Сенбі, 26 шiлде, 10:45

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№55, 2168
26.07.2025
PDF мұрағаты

Тоқаевтың Түркияға ресми сапары: Стратегиялық серіктестіктің жаңа кезеңі

25.07.2025

108 0

29 шілде күні Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоғанның шақыруымен Түркияға ресми сапармен барады. Бұл сапар түрік-қазақ қарым-қатынасындағы жаңа прагматикалық және саяси кезеңнің бастауы болуы мүмкін, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қазақстан мен Түркия президенттерінің Түркияда өткен соңғы ресми кездесуі 2022 жылы болған. Саясаттанушы Жанат Момынқұловтың пікірінше, бұл жолғы сапар екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға ғана емес, сондай-ақ Түркі мемлекеттері ұйымы (ТМҰ) аясындағы ықпалдастықты тереңдетуге де ықпал етуі ықтимал.

Екі ел арасындағы тарихи, мәдени және стратегиялық байланыстар негізінде бұл сапар аймақтық тепе-теңдікке әсер ететін жаңа серіктестік бағыттарын күн тәртібіне шығара алады. Соңғы Солтүстік Кипр дағдарысынан кейін түрік сарапшылары Орталық Азиядағы бауырлас елдерге реніш білдіргені байқалды. Сондықтан қазақ дипломатиясы Түркі елдерінің бірлігін сақтап қалуға аса байыппен күш салуы тиіс. Түркияның саяси, әскери және халықаралық рөлі зор, – деді саясаттанушы.

Стратегиялық серіктестік тереңдей түседі

Түркия Қазақстан үшін маңызды экономикалық әрі мәдени серіктес. 2009 жылы бекітілген стратегиялық серіктестік қарым-қатынасы кейінгі жылдары қорғаныс өнеркәсібі, энергетика және логистика салаларында қарқынды дамып келеді.

Саясаттанушының айтуынша, әскери қауіпсіздік тұрғысынан да Түркиямен байланыстардың маңызы арта түскен.

Түркия Қазақстанның геосаяси тепе-теңдігін қамтамасыз етуде негізгі аймақтық серіктестерінің бірі. Бұл сапар барысында жоғары деңгейдегі стратегиялық ынтымақтастық бағыттары талқыланып, бірқатар жаңа келісімдер мен құжаттар қабылдануы мүмкін, – дейді Жанат Момынқұлов.

Күтілетін нәтижелер

Саяси сарапшының пікірінше, Тоқаев пен Ердоған арасындағы келіссөздерде келесі бағыттар басты назарда болады:

  • Сауда және инвестиция: 2023 жылы екі ел арасындағы сауда айналымы 5 млрд АҚШ долларына жетті. Енді бұл көрсеткішті 10 млрд долларға жеткізу жоспарланып отыр. Экономикалық байланыстарды нығайту мақсатында нақты қадамдар жасалуы мүмкін.
  • Энергетика және Орта дәліз: Қазақстанның мұнай-газ ресурстары мен Түркияның транзиттік мүмкіндіктері аясында Қытай-Қазақстан-Әзербайжан-Түркия бағыты бойынша Орта дәлізді кеңейту мәселесі күн тәртібінде болады. Сондай-ақ Зангезур дәлізіне қатысты да пікір алмасу болуы ықтимал.
  • Қорғаныс өнеркәсібі: Қазақстан түрік қару-жарағына, әсіресе ұшқышсыз ұшу аппараттары мен брондалған техникаға қызығушылық танытып отыр. Бұл салада нақты келіссөздер жүргізіледі деп күтілуде.
  • ТМҰ және мәдени дипломатия: Екі ел де Түркі мемлекеттері ұйымы аясындағы білім беру, БАҚ және мәдени жобаларға белсенді түрде атсалысып келеді. Осы бағыттағы ынтымақтастық та сапар барысында нақтылануы мүмкін.

Аймақтық қауіпсіздік және геосаяси мән

Саясаттанушы Жанат Момынқұлов бұл сапардың маңызын аймақтық геосаяси ахуалмен де байланыстырады.

Қытайдың Орталық Азиядағы ықпалының артуы, Ресей мен Украина арасындағы соғыс және Ауғанстандағы тұрақсыздық аясында Қазақстан мен Түркияның өзара үйлесімді ұстанымдары өңірлік қауіпсіздікті нығайтуға қызмет етуі мүмкін. Әсіресе соңғы кезде Ресей мен Әзербайжан арасындағы шиеленіске байланысты жоғары деңгейдегі дипломатиялық диалог маңызды болмақ, – деді ол.

Еске салайық, бұған дейін Тоқаев ресми сапармен Түркияға баратынын хабарлаған болатынбыз.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: