Жұма, 29 наурыз, 15:58

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№24(2034)
23.03.2024
PDF мұрағаты

Сапалы білім – саналы ұрпақ

25.05.2021

2915 0

Өңірде білім беру саласында топ жарып, саналы әрі білімді ұрпақ тәрбиелеуде өзіндік тарихы қалыптасқан білім ошағы жетерлік. Ол мектептен жыл сайын үздік түлектер түлеп ұшып, үлкен өмірге аттанып жатады. Бұл орайда шәкірттің ілім мен білімді сапалы меңгеруі үшін тынбай еңбектеніп жүрген ұстаздар қауымының еңбегі таудай. Міне, осындай шәкірт пен ұстаздардың тоғысқан жері – №10 дарынды қыз балаларға арналған облыстық «Білім-инновация» лицей-интернаты.

ОРТА БІЛІМ БЕРЕТІН ҮЗДІК ҰЙЫМ

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары Елбасы Н.Назарбаев пен Түркия Президенті Тұрғыт Өзалдың келісімімен елімізде халықаралық деңгейдегі қазақ-түрік ли­цейлері ашыла бастады. Бұл мектеп те сол білім ордаларының қатарында. Білім ордасы Қызылорда қаласының әкімшілігі мен Түркия елінің «Шелале» фирмасының арасындағы келісім-хаттамаға сәйкес өз жұмысын 1994 жылдың 12 шіл­десінде бастаған. Алғашында мектепке 50 оқушы қабылданып, «Шұғыла» мөлтек ауданындағы №43 балабақша ғимараты берілген екен. 1995 жылы лицей-интернат қала орталығындағы «Раушан» балабақшасының ғимаратына көшіріледі. Ал 2004 жылы «Дарын» РҒПО-ның желісіне еніп, атауы «Дарынды балаларға арналған қазақ-түрік лицей интернаты» болып өз­герді.

2012 жылы лицей-интернатқа жаңа оқу ғимараты беріліп, білім ордасы заманауи технологиямен толықты. Ал 2017 жылдан бастап №10 дарынды қыз балаларға арналған облыстық «Білім-инновация» лицей-ин­тернаты болып өзгерді. Қазіргі кезде мұнда оқушыларға ҚР Білім және ғылым министрлігінің бекіткен оқу бағдарламалары бойынша төрт тілде білім беріледі. Көп тіл­де білім берумен ерекшеленетін мектепте математика, химия, биология, физика мен информатика пәндері ағылшын тілінде оқытылады.

Лицей-интернат аймақтың білім саласын дамытуға қосқан үлесі, оқу-тәрбиедегі жетіс­тіктері үшін «Орта білім беретін үздік ұйым» атауын алған өңірдегі ең бірінші білім ошағы.

ДАРЫНДЫ ШӘКІРТ – ҰСТАЗ ЖЕТІСТІГІ

Лицей оқушыларының білім саласындағы жетістіктерінің артында мұғалімдердің ты­нымсыз тірлігі мен өлшеусіз еңбегі жатқаны анық. Бүгінгі таңда Абайбек Сәрсенбеков басқаратын мектепте 42 мұғалім қызмет атқарады. Барлығында да бір-ақ мақсат – білімді әрі тәрбиелі шәкірт тәрбиелеу.

Мектептің іргесі қаланғаннан бері мұнда 12 басшы қызмет атқарыпты. Олардың қатарында Туран Генери, Ариф Узутку, Осман Бозташ, Әлімжан Игенбаев, Нұркен Жаңбырбайұлы, Асылхан Пернебекұлы, Дархан Ермаханұлы, Мәлік Төлебайұлы, Бақытжан Шайманұлы, Әсет Серікұлы мен Гүлнұр Ережепқызы бар. Бүгінгі таңда басшы қызметін атқарып отырған Абайбек Жанарбекұлы да «ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері».

– Лицейде 21 жылдан бері қызмет атқарып келемін. Осы кезге дейін 11 басшымен бірге қызмет атқардым. Олардың барлығы тың идеялары арқылы лицейге жаңашыл бастамалар алып келді. Лицейдің дамуына зор үлес қосқан Х.Әлиакбарова, Г.Кәрімбаева, Б.Қырғызбаева секілді ардагер ұстаздарымыз да бар, – дейді директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Ләззат Есенқызы.

Ләззат Микееваның өзі де «ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері», «Үздік оқу ісі жөніндегі орынбасар», «Үздік педагог» бай­қауларының облыстық жеңімпазы. Жұмыс барысындағы жинаған тәжірибесімен бөлісу мақсатында бірнеше семинар өткізген білікті маман.

«Қызылорда облысының білім беру саласын дамытудағы еңбегі үшін» төсбелгісінің иегері Н.Есбосын – «Педагогикалық идеялар фестивалінің» республикалық кезеңінде,  «Үздік педагог» байқауының облыстық  жеңімпазы атанған. «Қыздармен сырласу сабағы» атты кітабы облыс көлемінде таратылып, Ш.Шаяхметов атындағы тілдерді дамыту орталығының қолдауымен тағы екі кітабы жарық көрген.

«ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісінің иегері, география пәнінің мұғалімі Г.Өтегенова  – «Үздік сандық білім беру ресурсы», «Үздік педагог» байқауының об­лыстық кезеңінің жеңімпазы, «Өлкетану» оқу­лығының  авторларының бірі.

Мектеп ұстаздарының қанжығасында «Үздік бейінді орынбасар», «Үздік сандық білім беру ресурсы», «Үздік педагог», «Үздік орыс тілі пәнінің мұғалімі», «Үздік сынып жетекші» секілді марапаттар бар.

Қазіргі таңда лицей-интернаттағы педа­гогтардың 70 проценті отызға дейінгі жас мамандар. Олар 4 тілде білім алып, арнайы курстан өткен. Он мұғалім магистр дәрежесін иеленген. Сонымен қатар Кембридж бен Оксфорд университетін тәмамдаған оқыту­шылар да бар.

ҮЗДІК ТҮЛЕКТЕРДІҢ МЕКТЕБІ

№10 лицей-интернаттан бүгінде сан салада өзін жоғары деңгейде көрсетіп жүрген түлектер түлеп ұшқан. Бұл мектепті тәмамдаған шәкірттер жыл сайын 100 процент жоғары оқу орнына түсіп, мамандық иегері атанады.

Мектептің ең алғашқы түлектері 1998 жылы бітірсе, қазірге дейін дәл осы мектепте білім алған түлек саны – 873. Оның ішінде 116 оқушы «Алтын белгі» иегері атанса, 205 оқушы «Үздік аттестатпен» тәмамдаған. Биылғы оқу жылында да 12 оқушы «Алтын белгіге» және 13 оқушы «Үздік аттестатқа» үміткер болып отыр.

Қазіргі таңда №10 қыз балалар лицей-интернатын тәмамдаған шәкірттердің 15-20 пайызы педагогика саласында қызмет етуде. Одан бөлек дәрігер, қаржы саласының маманы, мұнайшы атанғандары да бар. Мәселен, лицей түлегі, «Болашақ» бағдарламасы арқылы Лондон университетін бітірген А.Болатбаев бүгінде Назарбаев университетінде оқытушы. Ал Ш.Сақтағанова Нью-Йорк университетін бітіріп, қазір «Медтроник В.В» компаниясында техникалық кеңесші қызметін атқарса, өзге де шәкірттер «Теңіз Шевройл», «Қазатомпром», «Facebook» секілді алпауыт компанияларда жұмыс істейді.

Мектеп қабырғасында жүріп ағылшын тілін меңгергендіктен түлектер шетелдік жоғары оқу орындарында білім алу мүмкіндігіне ие. Осы кезге дейін мектептің 50 түлегі шетелде, 43 түлек Назарбаев университетінде білім алған.

ҒЫЛЫМДА ОЗЫҚ ШӘКІРТТЕР

Қиын да қызықты саналатын ғылым саласында бұл мектеп оқушылары белсенді. №10 лицей-интернаттың оқушылары 2008 жылдан бастап әлемдік деңгейдегі түрлі ғылыми жобаға қатысып келеді. Олар АҚШ, Бразилия, Түркия, Греция, Ресей мемлекеттерінде өткен білім додаларында 16 алтын, 13 күміс пен 30 қола медаль иеленген.

2019 жылы «INFOMATRIX» халықаралық компьютерлік жобалар байқауында 10 сы­нып оқушылары Тоғжан Сансызбаева мен  Сара Шигамбаева «Алтын медаль», өткен жылы  Ө.Жолдасбеков атындағы математика және механикадан зерттеу жұмыстарының халықаралық конкурсынан 11 сынып оқу­шылары Жанерке Боранбай, Ғайникамал Сансызбай «Күміс медаль»,  «Жас ғалым-2020» халықаралық ғылыми жобасында 11 сынып оқушысы Сара Шигамбаева «Қола медаль»  иегері атанды.

Биылғы оқу жылында да лицейдің 18 оқу­шысы облыстық олимпиадалардың жүлдегері атанды. Пәндік олимпиаданың республикалық кезеңіне 7 оқушы қатысып, 4-уі жүлделі орынды қанжығасына байлады. Осы мек­тептің шәкірті Еңлік Күнтөреева облыс қор­жынындағы «Алтын медальдің» иегері.

Одан бөлек дарынды балалар мен жастарды анықтау және қолдау мақсатында өткен «Ел үміті» жобасына қатысқан шәкірттер «Елбасы медалінің» қола иегері атанды.

САНАЛЫ ҚЫЗДАР ОРДАСЫ

«Бір ер бала тәрбиелеу – бір ер аза­­мат тәрбиелеу, ал бір қыз баланы тәрбие­леу – бір отбасын тәрбиелеумен тең» деген халық даналығын ұстанған лицей ұстаз­дары қыз балаларға сапалы білім мен саналы тәрбие беруде алдына жан салмайды. Осы мақсатта оларға білім беруден бөлек, түрлі жақсы қасиетке баулу мақсатында мектеп қабырғасында бірнеше үйірме жұмыс істейді.

Оның ішінде болашақта отбасы ұйыт­­қы­сы болатын жас арулардың бойында ибалық пен ізеттілік қасиеттен бөлек іскерлік пен ше­берлікті қалыптастыру мақсатында «Қол­өнер», «Тігін» үйірмелері ұйымдастырылған. Сон­дай-ақ өнерге қабілеті бар қыздар би, домбыра мен сурет үйірмелерінде уақытын қызықты өткізе алады. Мектепте түрлі тәтті тағам пісіруді үйрететін «Аспазшылар» үйірмесі де бар. Ал олардың өмірінде салауатты өмір салтын қалыптастыру үшін түрлі спорттық үйірмелер жұмыс жасайды.

Шет тілдерін меңгерген, жаһандық тех­нологияны игерген озық ойлы шәкірт тәр­биелеу мақсатында лицейде «Жас тілші», «Полиглот», «Жас тарихшы», «Робототехника» секілді арнайы үйірмелер ашылған.

Өнер мен білімді қатар игеріп жүрген қыздар тәжірибе жинақтау әрі уақытын қызықты өткізу үшін үйірме жұ­мыстарында түрлі шығармашылық басқосулар ұйымдас­тырады. Мысалы, «Жас тілшілер» жыл сайын облыстық телеарнаға барып, жұмыс барысымен танысады және өздерін қызық­тырған сұрақтарына жауабын алады. Бүгінгі таңда осы лицей-интернаттың бір түлегі «Qyzylorda» телеарнасында журналист қыз­метін атқарып та жүр.

Сонымен қатар мектепте жыл сайын үйірме жұмыстарының көрмесі, есеп беру мақ­сатында есептік концерт ата-аналар назарына ұсынылып отырады.

АТА-АНА МЕН ҰСТАЗ АРАСЫНДАҒЫ АЛТЫН КӨПІР

Мектеп «Ата-ана – оқушы – мұғалім» үштік одағының ынтымақтастығын берік ұстанған. Өз кезегінде бұл дарынды шәкірт тәрбиелеуге ерекше үлесін қосуда.

Лицейде  «Сырласу» отауы, «Әкелер кеңесі», «Асыл әжем» клубы, «Аналар ака­демиясы» жұмыс істейді. 2019 жылы рес­публикалық оқу-әдістемелік кеңесте «Әкелер кеңесінің», «Сырласу» отауы мен  «Асыл әжем» клубының жұмысы көрсетіліп, игі бастамаларын өзге білім ордаларымен бө­ліскен. Биыл мектепте «Аналар академиясы» да құрылды.

«Сырласу» отауына қыз баланың тәр­биесіне тікелей ықпал ететін әже, ана мен апа секілді отбасы мүшелері қабылданып, олар өз тәжірибелерімен бөліседі. 2016 жылы ашылған «Әкелер кеңесінің» басты мақсаты – бала тәрбиесінде педагогикалық ұжымға қолдау көрсету. Одан бөлек кеңес мүшелері отбасылық спартакиадаларда бақ сынайды, лицей ауласын көгалдандыруға өз үлесін қосады. Тіпті 8 наурызда әкелер қыздарына арнап концерттік кештер ұйымдастырады.

– Қыз балаларға арналған білім орда­сында «Әкелер кеңесінің» жұмыс істеуі көпшілікті таң қалдырады. Себебі әке ер баланың тәрбиесіне ғана жауапты деп ойлайтындар да бар.  Ол қате түсінік. Қыз бала – болашақ жар, болашақ ана, болашақ ұрпақ тәрбиешісі. Олар жастайынан әкелерінің қамқорлығын, мейірімін көріп өссе, олар­дың санасында «әке отбасы – тірегі, қамқоршысы» деген ұғым қалыптасады. Болашақта өз жарларына да сондай құр­метпен қарайтын болады. Ал ер адамға құрметпен қарай білген отбасында береке мен бірлік, жарасымдылық болады. «Әкелер кеңесінің» мақсаты да осы, – дейді мектеп директоры Абайбек Жанарбекұлы.

Аслан НҰРАЗҒАЛИ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: