Жұма, 29 наурыз, 16:04

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№24(2034)
23.03.2024
PDF мұрағаты

«Болашақ» университетінде спорт кешені ашылды

26.08.2021

1505 0

Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова «Болашақ» университетіндегі жаңа спорт кешенінің ашу рәсіміне қатысып, оқу орнындағы жатақхана, жылыжайдың жұмыстарымен танысты. Шараға «Болашақ» университетінің ғылыми жетекшісі, профессор, ұлттық ғылымдар академиясының академигі Бақберген Досманбетов, қала әкімі Ғанибек Қазантаев қатысып, университет кампусын аралады.

Жабық спорт кешенінің жалпы аумағы 2260 шаршы метрді құрайды. Ғимарат құрылысы өткен жылы жеке инвестиция есебінен салынған. Нысан ішінде шағын футбол, баскетбол, волейбол, гимнастика, бокс, күрес, ауыр атлетика мен үстел теннисі залы және бассейн қаралған.

Сондай-ақ, бүгін университеттегі жаңа жатақхананың лентасы қиылды.

Аймақ басшысы 444 орындық Назарбаев университеті үлгісінде салынған жатақхананы аралап, студенттерімен сұхбаттасты. Мұнда «Мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандығының ІІ курс студенті Камал Мейірхан вакцина алып, ұтыс нәтижесімен жатақхана төлеміне 50 пайыз жеңілдік ұтып алғанын жеткізді.

Мұнан кейін аймақ басшысы жаңа корпустың алдында салынып жатқан екінші жатақхананың құрылысын көрді. Жатақхана құрылысы 2022 жылдың қаңтар айында аяқталады.

Шара барысында облыс әкімі университет ауласындағы конгресс-холлдың құрылыс жұмыстарымен де танысты. Алдағы уақытта мұнда дүкен, дәріхана, пошта бөлімшесі секілді студенттердің күнделікті өміріне қажетті нысандар салынбақ.

Сондай-ақ, Гүлшара Әбдіқалықова университет жылыжайының жұмысымен танысты. Аумағы 2000 шаршы метрді құрайтын жылыжай сегіз бөліктен тұрады. Мұнда қияр, қызанақ, құлпынай, лимон секілді жеміс-жидек пен көкөністің бірнеше түрі өсіріліп, университет асханасына қолданылады.

Білім беру нысанының жұмысымен танысқан аймақ басшысы университет ұжымына сәттілік тіледі.

Айта кетейік, университет аумағында 1 оқу корпусы, 400 орындық жатақхана, конгресс-холл, студенттерге қызмет көрсету орталығы, кинотеатр, көрме залы, ашық спорт кешені, сауда ойын-сауық орталығы, тәжірибелік-өндірістік орталық, клиника, балабақша, дендропарк қарастырылған. Мұнда 250 педагог 5000-ға жуық студент және магистрантқа білім береді.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: