«Біліп қана қою – аз, сол білгеніңді істе қолдана білуің керек, ниеттену ғана аз, сол ниетіңді іске асыруың керек». Қазіргі уақытта мұғалімдердің басты ұстанымы – осы.
Бүгінде әлем елдерімен, әсіресе экономикалық жағынан дамыған елдермен тығыз байланыс бар. Осы жағдайда біздің жеткіншектердің қай салада болсын, білім деңгейлері төмен болмауы тиіс. Оның ішінде география пәні маңызды рөлге ие. Кей-біреулер бұл пәнге қызығушылық төмендегенін айтқанмен, айтарлықтай орны бар екенін ұмытпаған жөн. Сол үшін де бұл пәнді қызықтырып оқыту тәсілін қолданған жөн.
Қазіргі уақытта кітап оқудан гөрі, телефонның орны басым болып тұр. Жеке тұлғаны қалыптастырып шығуда ұстаздың орны ерекше. Сол себептен де әрбір шәкірт ерекше өз ұстанымы бар тұлға болып қалыптасса деген мақсатта сабақ береміз.
Бұл пәннің оқушылардың белсенділігін, танымдық қабілетін арттыруға мүмкіндігі жоғары. Айта кеткен жөн, әр сыныптың танымдық қызығушылығының тәжірибесі мен даму дәрежесі әртүрлі. Ал әрбір сыныптағы әдіс пен тәсіл оқушылардың танымдық қызметінің белгілі бір деңгейіне есептелінеді. Сондықтан да оқушылардың танымдық қабілеттерін дамыту үшін сәйкес оқыту әдісін таңдай білу керек.
«География» грек тілінен шыққан және «жерді сипаттап жазу» дегенді білдіреді. Адам, жер және жер арасындағы кеңістік байланысты оқытады. Сондықтан бұл пәнге «адам мен физикалық ғылым арасындағы көпір» деп анықтама беруге болады.
География ғылымының өте қызықты да күрделі екенін оқушылар түсінеді. Себебі осы бағытта ұстаздар тынбай еңбек етуде. Ғылым мен техника жаңалықтарын, яғни жаңа педагогикалық технологияларды әр сабақта тиімді қолдану арқылы сабақ мәнін аша түсуде.
Географиялық білімді жетілдірудің негізі – оқушының өз бетінше ізденуі. Оқушы кітаппен шектеліп қалмай, қосымша ақпарат іздеуі керек. Зерттеуге арналған тапсырмаларды орындау қажет. Оқытуда түпкі мақсатқа жету үшін мұғалімдер жұмыс істейді. Мен де осы бағытқа аса көңіл бөлемін. Қосымша іздену арқылы оқушының даму деңгейі кеңейеді.
Ақтоты ҚОҢЫРБАЕВА,
№143 мектептің география пәнінің мұғалімі
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!