Ел ішін індет жайлап, жан сауғалаған тұста көпшілік қадірін ұққан мамандықтың бірі мұғалім болды. Ешкімнің жөнсіз үйінен шығуға рұқсат жоқ, оқушылар қашықтан білім алуға көшкен. Білім алды деген аты болмаса, бұл уақытта жауапкершілік жүгі ата-анаға артылған. Ал олар ұстаз болудың қиындығын, әр үйдің еркесіне әріп үйретпек түгілі, өз баласын оқытуға шамасы жетпейтінін жақсы түсінді. Иә, ұстазға деген құрметтің артқан тұсы да осы еді.
Алаш арысы Мағжан Жұмабаев «Алты алаштың баласы бас қосса төр – мұғалімдікі» деп, ұстаз мәртебесін бір ауыз сөзбен осылай топшылаған.
Ұстаздық – ұлы іс деп бекер айтпаған ғой. Тек бертін келе сол мұғалімнің қадірі кетіп, оған деген сыйластық азая бастаған. Тіпті алдына келген оқушысынан сөз естіп, қит етсе ұстазды кінәлі ету қоғамда қалыпты үрдіске айналған еді. Бірақ олардың маңдай тер, адал еңбегін ұғындырар сәт алыс
емес екен.
Жұбаныш болған жаңа заң
Жалпы 21 бап пен 4 бағытты қамтитын «Педагог мәртебесі» туралы заң жобасын жүзеге асыру 2018 жылдан бері талқылауда жүрген мәселе еді. Оны 2019 жылы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов қолға алып, Парламент Мәжілісінің отырысындағы таныстырылымнан кейін, жан-жақты талқылаудан соң мақұлданды. Осылайша жаңа заң еліміздегі 500 мыңнан астам мұғалімнің мүддесін қорғайтын күшке ие болды. Әуелде заңның 4 бағытты қамтитынын айттық. Онда мұғалімнің құқығын кеңейту және қызметіне сәйкес келмейтін жұмыстан босату, жүктемесін азайту, олардың қызметіне қойылатын талапты күшейту, материалдық емес ынталандыру мен материалдық ынталандыру мәселесі көрсетілген.
Ұстаздар қауымы зарыға күткен заң жобасын жүзеге асыру үшін республика бюджетінен 2020-2022 жылға 2 трлн 282 млрд теңге қаржы бөлінді. Бұл қаражат аясында барлық педагог лауазымындағылардың, оның ішінде орта, арнайы, кәсіптік білім беру мекемесі қызметкерлерінің айлық жалақысы, сынып жетекшілігі, дәптер және жазбаша жұмыстарды тексергені және мектеп басшысының, орынбасары мен мұғалімнің біліктілік санаты үшін төленетін қосымша ақысы қарастырылған. Сондай-ақ осы заң негізінде мұғалім жүктемесі азайып, қағазбастылықтан арылды, өз қызметіне сәйкес емес міндеттемеден босатылды. Оларға әдепсіздік танытқан, дөрекілік көрсеткен, былапыт сөз сөйлеген жеке тұлғаларға да айыппұл салынатыны нақты көрсетілді. Енді бұрынғыдай кез келген шарада жылт етіп көрінетін ұстаздар тек білім беру ісімен ғана айналысатын болды. Олардың құқығын оқушы да, ата-ана да таптай алмайды. Кезінде оқушының мектептен тыс уақыттағы тәртібі үшін де мұғалім жазықты болатын. Қазір ол кемшілік жойылып, оқушының тәртіпсіздігіне, ұстазына көрсеткен өрескел қылығына ата-анасы жауап береді, әрі әкімшілік жауапқа да тартылады. Мектеп басшыларының да заң бұзып, «бармақ басты, көз қысты» әрекетіне тосқауыл қою бұл заң жобасынан тыс қалмапты. Жоғарыда айтылған мәселенің барлығы мұғалімнің мүддесін қорғау мақсатында қолға алынды. Бұл – «Педагог мәртебесі» туралы заңның бір тармағы ғана. Одан бөлек ұстаздардың әлеуметтік, медициналық жағдайы да ескерілген тұстар бар.
Мұғалім мәртебесі қаншама жылдан бері көтеріліп келеді. Мұны журналистер талай мәрте жазып та, айтып та жүрді. Көп қаузаған мәселе осы кезге дейін елеусіз, ескерусіз келген еді. Жаңа заңның қабылдануымен сол кезде айтылған барлық маңызды жайттар жан-жақты зерделеніп, ұстаздың беделіне нұқсан келтіретін дүниеге барынша тыйым салынды.
Жалақы көтерілді
Жыл басында Президент тапсырмасына сәйкес мұғалімдердің жалақысы 25 процентке көбейгені белгілі. Күні-түні балаға білім берумен бар күшін сарп ететін педагогтар үшін бұл да бір үлкен қуаныш. Еңбектің еленгені кім-кімге де жақсы емес пе?! Оған қоса заңның 3-4 бағытында материалдық және материалдық емес ынталандыру жайы айтылған. Жеткен жетістігің мен сіңірген еңбегің үшін берілетін мемлекеттік наградалар, атақ, дәрежелер, соған сай берілетін сыйақысы тағы бар.
Тіпті білім беру ісіне жаңадан қосылған мамандарға дейін барынша жағдай жасалған. Жоғарғы оқу орнын бітіріп, білім беру саласына бет бұрған жас маман үшін тәлімгер болу, біліктілігін арттыру, арнайы курс оқыту сынды мүмкіндік бар. Жалпы педагогты көтермелеудің барлық тетіктері қарастырылған. Енді мұғалімге бір ғана міндет – өз мәртебесіне лайықты қызмет ету.
– «Педагог мәртебесі» туралы заңның қабылданғанына ерекше қуанғанымды жасырмаймын. Оған қоса жыл басында жалақымызды 25 процентке өсірді. Сынып жетекшілігі мен оқушының жазба жұмысын тексергенге қосымша ақы төленеді. Осы салада еңбек етіп жүрген ұстаздар үшін бұл ерекше қолдау. Мұғалім қай кезде де оқушының білім алуы үшін қызмет етеді. Әрбір шәкіртін өз баласындай көріп, оқытып, тоқытып, биікке шығарады. Бұл – өзгермейтін қағида, түсінген адамға орасан зор еңбек. Мұғалімге мәртебе беру, жалақының өсуі сол еңбектің бағасы деп білемін, – дейді №11 мектеп-лицей мұғалімі Гүлбану Жабетова.
Мұғалім алдындағы міндет қандай?
«Маған жақсы мұғалім бәрінен қымбат, өйткені, мұғалім – мектептің жүрегі» деген екен Ыбырай Алтынсарин. Расымен, мектеп абыройы ұстаздың білігі, оқушының білімімен сараланады. Ал мынадай мүмкіндік, қолдаудан кейін оларға артылар жауапкершілік те екі еселенеді.
Қалалық білім бөлімінің берген мәліметі бойынша, қалада 6942 педагог қызметкер болса, соның 346-сы біліктілігі жоғары, 548-і І санатты, 557-сі ІІ санатты мамандар. Сондай-ақ 12 педагог шебер, 1367 педагог зерттеуші, 1329 педагог-сарапшы, 1183 педагог-модератор бар. Бастауыш сынып мұғалімі 1286. Ал олардан 66597 оқушы тәлім алады. Бүгінде қаладағы 55 мектеп бойынша 24656 оқушы қашықтан, 41941 өрен дәстүрлі форматта білім алуда. Оларға берілген білімнің сапасы қандай? Оқу жылының соңында жоғары көрсеткішке қол жеткізе аламыз ба? Осы орайда ұстаздар қауымынан бұл сұрақтарға жауап іздеп көрген едік.
Оқимын деген балаға кедергі жоқ
– Былтыр төнген індеттің қаупі әлі сейілген жоқ. Сондықтан сақтық шарасын ұстанған жөн. Өткен жылы соңғы тоқсанды карантин талабына сай қашықтан оқуға тура келді. Оқу барысы сандық жүйеге көшті. Бастапқы кездері бұған тосырқағанымыз рас. Дегенмен аз уақыт ішінде ұстаз да, оқушы да, ата-ана да жағдайға үйрендік. Сабақ барысын онлайн форматта өткіздік. Сол тұста көбі «бала бұлай оқығаннан дұрыс білім алмайды» деген еді. Бірақ кейбір оқушылар осы тұста өздерін жаңа қырынан көрсете бастады. Онлайн сабақ барысында да, үй тапсырмасын орындауда да белсенділік танытты. Негізі білім аламын деген оқушыға ештеңе кедергі болмауы тиіс. Оқимын деген бала қашықтан да, дәстүрлі оқудан да еш қиналмайды. Қашықтан оқыту ұстаз бен оқушының бетпе-бет жүздесуіне тосқауыл болғанымен, байланысын үзген жоқ. Бүгінгі таңда мұғалімге үлкен жауапкершілік жүктелген. Соның үдесінен шығу – басты міндет, – дейді №257 мектептің география пәні мұғалімі Гүлшат Ізтаева.
Жоспарлы жұмыс – сапалы білім
Ал қаладағы №212 мектеп-гимназиясының директоры Бауыржан Ахмедияров қашықтан оқуда білім сапасында айтарлықтай өзгешелік болмайды деп біледі. Себебі ұстаз қай уақытта да мектептің, өзінің абыройы үшін жұмыс істейді.
– Шәкіртінің оза шапқаны кім-кімге болса да жақсы емес пе? Сондықтан қашықтан оқу барысы білім сапасына айтарлықтай әсер ете қоймас. Мүмкін кейбір олқы тұсы, кері әсері болған шығар. Алайда жақсы ұстаз бен білімді шәкірт өз біліктерін бәрібір дәлелдейді. №212 мектеп-гимназиясында карантин талаптарын сақтай отырып, 425 өрен қашықтан, ал 9-11 сыныптың 137, 1-5 сыныптан, 692 оқушысы дәстүрлі форматта білім алды. Бітіруші екі сыныптан 32 оқушы ҰБТ-ға қатысады. Былтыр ҰБТ көрсеткіші бойынша төменгі қатардан көріндік. Биыл осы кемшілікті болдырмас үшін нақты әрі жоспарлы дайындық жүргізілуде. Осы орайда 9-11 сынып оқушыларын дәстүрлі форматта оқытуға, қосымша сабаққа қатысуына мүмкіндік бергені жақсы болды. Қазіргі таңда сабақ үлгерімі төмендеген оқушылармен қосымша сабақ жүргізудеміз. ҰБТ-ның наурыз айындағы сынамасымен 99,8 процент көрсеткішке ие болдық. Биыл «Алтын белгіге» 8, «Үздік аттестатқа» 4 өрен үміткер. Оны қорғаудың да өзіндік талабы бар. Жақында білім бөлімі тарапынан сынақ алынды. Нәтижесі ойдағыдай. Ал келер тоқсанда барлық оқушы дәстүрлі форматта білім алады. Жағдай тұрақталса бұрынғыдай мектепке келіп, мұғалімнен тікелей білім алғанға не жетсін, – деді мектеп басшысы бізбен әңгімесінде.
Жалған диплом жыры
2020 жылды білім саласына өзгеріс әкеліп, жаңа жүйе орнатқан жыл деуге болар. Бастысы саладағы оң өзгерістер көңіл қуантады. Қаншама жыл күрделенген мәселенің күрмеуі шешіліп, тіпті кезіндегі жемқорлықтың, заң бұзушылық әрекеттің әшкере болған жайы бар. Қазір ашық қоғамға бетбұрыс жасаудамыз. Ендігі барлық іс-әрекеттің жақсысы да, жаманы да ел алдында ашық сыналады. Бұлай ету өзіміз үшін де, ертеңгі ұрпақ үшін де қажет.
Осы ашық әрекеттің арқасында өте өрескел істің беті ашылды емес пе? Қазір таң қалатын заман емес. Десе де таң қалмасқа қайран жоқ. Облыстық білім басқармасы былтыр жоғары оқу орындарына сұрау салып, педагог мамандарға мониторинг жүргізіпті. Содан не болды дейсіз ғой?! Нәтижесінде 29 педагог маманның жалған диплом алғаны анықталыпты. Істі құзырлы органдардың құзырына қарауға берген. Бұған қандай шара қолданылатыны тиісті орындардың еншісінде. Дегенмен ең таза, адал істі былыққа айналдырған жаны ашымастардың кесірі бүтін бір салаға нұқсан келтіргені анық. Мұны естіген ата-ананың «Баламды кім оқытты?» деп ойланары сөзсіз. Елдің ертеңі болар азаматты осындайлар тәрбиелер болса, өкінішті-ақ дейміз. Алайда өзгерістерден игі істерге үміт мол.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!