтар сөзімізге абай болайық. Сөз шаласынан ұпай жинайтындар да жеткілікті. «Адам аласынан гөрі сөз аласы жаман» дегендей айтар сөзімізге байсалдылықпен қарайық. Әрине, уақытында айтылған шындық билікке сенімді арттырады. Әлемдік тәжірибеде «әділеттілікке» жетуге деген ұмтылыстан гөрі «өзінөзі сақтау инстинктін» жоғары қою жағдайлары күшейіп келеді.

«Қаңтар оқиғасына» байланысты тергеуге тартылған азаматтардың көбі өздерін кінәсізбіз деп дәлелдеуде. Лайым солай болсын. Бұл жерде тек құқықтық тұрғыдан әділ шешілуі тиіс. Бірақ біреудің құқығы басталған жерден екінші біреудің құқығының шекарасы басталатынын да ұмытпайық. Ендеше, мемлекет тарапынан көретін пайдамызды ойласақ, азаматтардан еліміздің заңдарына бағынуын талап ету әділдік болмақ. Заңдардың құқықтық жағын ғана айтып, міндеттілігін ескергіміз келмеуі әділетсіздіктің нақ белгісі. Әділдік қағидасы бәрімізге тең, ортақ болғанда әділдік туралы айтуға болады. Ортақ мүдделердің жауапкершілігін көтеруге дайын болмасаңыз, мемлекеттің артықшылықтарын пайдалану әділетсіздік деп санаймын. Бұл жердегі артықшылықтарға мәжбүрлеу арқылы қамтамасыз етілетін өмір қауіпсіздігі мен тұрақтылықты жатқызамыз. Әшейін өтіп бара жатқанда оқ тиді дейді.

Оқ атылған жерде не істеп жүр деген сұрақ туындайды. «Бәлелі жерден бөлек жүр», «бүлінгеннен бүлдіргі алма» деген сөз атам заманнан бекер келе жатыр ма? Осындайда «сақтансаң сақтаймынды» ұмытпағанымыз жөн. «Өзін-өзі сақтау инстинкті» дегеніміз осы. Құқық қорғау органдары да өз істеріне кәсібилік тұрғысынан келуі міндетті. Кәсібиліктері жетпеген жерді заңсыз әрекеттермен толықтыруға болмайды. Ондай әрекеттердің орын алатынын да естіп, байқап жүрміз. Мен студенттерге арналған құқық қорғау органдарының тарихы жайлы оқуәдістемелік құралға материал жинап жүрмін. Адам таңқаларлық эпизодтар кездеседі. Мүмкін «қаңтарлықтардың» істерін де толық ашуға мүмкіндік туар. Өйткені айтылып жүрген шындық көп, ақиқаты қайсы? Қалай дегенде де «қаңтар дүрбелеңі» санамызды бір серпілтті. Жоғарыдан басқару дұрыс болмаса бүлік төменнен басталатынын білдік. Сондықтан мемлекет халықтың күшін мемлекеттік істерге бағыттауы тиіс.

Мемлекет басқарудан жетекшілікке қол жеткізсе ғана өрлейміз. Уақыт талабына сәйкес еліміздің жаңаруына бастайтын Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамаларына халықтық қолдаудан көп үміт күтеміз. Не істесек те сараптап, сабырмен жасайық. Зымыраған ақпарат заманының бір кесапаты – асығыстық. Ал «асыққан іс» аса маңызды істің берекесін кетіреді, көңілге қонымды жағымды істің нәтижесін кейінге қалдырады. Ахмет Байтұрсынов айтқандай «Асықпайық, артымызда қазы бар».

НАУРЫЗБАЙ БАЙҚАДАМОВ,

Қызылорда облыстық мәслихат хатшысы,

тарих ғылымдарының кандидаты

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: