Сенбі, 04 мамыр, 17:40

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№35 — 2045
04.05.2024
PDF мұрағаты

Шаттыққа кенелген шаңырақ

09.08.2022

1544 0

2014 жылы бастау алған «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының негізгі мақсаты – еліміздегі өсіп-өнген әулеттерді кеңінен насихаттап, жастарға үлгі ету. Осы байқаудың қалалық кезеңінде Таңырақбаевтар отбасы ІІ орынға ие болды. Отбасы тірегі атанған Жүзбай Таңырақбаев зайыбы Сәнтай Есенбекқызымен жарты ғасырға жуық бір отаудың отына жылынып, тіршілік етіп келеді.

Бес баланың ата-анасы атанған бұл кісілер бүгінде 15 немере, 6 шөберенің қызы­ғын көріп отыр отырған өнегелі өмір иелері.

Отағасы Жүзбай Ибрагимұлы 1950 жылы Шиелі ауданында дүниеге кел­ген. Орта мектептен соң Қызылорда поли­техникумында, Алматы ауыл шаруашы­лығы институтында білім алған. Одан кейінгі жылдары түрлі деңгейде қызметтер атқарды. Ол жұмыстың қай сатысында жүрсе де білім парасатымен танылды. Қазіргі таңда «Кәсіпкер келбеті», «Кәсіпкер және мәдениет» газет-журналының құрыл­тайшысы.

«Балалық шағым, балдәуренім», «Сыр саңлақтары», «Елімнің күн сәулесіндей – Астана!», «Жеңіске жеткен жауынгерлер», «Сұлушаш», «Жайсаң жандар», «Тағдыр­лар тоғысы» секілді бірнеше кітаптың авторы. «Ел ардақтысы» медалімен,   «Бейбітшілік Әлемі» Халықаралық Қазақ творчестволық бірлестігінің «Алтын қыран» медалімен, басқа да мерекелік медальдармен марапат­талған. Қазақстан Журналистер одағының мүшесі. Бұл мадақтамалар Жүзбай Таңырақбаев­тың жетістіктерінің бір бөл­шегі ғана.

Отанасы Сәнтай Есенбекқызы 1951 жылы Шиелі ауданындағы қазіргі Мұстафа Шоқай ауылында дүниеге келген. Орта мектепті ойдағыдай аяқтап тігін цехына оқуға қабылданады. Кейіннен еңбек жолын осы мамандығына сай жалғастырып, киім тігіп-пішудің нағыз маманы болады. Бүгінде бейнетінің зейнетін көріп отырған ардақты ана.

– Отбасы үлкен сезім мен сенімнің символы іспетті. Әрбір бала өмірге өз несі­бесімен келеді. Біз балаларға жастайынан өнеге айтып өсірдік. Қыздарымызды үй шаруасына бейімдедік. Қолынан іс келетін, елдің қажетіне жарайтын тұлға етіп тәр­биелеу тікелей ата-анаға байланысты. Бала­ларымыз бір-бірлеріне бауырмал болып өсті. Шамаларына қарай білім алды. Ендігі жерде қызық қуаныштарын көрсек деп жүрміз. Ата-ана үшін бұдан артық бақыт жоқ деп есептеймін, – дейді Жүзбай Таңырақбаев бізбен әңгімесінде.

Балаларының тұңғышы Жұлдызай Нұр-Сұлтан қаласында тұрады. «Ана көрген тон пішер» демекші ол ана жолын жалғастырып, ісмерлікті қолға алды. Бүгінде өз еңбегімен үлкен цех ашып, адамдарды жұмыспен қамтып отыр. Осы қалада цех директоры болып қызмет атқарады. Екінші қыздары Бақыткүл «Кәсіпкер келбеті» журналында журналист болып жұмыс істейді. Әке қасиетін бойына сіңірген Бақыткүл шы­ғармашылық жолға ден қойған. Ортаншы қызы Зәуре бухгалтер. Нұрбану есімді төртінші қыз да Нұр-Сұлтан қаласында тұрады. Ол – тазалық пен тәртіп, сақтық пен жауапкершілік қатар қалыптасқан әскери сала қызметкері. Кенжелері Бауыржан әке жолын жалғастырып, шығармашылықпен айналысқысы келеді. Отбасының барлық ісін өзі қолға алып, әкеге қолғанат, анаға қамқоршы болып жүр. Келіншегі Жәмила «Талсуат» емдеу сауықтыру мекемесінде еңбек етуде.

Көпшілікке өнегелі болған жарасымды жұп отбасы мерейінің қыр-сыры сыйлас­тықта екенін айтады.

– Ағайынға қадірлі, елге елеулі адам атану отбасыдан алған тәрбиеңмен өл­шенеді. Толыққанды отбасы қоғамның бас­ты байлығы. Отбасында әке айбары, ана мейірімі болу керек. Бала тәрбиесі өте нәзік тақырып. Онымен сырлас болуың керек. «Бала жазылмаған ақ парақ секілді, не жазсаң соны оқисың» деген ұлы ғалым әл-Фарабидің сөзі бар. Қазір жастар арасында ажырасу белең алып алып барады. Соған жүрегім ауырады. Анамын ғой, айналайын. Естеріңде болсын баланы көп жағдайда тоқшылық бұзады. «Тамағы тоқтық, жұмысы жоқтық, аздырар адам баласын» деген Абай айтқан сөз бар. Жаңадан отау құрған жастар жауапкершілікті сезінсе деймін. Отбасы болғасын келіспеушілік кездесіп тұрады. Оны ақылға салып сабырмен шешу керек. Біз осыны бағдар еттік. Отбасымыздың бірлігін үлгі етіп жатқан жас отбасы болса, кешегі байқаудағы біздің жетістігім сол болады, – дейді Сәнтай Есенбекқызы.

Тұрар ШАЙДУЛЛАҰЛЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: