Бейсенбі, 02 мамыр, 23:24

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№34 — 2044
30.04.2024
PDF мұрағаты

Ауыр сөмке, жеңіл планшет немесе жаңа бастама кітаптан бас тартқызбай ма?

19.11.2022

1157 0

Жыл сайын білім беру үдерісі жаңару үстінде. Яғни білім саласындағы жаңа жобалар заман талабы екенін айқындай түседі. Жақында білім беруді дамытудың 2022-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасы бекіді. Соған сәйкес, алдағы уақытта білім беру саласы цифрландыруға бағыт алады. Атап айтқанда, ұстаздар мен оқушылардың жеке мәліметтері енгізілген цифрлы портфолиосы әзірленеді. Ал аттестаттар мен дипломдар QR-код арқылы цифрлы форматта беріледі. Оқулықтар электронды форматта болады. Осылайша оқушылардың ауыр сөмкесі планшетке ауыстырылуы мүмкін.

Бұл мәселе қоғамда кеңінен тарағаны белгілі. Соңғы уақытта оқушылардың ауыр сөмке арқалайтыны, оның денсаулыққа зиян екені жиі айтылды. Осы мәселені шешу жолдарын қарастыру қажет екені де жазылып жүрді. Бүгінде оның шешімі табылғандай. Цифрлық даму, инновациялар және аэро-ғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин 1-сынып оқушыларына планшет беруді ұсынды. Министрдің айтуынша, мұндай әдіс бірқатар дамыған елдерде, оның ішінде Ұлыбритания, Норвегия, Оңтүстік Корея және Түркия мектептерінде жақсы нәтиже көрсеткен. Сонымен қатар бұл оқушылар үшін шығармашылық пәндер бойынша өз контентін жасауға мүмкіндік береді.

Оқу-ағарту министрлігінің мәліметіне сүйенсек, электронды планшеттер оқушылардың оқуына қосымша мүмкіндіктер береді. Сондай-ақ мектеп сөмкесінің салмағын жеңілтеді. Яғни кішкентай балалар ауыр сөке көтеріп жүрмесе де болады.

– Планшеттердің көмегімен балалар цифрлы сабақтарға, жаттығулар мен тапсырмаларға қосымша қол жеткізе алады. Интернеті нашар өңірлер үшін жүктелген цифрлы сабақтарды, тапсырмаларды, білім беру ресурстары және оқулықтарды офлайн пайдалану мүмкіндігі болады. Егер қандай да бір себептермен бала планшеттерді қолданғысы келмесе, онда ол әдеттегідей дәстүрлі оқулықтарды және стационарлық құрылғылардан білім беру ресурстарына қол жеткізе алады. Яғни планшеттер оқулықтарды алмастырмайды, бұл – оқудың қосымша ресурсы. Таңдау ата-аналар мен оқушылардың еншісінде болады, – деді оқу-ағарту вице-министрі Айбат Ілиясов.

Оқушыларға планшеттерді кім таңдап, сатып алады?

Кітап планшетке алмасты делік. Оны кім таңдап, сатып алады? Жаңа құрылғының сапасына кім жауап бе­реді? Бұл сұрақ та көптің көкейінде жүретіні анық. Өйткені бұл да алдағы уақытта үлкен мәселеге айналуы мүм­кін. Сұрақтарға Цифрлық даму министрлігінің баспасөз хатшысы Ерхан Тәткен жауап берген.

Оның айтуынша, бұл мәселелер ке­лісу сатысында. Дегенмен министрлік жеткізуші таңдау мәселесін қазақстандық байланыс операторларына беруді ұсынып отыр, олар өздерінің ішкі корпоративтік стандарттарына сәйкес бағасы мен сапасы жағынан бәсекеге қабілетті жабдық нұсқаларын таңдайды.

– Бұл сатып алу сервистік қызмет көрсету және кепілдік бойынша жауап­кершілік қызмет көрсетушіге жүктелетін сервистік үлгі бойынша жүзеге асырылады деп жоспарланған. Бұл ретте құрылғының сапасы мен қауіпсіздігіне жоғары талаптар әзірленеді, бұл қызмет көрсету орталықтарына қоңыраулар санын азайтады. Сондай-ақ кепілдіксіз жағдайда мектеп оқушыларының үз­діксіз білім алуы үшін қысқа мерзімге ауыстыруға арналған қосымша план­шеттер беру ұсынылады. Сатып алы­натын планшеттер 4 жыл бойы (1-ден 4-сыныпқа дейін) пайдалануға болатындай өнімділігі жоғары болуы керек деп болжанған. Планшеттердің кепілдік берілген қызмет ету мерзімі кемінде 36 ай болады деп күтіледі, – деді ол.

Планшеттерді мектепте жиі қуаттамау үшін бұл құрылғыларда сыйымдылығы жоғары аккумуляторды пайдалану жос­парланған. Оқушыларға планшет беру­дің егжей-тегжейлі тетігі Оқу-ағарту министрлігімен келісілгеннен кейін анықталады.

Айта кетейік, 1 қарашада Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин Үкімет отырысында сервистік модель механизмі арқылы 2023 жылы бірінші сыныпқа баратын 400 мың қазақстандық баланы Қазақстанда жасалған планшеттермен қамтамасыз ету жоспарланып отырғанын мәлімдеген болатын.

Оқулықты планшет алмастыра ма?

Рас, мектеп бағдарламасына жыл сайын бір өзгеріс енуде. Бүгінде цифр­ландыруға көшу мәселесі көптің тал­қысына түсті. Оқулықты электронды түрге ауыстырудың пайдасы қандай болмақ? Жаһандану заманында баланың қолында ауыр сөмке емес, ноутбук немесе планшеттің болуын көптеген елдер қолдап, осы тәсілді пайдаланып отыр. Еліміздің жас өрендері де заманға сай білім алғаны дұрыс. Алайда электронды құрылғымен балалардың көп жұмыс істеуі, үнемі пайдалануы олардың ден­саулығына, физиологиялық дамуына кері әсерін тигізетінін ғалымдар айтып отыр. Одан бөлек оқушылар кітап оқуды ұмытады деген пікірді айтушылар да жоқ емес. Соған қарамастан оқулықтың орнын планшет алмастыра ала ма? Бұл ұстаздар мен шәкірттерге қаншалықты тиімді? Цифрландыруға көзқарасыңыз қалай? Көптің көзқарасын білгенді жөн көрдік.

Мәселен, журналист Сәуле Әбілдахан­қызы фейсбук әлеуметтік желісінде бұл жаңалыққа қарсы екенін жазады. Себебі бала кітап оқуды ұмытады. «Қай жағынан алып қарасаң да, бұл мүлде дұрыс емес! Күндіз-түні планшетке, телефонға үңілу баланың денсаулығына өте зиян. Онсыз да баланы гаджеттен айыру қиын. Кітап оқыту қиын…» деп жазады ол.

Ал, И.В.Панфилов атындағы №5 мек­теп-лицейінің директордың ғылыми әдістеме іс жөніндегі орынбасары Гүлсая Алдабергенова бұл заманнан қалып қоймау дп түсінеді.

– Цифрлық трансформациялау идея­сын әлемдік тренд деуге болады. Цифр­лық технологиялар көптеген елдің эко­номикасын дамытуда маңызды рөлге ие. ХХІ ғасыр –  жаңа технологиялар мен ақпараттандыру ғасыры екені белгілі. Ақпараттандыру технологиясы дамыған заманда мемлекетіміздің болашағы – жас ұрпаққа заман талабына сай білім беріп, жан-жақты дамуына ықпал ету мұғалімнен шығармашылық ізденісті, үлкен сұранысты талап етеді. Компьютер және ақпараттық технологиялар ар­қылы жасалып жатқан оқыту процесі оқушының жаңаша ойлау қабілетін қалыптастырып, оларды жүйелік бай­ланыстар мен заңдылықтарды табуға итеріп, нәтижесінде – өздерінің кәсіби потенциалдарының қалыптасуына жол ашады. Бүгінгі таңдағы ақпараттық қоғам аймағындағы оқушылардың ой­лау қабілетін қалыптастыратын және компьютерлік оқыту ісін дамытатын жалпы заңдылықтардан тарайды. Көп­теген дамыған мемлекеттердің мектеп қабырғасында оқушылар электронды құрылғыларды, кітаптарды еркін қол­данып келеді. Бұл – жаһанданудың бір көрінісі. Сол себепті алпауыт мем­лекеттердің қатарына қосылып, олардың ізінде қалып кетпес үшін мектеп оқу­лықтарын электронды нұсқаға ауыстырған әлдеқайда тиім­дірек болар еді. Қазір біз осы үрдіске көшудің алғашқы қадамдарын жасап жатырмыз деп ойлаймыз. Оқу­шы­лар қағаз кітаптармен білім алып жатқанымен жоғары сыныптың оқу­шылары интернеттен материалдарды іздестіріп, электронды кітаптарды қо­сымша пайдаланып келеді. Кітаптар электронды болса оқушы мектепке сөмке арқаламай келеді. Барлық тапсырма электронды болады. Қазіргі таңда оқу­шылар интернетті жақсы меңгерген ол болашақта қиындық тудырмайды деген ойдамын, – дейді Гүлсая Амангелдіқызы.

Жаңашылдықтан мүлдем бас тартуға да болмас. Әйтсе де кітап оқымай қалу қаупі де бар екені рас. Ата-аналарды да осы мәселе алаңдатады.

– Болашақта оқулық бірте-бірте ысы­рылып қалмай ма? Қазіргі балалардың өзі ұялы телефонға әуес. Кітапты зорға аштырамыз. «Мектепте планшетпен оқиды» дейді. Бұл балаға зиян емес пе? Денсаулығына кері әсер етеді деп айтып жатқандар да бар. Оқулықпен оқығаны, бұрынғыдай бағаны күнделікке қойдырғаны жақсы еді, – дейді ата-ана Перизат Кәрімбаева.

Жаңа бастаманы бірі қолдаса, бірі цифрлыққа көшіруге әлі ерте дейді. Өйткені аз уақытта оқулықты планшетке ауыстыруға ауылдық жерлерде интер­неттің әлсіздігі әсер етеді.

Қалай десек те заман ағымына қарай білім саласын дамытатын тұжырымдама қабылданды. Ал оның қалай жүзеге асып, тапсырмалардың уақытылы орындалуы болашақтың еншісінде. Еліміздің дамуы білімді жастардың қолында  екені анық. Сондықтан олардың бәсекеге қабілетті білім алуы да міндет.

Айтолқын АЙТЖАНОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: