Бейсенбі, 26 желтоқсан, 17:13

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Білімді ұрпақ – ел болашағы

20.07.2021

1575 0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев отандық білім мен ғылым жүйесінің бәсекеге қабілетін дамыту бойынша нақты міндеттерді белгілеп, ауқымды іс-шаралардың қалтқысыз орындалуын жіті назарында ұстап келеді.  ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің бастамасымен қабылданған Білім беру­ді және ғылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағ­дар­ла­масы кезең-кезеңімен нәтижелі жүзеге асырылуда. Сондай-ақ 2020 жыл­дың тамыз айында министр Асхат Аймағамбетов жоғары білім беру жүйесін одан әрі жаңғыртуға және оның бәсекеге қабілеттілігін арттыруға негіз болатын «Жоғары білім беруді дамытудың дағда­рыс­қа қарсы үш қадамды жоспарын» жариялады.

Бағдарламалық құжаттың негізгі ба­сымдығы – жоғары оқу орындарының академиялық дербестігін кеңейту. Яғни білім беру бағдарламаларының мазмұны 80 проценті жұмыс берушілердің талабы мен білім алушылардың мүдделерін ескере отырып, кәсіптік стандарттар негізінде қалыптастырылады.

Келесі басымдығы – басқару жүйесіне өзгерістер енгізу. Жұмысқа қабылдау, білім беру бағдарламалары (БББ) мен даярлау бағыттары бойынша студенттер контингентін қалыптастыру, академиялық құрылымды анықтау мәселелерін дербес шешуге  бағытталған.

Тағы бір маңызды басымдық – жаңа қаржыландыру механизмін қолдану. Бюд­жеттік және бюджеттен тыс қаражатты тиімді пайдалануды жүзеге асыруға, сон­дай-ақ материалдық-техникалық базаны нығайтуға мүмкіндік береді.

Соңғы жылдары жоғары білім жүйе­сіндегі көптеген жаңалық орын алды. Мәселен, оқу орындарының өзіндік үлгідегі диплом беруі, білім алушыларға берілетін ай сайынғы мемлекеттік стипендияның мөлшері ұлғаюы секілді қадамдар Сыр өңіріндегі іргелі білім, ғылым, мәдениет орталығы – Қорқыт Ата атындағы Қызыл­орда университетінің жүйесін де қамтиды.

Университет мемлекеттің білім және ғылым саласындағы даму бағыттарын ба­рынша қамтыған өз стратегиялық жос­парын түзіп, соған сәйкес ауқымды жұ­­мыстар атқаруда. Қазақстандағы байыр­ғы оқу орындарының санатындағы универ­ситет биыл, яғни 84-ші оқу жылын үлкен жетістіктермен қорытындылауда. Аккредиттеу және рейтинг Тәуелсіз агент­тігі (АРТА) 2021 жылы өткізген ЖОО-ның Ұлттық рейтингісі қорытындысында ҚР ЖОО Бас рейтингісінің ТОП-20 универ­ситетке еніп, 7 орыннан көріндік. Бұның алдында 2 жыл қатарынан универ­ситет 9-орынды иеленіп келген еді. АРТА рейтингінде 12 білім беру бағдарламамыз бірінші үштікке еніп отыр. Білім беру са­пасын қамтамасыздандыру тәуелсіз агент­тігінің (НАОКО) рейтингінде былтырғы 13-ші орыннан биыл  8 орынға көтерілдік.

Қазіргі таңда оқытушы-профессорлар құрамында 19 ғылым докторы, 168 ғылым кандидаты, 30 РhD доктор, 179 ғылым магистрі, 34 «ЖОО-ның үздік оқытушысы» мемлекеттік грантының иегері қызмет атқарады. Биылғы оқу жылында ғалымдар арасынан 6 PhD, 3 қауымдастырылған профессор, 2 ғылым кандидаты, 1 «ЖОО үздік оқытушысы» атағының иегері шықты.  Рейтинг бойынша жоғары көрсеткішке ие болған профессор-оқытушылардың еңбек­ақыларына қосымша ақшалай үстемақы тағайындалады. Сондай-ақ биылғы оқу жылында оқытушылардың айлық жалақы­сын 25-40 процент аралығында ұлғайттық. Министрдің тапсырмасына сәйкес 2021-2022 жаңа оқу жылында барлық оқытушы­лардың айлық жалақысын тағы да өсіруге дайындық жұмыстары жүргізілуде.

2020-2021 оқу жылында білім алушы­лардың жалпы контингенті 6222 адамды құрады, оның ішінде  мемлекеттік тапсырыс негізінде 1692, жергілікті бюджеттен қар­жы­­лан­дырылатын білім гранты негізінде – 77, ақылы негізде 4453 білім алушы оқиды. Бакалавриаттың 260 білім алушысына жеңілдіктер тағайындадық. Атап айтқанда, көп балалы отбасылардан шыққан 122 студентке оқу ақысына 25 процент, ана­сының алтын немесе күміс медалі бар көп балалы отбасылардан шыққан 35 студентке 50 процент, 6 «Алтын белгі» иегеріне 100 процент жеңілдік берілді. Әлеуметтік жағдайы төмен отбасынан шыққан 386 білім алушы Қызылорда облысы әкімінің білім гранты есебінен оқуда. Ендігі мақсатымыз облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасымен бірлесе отырып, 2021-2022 оқу жылына грант санын көбейту. Қысқы сессиясының нәтижесімен университет бойынша 1654 білім алушыға мемлекеттік стипендия тағайындалды. Көзі нашар көретін және құлағы нашар еститін мүгедектігі бар білім алушылар – 75 про­цент, жетім балалар мен ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған және азаматтардың қамқорлығындағы балалар қатарындағы студенттердің сти­пендиясы салыстырмалы түрде 30 процентке көп.

Университеттің білім беру қызметі­нің басты міндеті – оқытудың жаңа технологияларын енгізу, білім беруді ақ­параттандыру, ғаламдық коммуникация­лық желіге шығу. Бұл тұрғыда профессор-оқытушылар құрамы оқу үдерісін жүзеге асыруда цифрландыру үдерісіне толық тартылды. Олар пандемия жағдайында бірқатар MOOCs, Coursera, т.б. онлайн курстардан өтіп, біліктіліктерін арттырды. Ресейдің «МИСиС» Ұлттық зерттеу тех­никалық университеті (ҰЗТУ) Edcrunch University орталығымен бірлесіп, жаппай білім беру онлайн курстар (МООК) дайындалуда.

Өркениет өрісіне бастайтын халық­аралық байланыстарды дамытудың қа­шанда маңызы зор. Бүгінге дейін 170 университет және ғылыми қауымдастықпен серіктестік байланыс орнатылды. Білім алушылар мен оқытушыларға дәріс оқу және кеңес беру үшін Ұлыбританияның UCL, Германияның Ахен, Сингапурдың Менеджмент, Шотландияның Эдинбург университеттерінен жетекші ғалымдары шақыртылып, дәріс жүргізді. Академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында 30-ға жуық студентіміз Польша, Болгария, Оңтүстік Корея университтерінде білім алуда.

Университетте аймақтық TOEFL ор­та­лығы ашылып, жұмыс жүргізуде. Ор­та­лықтың мақсаты – барлық ниет білдірушілерге TOEFL форматындағы халық­аралық тестілеуден өту арқылы шетелдік жоғары оқу орындарына түсу үшін ағылшын тілін игеру деңгейін ресми растауға және ағылшын тіліндегі халық­аралық білім беру бағдарламаларына қа­тысуға мүмкіндік беру. Бүгінге дейін 39 адам осы халықаралық тестті тапсырды.

Шетелдік талапкерлерді университет­ке оқуға шақыру мақсатында «Отандас­тар қорымен» арнайы іс-шаралар жос­пары бекітілді. Бізде Қытай Халық Республикасынан, Өзбекстан, Түркіменстан және Моңғолия республикаларынан келген студенттер оқиды.

Халықаралық және республикалық ғы­лыми-зерттеу және шығармашылық кон­курстарда 40-тан астам студент жүлдегер атанды. ҚР ЖОО арасында өткізілген ХІІІ Республикалық студенттік пәндік олим­пиадаларда университеттің білім алушылары І дәрежелі дипломдармен – 2 ББ, II дәрежелі дипломдармен – 4 ББ және III дәрежелі дипломдармен 7 білім беру бағдарламасы бойынша марапатталды. Республикалық пәндік олимпиада қоры­тындысы бойынша 13 білім беру бағ­дарламалары бойынша 31 білім алушы жүлделі орындарға ие болды.

Материалдық-техникалық базаны жаңар­­­ту мақсатында соңғы жылы 14 дана ин­те­рактивті панель және тақта, 238 дана компьютер, құрал-жабдықтармен қам­тылған медиа орталығы және 20 млн теңгені құрайтын журналистика ка­бинеті, Студенттер сарайына соңғы үлгідегі LED-экран мен музыкалық аппаратуралар, робо­тотехникалық конст­руктор, мобильді робот, квадрокоптер алынды. Университеттің сер­верлік жүйесі WindowsServer және LinuxUbuntu соңғы көшпелі операциялық жүйесіне ауыстырылды. Жаңа VMware виртуалды серверін құру арқылы ақпарат­тық қауіпсіздік орнатылды. Интернеттің жылдамдығы 500Мбит/сек дейін көтері­ліп, бейнедәрістер мен контенттержады көле­мі 1 терабайттан асатын жаңадан алынған сер­верге сақталды. Барлық оқу ғимарат­тары мен жатақханалар Wi-Fi сымсыз желісі­мен қамтамасыз етілген.

Бүгінгі жастар – еліміздің ертеңі. Біле білсек, бұл бағзыдан бері өміршеңдігін жоғалтпай келе жатқан қастерлі ұғым. Білімді ұрпақ тәрбиелеген  халық қана елін әлемдік өркениет көшінің алдына шығаратыны белгілі. Осы тұрғыда жаһандану үдерісі кезеңінде болашақ ұрпақ қандай болуы керек дегенге келсек, ол – ұлтымыздың салт-дәстүрі мен ру­хани құндылықтарын бойына сіңірген, таңдаған білім бағдарламасының қыр-сырын барын­ша меңгерген жоғары білікті кадр әрі  кәсіби деңгейін әлемдік мәдениет, білім мен ғылымның ең озық жетістіктерімен үнемі жоғарылатып отыратын тұлға. Демек, сындарлы дәс­түрден нәр алған, еңбек нарығындағы бәсекеге неғұрлым бейім­делген креатив­ті ұрпақ еліміздің жарқын болашағының кепілі болмақ.

Бейбіткүл КӘРІМОВА,
Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің
Басқарма Төрағасы-Ректоры

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: