Бейсенбі, 26 желтоқсан, 01:40

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Баптаған шәкірттерін бала жастан

13.04.2021

1402 0

«Бір арман жетеледі бала жастан,

Тәтті еді-ау сол әлдиім әуел бастан.

Ең алғаш ұстаз алдын көрген күні,

Мұғалім болам дедім ойланбастан».

Бұл – қаладағы үздік ұстаз, №10 Білім-инновация лицейінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Нағиша Есбосынның ең алғаш мектеп табал­дырығын аттаған кезде ойға алған мақсаты мен бала арманынан туын­даған жыр шумағы. Арман алдамайды дейді. Ұстаз болып, сол жолда адал қызмет етуді кейіпкеріміз о бастан-ақ көңілге нықтап тоқыса керек. Бүгінде 50 жыл бұрынғы арманы 35 жылдық тәжірибеге ұласып аймақтың мақтан тұтар мұғаліміне айналған.

Ауыл қызы 8 сынып бітірісімен арман қуып, қалаға келеді. Мақсаты мұғалім мамандығы бойынша оқуға түсу болатын. Қазіргі М.Мәметова атындағы Қызылорда гуманитарлық колледжіне құжат тапсырып, бас­тауыш сынып мұғалімін даярлау бөліміне оқуға қабылданады. Оқу бітіргесін еңбек жолын Қазалы ауданындағы №249 мектепте тә­лімгер, бастауыш сынып мұғалімі қызметінен бастаған. Кейіпкеріміздің мамандығына деген адалдығы оның ізденісін арттырып, өзін жаңа қырынан көрсетуге жол ашты. Осылайша білімі мен білігінің арқасында білім саласының түрлі сатысынан өтті. Кейін Алматы қала­сындағы әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің қазақ тілі мен әде­биеті факультетін бітіріп, жоғары білімді маман атанды. Одан кейін Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті жанындағы «Қабілет» гимназиясында сабақ береді. 2012 жылдан бастап №10 білім-инновация лицейінде еңбек етуде.

– Мен үшін мұғалім – мамандық­тың төресі. Ақын М.Жұмабаевтың «Алты Алаштың баласы бас қосса, төр – мұғалімдікі» деген нақылы тек­ке айтылмаған. Мен балалардың ортасында бақыттымын. Тіпті өзімді басқа сала маманы ретінде елестете алмаймын. Мектепке келгенше асы­ғып, шәкірттеріме жаңа, тың дүние­лерді үйреткенді жақсы көремін. Білім саласында абыройлы еңбек етуімнің бірден-бір себебі осы шығар деп ойлаймын, – дейді Нағиша Есбосын бізбен әңгімесінде.

Білікті маманға сұраныс қашанда жоғары. Кейіпкерімізге де талай мәрте лауазымды қызмет ұсынылыпты. Алайда әу бастан қарапайым мұғалім болуды ұстаным еткен оған мұнан артық қызметтің қажеті болмады. Өйткені «шәкіртсіз ұстаз – жетім» деп түсінеді.

– Мұғалім мамандығына адал болу керек. Алдында отырған әр оқушыны жақсы көруі тиіс. Оның жақсы көргенін бала сезеді. Ұстаз бен оқушы арасындағы жақсы қарым-қатынас солай қалыптасады. Кейбір мұғалімдер баланы қаталдықпен, баға­мен бағындырамыз деп ойлайды. Бірақ мейірімділік басты орында болуы қажет деп ойлаймын. Мен әр сабақтың өз «тағдыры» бар деп айтамын. Себебі сабақ барысы әр сыныптағы оқушының көңіл-күйіне байланысты жүргізіледі. Оқушының қабілеті, жаңа сабақты қабылдау деңгейі ескерілуі керек. Бүгінгі жас мамандар да осындай болса деймін. Жаһандану заманында көштен қалмай, жаңашылдыққа бейім болса екен. Қазіргі оқушылар заманына сай бәрін игерген. Мұғалім де шет қалмай, олардан көш ілгері болғаны дұрыс. Көп ізденіс жасаған мұғалім ұстаз деңгейіне жете алады, – дейді  кейіпкеріміз.

Иә, мұндай қасиет әрбір мұғалімнің бойынан табылуы керек-ақ. Ұстаздық етуден жалықпаған Нағиша Есбосын­ның еңбегі еш кеткен емес. Ол өзін бақытты ұстазбын деп есептейді. Ал ел алдындағы еңбегің еленсе тіпті керемет емес пе?! Кейіпкеріміз талай марапат биігінен көрінген жан. Десе де оған «Облыстық білім беру ісіне қосқан үлесі үшін» медалін кеудесіне тағып, үздік ұстаз атануы қоғамның, оқушылардың алдындағы жауапкершілігін екі есе сезіндіре түсті.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: