Сейсенбі, 24 желтоқсан, 05:27

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

«Еңбегім ел кәдесіне жараса деймін»

16.12.2020

2030 0

Бүгінде Тәуелсіз елдің талантты жастары ел іргесін бекітіп, отандық ғылымды алға сүйреп келеді. Сыр өңірінде де жаңашылдық пен жаһандық ғылым негізінде жетістікке жеткен өрендер халық мүддесіне қызмет етуде. Сондай ізденімпаз жастың бірі – Баурат Базарбаев. Небары 22 жастағы ғалым күріш қалдықтарын өңдеудің тың әдісін тауып, осы бағытта біршама зерттеу жүргізген. Тәуелсіздік күніне орай жас ғалыммен тілдесіп, зерттеу нәтижесі мен алдағы жоспарын білудің сәті түсті.

– Баурат, ауылшаруашылы­ғын­дағы қалдықты өңдеу ісі үлкен ізденісті, ерте жастан ғылыми сауатты игеруді талап етері белгілі. Жалпы, ғылымға алғаш қызығушылық қай кезде басталды?

– Расында, әрбір жоба мен үшін күш-жігер мен  терең білімді қажет етті. Мектеп қабырғасында жүргенде химиялық зертхана шабыт сыйлап, ғылымға деген жолымды айқындады десек болады. Содан бері химия саласы туралы ойым өзгерді. Мен үшін жалығатын пән емес, ден қойып оқитын, жобалар әзірлейтін ғылымға айналды. Өйткені химияны терең түйсіне алған адам ғылымның шын келбетін көретінін түсіндім.

– Өзіңіз қол жеткізген ең маңызды жаңалық немесе жобаны атасаңыз?

– Ондай жобалар, әрине, көп. Соның ішінде маңыздысы – күріш сабаны мен қауызынан бел­сендірілген көмір алу. Белсендірілген көмірдің қасиеттері ДАК маркалы белсендірілген көмірге әрі сұйық ортадан адсорбциялауға арналған БАУ-А маркасына сәйкес келеді. Сондықтан бұл ізденістің маңызы зор. Алдағы нәтиже ойдағыдай болады деп үміттенемін.

– Бұл ізденістің күріш шаруашылы­ғына нендей пайдасы бар?

– Өте орынды сұрақ. Мен қазіргі уақытта күріш қауызының, сабанның және мұнай шламының қалдықтарынан белсендірілген көмір шығарумен айналысамын. Күріш – әлемдегі бидайдан кейінгі екінші орындағы ең маңызды азық-түлік өнімінің бірі. Күріш дәнін жармаға өңдеу нәтижесінде қауыз қалдығы 20 процентке дейін, ал сабан 50 процентке дейін қалады. Көп жағдайда бұл қалдықтарды өртеу әдісімен тазартады. Сондықтан күріш қауызы мен сабанды белсендірілген көмір алу үшін пайдалану керек. Қызылорда облысында республикада өндірілетін күріштің 85 проценттен астамы өсірілетінін ескерсек, бұл – үлкен бастама.

Енді жұмыс барысына кеңінен тоқ­талып өтсем. Белсендірілген көмірді алу үшін қолданылатын ең маңызды шикізат: ағаш (үгінділер түрінде), көмір, кокос қабығы, шымтезек, шымтезек коксы, кейбір тас және қоңыр көмір, сондай-ақ қоңыр көмірдің жартылай коксы. Күріш қауызы мен сабанды карбонизациялау құбырлы пеште 500ºС температурада және карбонизатты 800ºс температурада су буымен белсендіру арқылы жүргізілді. Негізінен белсендірілген көмір медицинада, жеке қорғаныс саласында суды тазарту, қымбат металдарды алу, ағынды суларды тазарту кезінде сорбенттер ретінде кеңінен қолданылады.

– Халықаралық кеңістікке жобаны таныстырудың сәті түсті ме? Шетел ғалымдарымен байланыс бар ма?

– Әлемді жайлаған індет шетел сапарларына тосқауыл болуда. Алайда онлайн форматта әріптестеріммен, тәжі­рибелі ғалымдармен пікір алысып отырамын. Португалдық ғылыми ұйыммен жақсы қарым-қатынастамын. Лиссабонның жаңа университеті – Universidade Nova de Lisboa ғалымдары жобаларға қызығушылық танытып, ғылыми баға беріп отырады. Бұл – мен үшіне үлкен жетістік.

– Сіз үшін тәуелсіздік қандай ұғым?

– Бірінші кезекте Тәуелсіздік – ой еркіндігі! Мен тәуелсіз мемлекетте туып, өмір сүріп келемін. Мен үшін де, өзгелер үшін де барлық жол ашық. Бастысы өзің таңдаған салада жетістікке жетіп, алдыңғылардың қатарынан көріну қажет. Сонда ғана тәуелсіздікке қосқан үлес көрінеді. Мен де ғылым жолында атымды қалдырып, еңбегіме адал болуды арман етемін. Сұранысқа ие маман ретінде отандық ғылымды алға жылжыту басты мақсатыма айналды.

– Қазіргі отандық ғылымның дамуы қай деңгейде?

– Қазақ ғылымында әлемдік деңгейдегі жаңалық ашқан ғалымдар жетерлік. Өткен ғасырдың өзінде үлгі тұтар химия саласының алыптары өндіріс ісіне үлес қосты. Ал бүгінгі Қазақстанда ғылым еселеп дамып келеді. Көптеген жас мамандар халық игілігі үшін талаптануда. Сондықтан қазақ ғылымы жоғары деңгейде деп айтуға толық негіз бар.

– Алдағы жоспарыңызбен бөліс­сеңіз?

– Ең басты жоспар – магистратураны сәтті аяқтау, ұстаздарым секілді ғылымның күрделі жолынан өту. Тек ғылым докторы болу емес, еңбегім ел кәдесіне жараса, игілігін көрсе деген мақсатым бар. Осы ретте, тәлімгер ұстаздарыма ғылымға баулып, еркін ізденіске мүмкіндік бергендері үшін үлкен алғысымды білдіргім келеді. Олардың үмітін ақтау оңайға соқпасы белгілі. Басты арманымның бірі – көрнекті ғылыми зерттеулер, революциялық өнер­табыстар үшін берілетін Нобель сый­лығын иелену. Сол күнді асыға күтемін, еңбектенемін, ізденемін.

– Сәттілік тілеймін. Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан

Е.БАЛТАБЕКҰЛЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: