Бейсенбі, 26 желтоқсан, 01:28

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Келешектің келбетін ұлықтаған ұстаз

12.10.2024

388 0

Жаңаны түсінген, ескіні қастерлеген адам ұстаз бола алады.
Конфуций.

Даналық ой. Ұстаздың көлеңкесін баспаған ұлы дала елі де оларды мәңгілікке ұлықтап келеді, ұлықтай да бермек. Ойға еркіндік берсек, ұстаз болу – үлкен мәртебе, ұлы абырой. «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға», «Адамның адамшылығы, жаксы ұстаздан» деген Абай тағылымынан мұғалім мамандығының ұлылығы айшықталып тұр емес пе?
Сыр елінде де ұстаздық мамандықтың қадір-қасиетін асқақтатқан, ел мақтанышына айналып, білім саласында өзіндік қолтаңбасын қалдырған тұлғалар жетерлік.
Сондықтан болар адал жүректі жандарды құрметтеу бұрынғыдан да биіктей түскені белгілі. Қоғам адами қасиетті ұстаздықпен тең ұстаған кісілік келбеті, адами болмысы, жан әлемі, жаратылысы бөлек ұстаздардың көп болғанынан ұтпаса, ұтылмасы анық. Анығын айтсақ өмірде шынайы еңбекқор ұстаздар көп мақтануды, өз еңбегін көп дәріптеуді ұната бермейтіні рас. Мұндай тұлғалар табиғатынан өте қарапайым, адамгершілік қасиеті айқын, «ұлылық – қарапайымдылықта» деген қағиданы қатаң ұстана біледі. Бірақ асықпай, аптықпай-ақ, өзінің жауапкершілігін тиянақты атқарып, міндеті мен мақсатына адалдығын көрсете алады.
Міне, осындай тұлғалардың бірі – саналы ғұмырының 40 жылдан астам уақытын білім беру саласына арнаған, жоғары санатты ардагер-ұстаз – Хамила Әлиакбарқызы.
Әрбір пенденің үмітке толы өміріне нәр беріп тұрған үш күретамыр – кеше, бүгін және болашақ бірігіп, тарихты құрайды екен, бүгін – лезде өте шығатын сәт. Оның өзі өткенге айналып, кешеге айналатыны ақиқат емес пе? Әрине, әр адамның өмірі – тарих. Өткен өмір белесінде адамзат баласының, халқына, ұрпағына және отбасына жасаған ерен еңбегі ең негізгі де, басты көрсеткіш. Мақалаға арқау болған кейіпкеріміз де осы өмір белесінің сатыларынан өткен. Хамила Әлиакбарқызы 1949 жылы 10 қазанда Қызылорда облысы, Сырдария ауданы Жетікөл ауылында дүниеге келген. Кез келген баланың адами кадір-қасиеті имандылығы мен ибалылығы тәрбиенің алтын діңгегі – отбасынан бастау алады. Өмірден көргені мен түйгені мол әкесі мен анасы балаларының болашағына ерекше көңіл бөледі. Тәрбиенің түп казығы – адал еңбек, сапалы білім, адамгершілік қасиетте екенін ұғындыра білді. Нәтижесінде балаларының бәрі де тәрбиелі, жоғары білімді, еліне қалтқысыз қызмет етуде.
«Әке – асқар тау» демекші, әкесі Әлиакбар ағаның өнегелі ісі, өмір жолы әр адамға үлгі, екінші дүниежүзілік соғысқа қатысып, Рейхстагқа шабуыл кезінде алдыңғы қатарда болып жеңіс туын желбіретуге үлес қосқан майдангер елге аман-есен оралысымен ауылшаруашылық саласында жемісті еңбек атқарды. Басшылық қызметте болып, абырой биігінен көрінген адал жүректі тұлға. Елге сыйлы, беделді отбасының қадір-қасиетін терең ұғынып, ана мен әкенің тағылымын көрген Хамила жастайынан білімге құштар болды. Алғашқы ұстазы Фатима Сақыбаева, Аққали Пірімбетов мен Махмуд Байжанов есімді ұстаздардан тәлім-тәрбие алып өскен ол мұғалім болуды армандады.
Арманшыл жас Қызылорда қаласындағы педагогикалық институтына оқуға түсіп, 1971 жылы қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығын алып шықты. Студенттік жылдары есімі елге танымал ғалымдарға шәкірт болды. Ғұлама ғалым Әуелбек Қоңыратбаевты, филология ғылымдарының кандидаты Айнаш Төлеуқызы, Әнес Жақыпов, Медеуәлі Бимағанбетовпен, Нұртай Нұржанов секілді ұстаздардың тәрбиесі өз мамандығына деген қызушылығын арттыра түсті.
– «Жақсының басқан ізі – алтын» дегендей, мен жасымнан жақсы жандармен жақын жүруге тырыстым. Жамандық ойлайтын жандардан бойымда аулақ ұстадым. Ұлылығы дархан ұстаздарымның қадір-қасиеті, дәріс беруі әлі күнге дейін есімде, солардың атына кір келтірмеуге тырыстым», – деп студенттік жылдарын сағынышпен еске алып, ризашылығын білдіреді ардагер-ұстаз.
Еңбек жолын Талдықорған облысы, Алакөл өңіріндегі мектептен бастап, арада төрт жыл салып, елге оралды. Талапкер ұстаз Қызылорда қаласындағы №140 білім ошағы директорының оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметіне тағайындалды. Ұстаз бақыты шәкірті екенін, ұжымның табысқа жетуі бірлікте екенін жақсы түсінген Хамила Әлиакбарқызы өзінің кәсіби шеберлігін жетілдіру жолында тынымсыз еңбек етіп, үнемі ізденісте жүретін. Ұжымдағы әріптестеріне қамқор болып, үйретуден жалықпады. Директордың орынбасары, педагогикалық бірлестік жетекшісі, шебер ұйымдастырушы ретінде өз әріптестеріне үлгі болды. Оқу тәрбие саласында мектеп мұғалімдерінің шығармашылықпен айналысуын қолға алды. Әсіресе, ата-аналардың мектеппен тығыз байланыста болуын, білім ұясының жаңа бағытпен тыныс алуына ерекше ықпал ететіндігін айқындап берді.
«Мұғалім – бәрінен де қымбат, өйткені мұғалім – мектептің жүрегі» деп ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсарин тегіннен-тегін айтпаса керек. Бұл сөз өз ісінде зор жауапкершілігі бар Хамила Әлиакбарқызы сынды ұстаздарға арналғандай. 1995 жылы қаладағы №10 Ақмешіт қазақ-түрік қыздар лицейі – интернаты ашылып, директордың оқу ісі жөніндегі қызметіне тағайындалды. Бұл – үлкен жауапкершілік, зор сенім жүгі. Елімізде қазақ-түрік лицейлері алғаш ашылғанда қиындықтар болғаны заңдылық. Аз уақыт ішінде жас ұрпақтың ғылымға, халықаралық тілдерге деген ынтасын оятуға күш сала отырып, пән мұғалімдерінің жоғары деңгейде ізденісін бір жүйеге келтірді.
Тәжірибелі ұстаздың бойында көп адамда кездесе бермейтін ұқыптылық, тиянақтылық пен жауапкершілік, шындыққа тіке қарайтын әділдік қасиеттерімен әріптестерінің алдында үлкен беделге ие болды. Тың ізденіске толы еңбектері республиканың озық тәжірибе жинағына еніп, әдістемелік оқу құралы ретінде таратылды. Бірнеше мәрте шығармашылықпен айналысатын озат мұғалімдердің облыстық, республикалық басқосуына қатысуы соның дәлелі.
Әрине, ұстаз еңбегі шәкірттерінің алған асулары, жеткен жетістіктерімен өлшенері хақ. Шәкірттері түрлі тақырыптағы байқаулар, конкурс пен пәндік сайыстар, пән олимпиадасында топ жарды. Ұстаз мерейін көтерді. Нақтылап айтар болсақ, республикалық пән олимпиадасында Гүлжайна Тайжанова бас жүлдені Гүлзира Дәрмағамбетова жүлделі екінші орынды иемденді. Осы табыстары үшін білікті ұстаз Хамила Әлиакбарқызы Қазақстан Республикасы оқу министрінің қабылдауында болып, құрмет грамотасымен, бағалы сыйлықпен марапатталды. Мұндай жетістіктер тізімін көптеп атауға болады, адалдықтың ізгілікті жолы мен білім нәрін бала бойына дарыта білген ұстаздың ерен еңбегінің бір жемісі десе болмай ма?
Жоғары санатты ұстаздың ерен еңбегі лайықты бағасын алды. ҚР Білім министрлігінің білім қызметкерлерінің қалалық, облыстық, республикалық кәсіподақ комитеті төрағаларының толып жатқан Алғыс хат, Құрмет грамоталары, мақтау қағаздары, дипломдар, «KATEN» халықаралық қоғамдық қоры президентінің сертификаттары жетістіктерін еселеді.
«Қазақстанның құрметті ұстазы» төсбелгісінің, Ы.Алтынсарыин атындағы төсбелгінің, «Алтын адам» номинациясының иегері.
Бүгінде жетпіс бес жасқа толып отырған зейнеткер ұстаз қызметіне адал, үлкенге ізеттіні, кішіге қамқор аға бола білген ардақты жанның жары, өнегелі, үлгілі балалардың анасы, ибалы, инабатты, келіндердің енесі, тәртіпті, зерек немеренің әжесі, мақтан тұтар азаматтардың ұстазы.
Өнегелі отбасының отағасы Асамұрат Ахметов ағай да – ұстаздық салада жемісті еңбек еткен ардагер. Өз махаббатын отбасына шексіз арнаған асыл жар, сүйікті әке, ынтымағы жарасқан шаңырақта дүниеге келген үш перзенті жоғары оқу орнын бітіріп, еліне қалтқысыз қызмет жасауда. Бүгінде бір-бір шаңырақтың тірегі. Орталарында ғылым кандидаттары, доцент, кәсіпкерлер мен проректорлар бар. Бәрі де тәрбиелі отбасында қалыптасқан ұлттық құндылықтарды жалғастырушы.
Хамила Әлиакбарқызын замандас әріптестері «өз саласының үздігі» деп қадірлейді. Кейінгі толқын «Ұстаздардың ұстазы» деп есімін ерекше атайды. Бұдан биік баға, бұдан жоғары мәртебе бола қоймас. Ендеше, біз де адамгершілік пен абырой туын әркез биік ұстаған, бүгінгі шынайы құрметке лайық ұстаз-анаға әдемі қарттық, мықты денсаулық және әулеттің қызығына риясыз бөлене берсін деген тілек білдіреміз!

Ш.Башенов,
облыстық білім саласы ардагерлері кеңесінің БАҚ-пен байланыс
секциясының жетекшісі
.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: