Сәрсенбі, 25 желтоқсан, 21:30

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

2021: Білім беру ісі қалай қорытындыланды?

28.12.2021

1136 0

Биылғы жыл тәуелсіздігіміздің 30 жылдығымен айшықталды. Осы аралықта білім саласы да толайым табысқа кенелгені айқын байқалады. Соның бір дәлелі – саладағы нәтиже. Мәселен, аймақтан қаншама түлек ЖОО-ға оқуға түсіп, кейбірі шетел асып білім алуға мүмкіндік алды. Жыл басында сала ауқымды өзгерістен басталған еді. Саланы қаржыландыру облыстық деңгейге өтіп, барлық білім беру ұйымдары тікелей басқарманың басқару жүйесіне көшті. Оған қоса былтыр 58 қала мектебіне жан басына қаржыландыру тетігі енгізілді. Сондай-ақ биыл білім беру саласына бөлінетін қаржы көлемі артты. Мәселен, 2020 жылы салаға 160,2 млрд теңге бөлінсе, биыл 173,6 млрд теңге болып отыр. Бұл туралы атқарылған жұмыстарды қорытындылаған жиында облыстық білім басқармасының басшысы Ақзира Қасымова мәлімдеді. Үздіктердің басын қосқан шарада аймақтың бас ұстазы сөз алып, жыл бойы атқарылған ауқымды жұмыс пен жеткен жетістіктерді атап өтті.

Расында, биыл жағымды жаңалық көп болды. Мысалы, Мемлекет басшысының қолдауымен «Педагог мәртебесі» туралы заң қабылданып, педагогтардың пәрмені артып, әлеуметтік ахуалы да жақсара түскен. Бүгінде мұғалімдердің жалақысы 50 процентке өссе, алдағы екі жылда еңбекақы 100 процентке дейін көбейеді деп күтілуде.

Ұстаздар еліміз бойынша өткен байқауларда топ жарған. Соңғы сегіз жылда республикалық «Үздік педагог» конкурсының қорытындысы бойынша 20 педагогқа «Үздік педагог» атағы берілді. Ал «Қызылорда облысының білім беру саласын дамытудағы еңбегі үшін» медаліне 23 мұғалім ие болды.

– Биылғы жыл аймақтың білім саласы үшін табысты жыл болды. Жыл бойы ауқымды жұмыстар атқарылды. Ел тәуелсіздігінің 30 жылында облыста 173 мектеп ғимараты пайдалануға берілген. Қазіргі таңда 5 мемлекеттік мектеп құрылысы жүріп жатыр. Биылдың өзінде 6 жеке мектеп балаларға есігін айқара ашты. Олар – Жаңақорған ауданы және облыс орталығында. Мектептердің материалдық-техникалық базасы да нығайып, 65 процентке жаңа модификациялық кабинеттермен жабдықталды. XXI ғасыр – ақпараттық технологиялар кезеңі. Сондықтан мектептерде цифрландыруға бағытталған жұмыстар жүйелі жүргізілуде. Қосымша білім берумен қазіргі таңда оқушылардың 82 проценті қамтылып отыр. Бұл бағытта Қызылорда қаласы мен Жалағаш, Қармақшы аудандарында жаңа орталықтар өз жұмысын бастамақ. Аймақта 124 мектепте робототехника кабинеттері бар. Мектептердің компьютерлік паркі 100 процент жаңартылған және интернет желісіне қосулы. Өскелең ұрпақтың ІТ мүмкіндіктерді игеріп, сандық жүйе артықшылығын сезінуіне қолайлы жағдай жасалып отыр. Мұның өзі білім саласының үлкен жетістігі, – деді басқарма басшысы.

Жылдың қорытынды шарасына аймақтың білім беру саласындағы жетістіктерден бөлек, жемісті еңбек етіп, саналы ғұмырын ұстаздық қызметке арнаған білім саласының ардагер ұстаздарына құрмет көрсетілді.

Салтанатты шарада облыстық білім басқармасының басшысы Ақзира Қасымова мен Білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподақ төрайымы Гүлнар Есқалиева ұстаздар мен кәсіподақ ардагерлерін жаңа жыл мерекесімен құттықтап, білім саласының дамуына қосқан айрықша үлесі үшін төсбелгімен марапаттады. Оның ішінде ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Ы.Алтынсарин» төсбелгісімен – Ғани Серікбаев, Райхан Айтимова марапатталса, Жанна Құрмантайқызына ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісі табысталды. Сонымен қоса ҚР Кәсіподақтар Федерациясының «Кәсіподақ ардагері» төсбелгісі, «Білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағына сіңірген айрықша еңбегі үшін» белгісі, «Қызылорда облысының білім беру саласын дамытудағы еңбегі үшін жергілікті ерекшелік белгісі» және Құрмет грамоталары табыс етілді.

Сондай-ақ аймақ абыройын асқақтатып жүрген республикалық байқау жүлдегерлеріне арналған «Жыл үздігі» және жыл қорытындысы бойынша тынымсыз еңбек еткен қызметкерлер мен білім жанашырларына «Жыл

жаңалығы», «Қуатты қалам», «Жаңалық жаршысы», «Ақпарат үздігі», «Білім шыңы», «Зерделі зейін», «Білім жанашыры» атты арнайы номинациялары табысталды. Ал жыл көлемінде табысты жұмыс жасап, жетістіктерге жеткен үздік білім ошақтарына «Үздік әлеуметтік әріптес», «Үздік идеялар жаршысы», «Үздік ұйымшыл ұйым» номинацияларымен директорлар марапатталды.

– Биыл 1200-ден астам бала педагог мамандықтарын таңдады. Оның ішінде 171 түлек «Алтын белгі» иегері. Сыр өрендерінің білім бәйгелерінде де бәсі жоғары. Халықаралық, республикалық олимпиадада, әлемдік деңгейдегі білім-ғылым додасында көптеген айтулы жетістіктерді бағындыруда. Соңғы 10 жылда қызылордалық 500-ге жуық оқушы халықаралық, республикалық олимпиада мен ғылыми жобалардың жүлдегері атанса, биыл да асығы алшысынан түскен жүлдегер оқушыларымыз жетерлік. «Елбасы медалі» жобасы аясында 247 оқушы қола медаль иеленсе, жобаны жалғастырушы оқушылар 54 күміс, 49 алтын медальды иеленуге талпынуда.

Ал «Білім-Инновация» лицейінің оқушысы география пәні бойынша халықаралық олимпиаданың қола жүлдегері атанса, 14-ші президенттік олимпиаданың республикалық кезеңінде облыстық дарынды балаларға арналған мектеп-интернаттың 2 оқушысы күміс медаль иеленіп, білім беру грантын жеңіп алды. Қабілетті, дарынды балаларды қолдап, білімін шыңдау, олимпиадаға әзірлеу мақсатында «Сыр дарыны білімділер академиясы» жүйелі жұмыс жүргізуде. Қазір 100 оқушы математика, физика, химия, биология, информатика пәндері бойынша озат ұстаздардан 2 тілде білім алып, білім бәйгелеріне бапталуда.

Қорыта айтқанда, аймағымыздың білім саласы жылды табысты қорытындылап отыр. Тың жоба, серпінді бағдарлама, ілкімді істердің барлығы – зияткер ұрпақ тәрбиелеудегі нақты қадам. Саннан сапаға, сөзден іске, жоспардан әрекетке көшіп, өздеріңізбен біршама жетістікке қол жеткіздік. Жаңа жыл жарқын жетістіктерге, толайым табыстарға толы болсын!, – деді Ақзира Бақтыбайқызы.

Салтанатты шарада облыстық білім басқармасы және білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы облыстық комитетімен бірлесіп жасалған нәтижелі жұмыстар жайында аз-кем әңгіме қозғалды.

– Әлеуметтік әріптестікті дамыту барысында жыл сайын білім беру ұйымында ұжымын толық жүктемемен қамтыған әріптестер «Үздік әлеуметтік әріптес», «Жаңа идеялар жаршысы», «Ынтымағы жарасқан ұжым» арнайы номинациясымен марапатталып, ұйымдарға сыйлықтар табысталуда.

Педагогтарды қолдау бағытында жыл ішінде 41 кәсіби байқау және білім қызметкерлерінің дәстүрлі спартакиадасы ұйымдастырылды. Ал мұғалімдер денсаулығын нығайту бойынша жүйелі жұмыстың бірі – биыл еліміздің Біркөлік, Қарғалы, Жұмбақтас сынды 15 шипажайына 1752 жолдама берілуі. Сонымен қатар «Алтын белгі» иегерлерін дайындаған бастауыш сынып мұғалімдеріне және ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай, ардагерлерге, тәуелсіздік құрдастары мен мектеп кітапханашыларына, есепшілеріне, кіші қызметкерлерге «Біркөлік», «Таң нұры» шипажайларына 651 жолдама табысталды, – деді кәсіподақ төрайымы Гүлнар Есқалиева.

Бұл жылы білім саласында бұдан өзге де жетістіктер жетерлік. Мәселен, биыл мектепке дейінгі мекеме қатары 670-ке жетті. Онда қазір 54 мыңнан астам бүлдіршін тәрбиеленуде. Сонымен қатар «IT балабақша» пилоттық жобасы аясында қалада «Алтын ұя» бөбекжай бақшасы IT бағытта өз жұмысын жаңартты. Мектепке дейінгі мекеме цифрлық ресурстары бар 18 білімбук панелімен, жоғары жылдамдықтағы интернетпен қамтылды. Ал келер жылы IT бөбекжайлар санын 5-еуге жеткізу жоспарлануда. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында өңірде жекеменшік балабақшалар үлесі артты. Атап айтар жетістік, Елбасы Н.Назарбаевтың «Балапан» бағдарламасы аясында біздің аймақ республика бойынша ең алғаш болып 3 пен 6 жас аралығындағы балаларды 100 процент балабақшалармен қамтыды. Бүгінде мектепке дейінгі бұл білім беру ұйымдары жаңа технологиялармен толық жабдықталған.

Айта кетейік, ҚР БҒМ бастамасымен қолға алынған «Оқуға құштар мектеп – оқуға құштар ұлт», «Дебат», «Өзін-өзі басқару», «Балалар театры» жобалары бойынша да облыста ілкімді істер баршылық. Биыл облыстық білім басқармасының бастамасымен мектеп басшылары арасында «Серіктес директорлар» лигасы құрылған. Аталған лига мектептері бүгінде әр бағыт бойынша нәтижелі жұмыс істеп, пилоттық жобаларды іске асыруда. Мәселен, С.Толыбеков атындағы №3 IT мектеп-лицей «Бағдарламалау мектебі», Ә.Мүслімұлы атындағы 101 мектеп-лицей «Жасыл мектеп», С.Лапин атындағы 261 мектеп «Өзін-өзі басқару», Б.Момынбаев атындағы 278 IT мектеп-лицей «Кәсіпкерлік мектебі», Абай атындағы мамандандырылған дарынды балаларға арналған мектеп «үштілділікті», «балалар кітапханасы» пилоттық жобаларын іске асырушы жетекші мектептер қатарында.

P.S. Осылайша білім саласының қорытынды кешінде жыл бойы жасалған ауқымды тірлік тізбегі сөз болды. Жеткен жетістік, атқарылған істің көлемі аймақтағы жаңашыл бастамалардың нәтиже бергенін белдірсе керек. Келешекте саладағы қарқын бәсеңдемей, бастама толастамаса, республикадағы алдыңғы қатардан көрінеріміз анық.

Ақтілек БІТІМБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: