Бейсенбі, 02 мамыр, 13:03

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№34 — 2044
30.04.2024
PDF мұрағаты

Қарызға байланған жастық шақ

16.04.2024

444 0

Сурет: Н.Нұржаубай

Бүгінде бәрінің басында несие бар. Тіпті студенттердің қарызы жетерлік. Осы күні елдегі 500 мыңға жуық студенттің несиесі бар. Оның 47 мыңы – проблемалық несие. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мәліметінше, бұл тізім жылдан-жылға ұзарып келеді.

Расында, агенттіктің мәліметіне сүйенсек, қазіргі таңда 21 жасқа толмаған 10 мыңға жуық жастың басында несиесі бар, олардың қатарында студенттер де аз емес. 4,7 мың студенттің несиесі уақытылы төленбей, ол өз алдына бір мәселе болып тұр. Жастардың мұндай мәселесі барын тіпті олардың ата-аналары мен бауырлары да біле бермейді. Үй ішіне білдіртпеймін деген студент «несиемді жабамын» деп, тағы несие немесе қарыз алып жатады. Қарыздан құтылу үшін букмекерлік мекемелерге бәс тігіп, одан ломбардқа бас сұғуға мәжбүр болады. Өзімен қоймай, достарының сеніміне кіріп, оларға да несие алдырған оқиғалар аз емес.

Кешегі студенттер кітапханаға асығатын

Әңгімені өзімнен бастасам, мен 2000-2004 жылдары аралығында студент болдым. Сабақтан кейін үйге бірден қайту деген ойымызда болмайтын, біз кітапханаға асығатынбыз. Жұмыс дегенді ойламадық та, бірақ арамызда жұмыс істеп жүрген достарымыз болды. Содан менің де жұмыс істегім келіп, ата-анаммен ақылдасқанымда, айтқан сөзі әлі есімде қалыпты.

– Қызым, жастық шақ – ең әдемі кезең. Сондай керемет кезді жұмыспен емес, студенттік өмірдің қызығымен өткізген дұрыс. Жұмыс істеп үлгересің. Тек өмір берсін, – деді анам. Расында, анам айтқандай, біздің студенттік өмір қызықты сәтке толы өтті. Дәл сол жылдары біз несие дегенді білмедік. Ал бүгінгі студенттердің жайы қалай?

Бүгінгі студент жұмысқа асығады

Иә, қазіргі студенттер сабақ аяқталысымен үйге де, кітапханаға да емес, жұмысқа кетеді. Жұмысқа асығатындардың қатарында И.Әбдікәрімов атындағы агротехникалық колледжінің студенті Ақару Маратқызы да бар. Ол сабақтан кейін мейрамханаларда даяшы болып жұмыс істейді. Себебі алған несиесін өтеуі керек.

– Сабағымды жақсы оқимын. Бірақ арасында жұмыс істеуіме тура келеді. Өйткені екі жылға «Айфон» ұялы телефонының соңғы үлгісін несиеге алдым. Шәкіртақы алатын болғандықтан банк несие берді. Мұны ата-анам біледі. Алайда оларға салмақ салмайын деп, өзім жұмыс істеп, несиенің ай сайынғы ақшасын табуға тырысып жүрмін. Мен сияқты жұмыс істейтін студенттер көп. Сондықтан қазір несие төлейтін студенттерге таңғалмаймын, – дейді Ақару.

– Сонда кітапханаға кімдер барады? – деп сұрадық кейіпкерімізден.

– Кітапханаға қарызы жоқ жастар барады. Ал біз жұмыстан босамаймыз. Оның үстіне кітапханадағы бар мәліметті интернеттен де табуға болады, – деп жауап берді Ақару.

Агенттік төрағасы не дейді?

Оқуын бітірмей жатып, қарызға батқан жастардың санын азайту үшін оларға несие беру тәртібі өзгермек. Өйткені қазір кей банк 18 жасқа толғандарға жұмысы жоқ болса да тұтынушылық несие беріп келген.

– Жастарға несие берудің динамикасын қарасақ, проблемалық қарыздардың үлесі артып келеді. Қазір 11 пайызға дейін жетті. Сол себепті енді жастар үшін несиелерді ресми түрде тіркелген табыстары, кірістері болса, тек қана сол кезде қаржы ұйымдары береді. Бұл 18-21 жас арасындағы азаматтарға арналған, – дейді қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова. Сонда қараңыз, аударымдары бар ресми табыс көздері расталған жағдайда ғана несие алуға болады. Яғни студенттер шәкіртақысы, жалақысы болса, несие ала алады.

Мәжіліс депутаттарының

айтары бар

Биылдан бастап елімізде табыс көзін көрсететін құжатсыз жастарға несие беруге тыйым салынбақ. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Берік Бейсенғалиев былай дейді.

– Несие беру кезінде банк қарызды кімдер алып жатқанына қарауы қажет. Онда тиісті тармақ ескерілген. 21 жасқа толмаған адам онлайн-несие алу кезінде оны қай табыс көзі арқылы өтейтінін көрсетуі керек. Қазір ақшасы мен жалақысы болмаса да, бірнеше несие алып жатқан студенттер көп. Әрине, табыс көзі болмаса, несиені өтей алмайтыны түсінікті жағдай, – дейді Б.Бейсенғалиев. Оның айтуынша, қазір студенттер бір несие алып, онымен екін­шісін жауып тастайды. Осылай қарыздары жинақтала береді. Бұған жол бермеу үшін тиісті шектеу қарастыру керек. Енді кірісті растайтын құжатсыз 21 жасқа толмаған адамға несие беруге тыйым салынады.

Парламент Мәжілісінің қарауына «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кредит беру кезінде тәуекелдерді барынша азайту және қарыз алушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы енгізілді. Бұл құжатта несиелер бойынша мерзімі өткен берешегі болған жағдайда азаматтарға жаңа тұтынушылық несиелер беруге тыйым салу, 90 күн кешіктірілгеннен кейін барлық несие бойынша пайыздарды есептеуге тыйым салу, банктер мен микроқаржы ұйымдарының коллекторлық агенттіктеріне азаматтардың несиелерін сатуына шектеу енгізу және тағы да басқа нормалар қарастырылған.

Сонымен бірге «Қазақстан Халық» партиясының депутаттары да қаржы нарығын дамыту және реттеу агенттігін тұрақты табысы жоқ студенттерге несие беруді шектеуге шақырды. Соның бірі –  Мәжіліс депутаты Ирина Смирнова.

– Микроқаржы ұйымдарында студенттерді несиелеу өңірлерде өзекті мәселе. Студенттер, әсіресе үлкен қалаға оқуға келгендер, қарызды уақытылы өтей алмайды. Кейін толық жұмыс күніне жұмысқа орналасу және қарыздарын өтеу үшін оқуды тастауға мәжбүр болады. Сондықтан банктер мен микроқаржы ұйымдары қарыз жүктемесінің коэффициентін сақтауға міндетті, – дейді И.Смирнова.

21 жасқа дейін несие берілмеуі керек

Жалпы жұмысы жоқ студенттер үшін төлеу мерзімі өтіп кеткен берешектерді реттеу тетіктері бар. Ол үшін студенттер банктерге немесе микроқаржы ұйымдарына арыз жазуы керек. Сонда оларға жаңа төлем кестесі жаса­лады. Ал сарапшылар болса, мәселені шешу үшін несие беру жасын шектеуді ұсынып отыр.

– Маған микроқаржы ұйымдары мен банктерге жарты миллион теңге берешегі бар студенттер келіп, жиі кеңеседі. Ата-аналарына айтуға қорқады. Ал өз еркімен мәселені шеше алмайды. Сондықтан мен «21 жасқа дейін несие бермеу керек» деп есептеймін. Қазақстанның банк жүйесінде мұндай тәжірибе бұрын болған. Сондай-ақ тексеру кезінде табысы қарызын жабуға жетпейтін азаматтарға банктің қалай несие рәсімдейтіні түсініксіз. Жұмыс істесе де, істемесе де 21 жасқа дейін несие рәсімдеуді заң жүзінде шектеу қажет, – дейді банк мәселелері бойынша тәуелсіз сарапшы Нұржан Бияқаев.

Студенттерге несие беруге қарсымын

Бұл – «Қарызсыз қоғам» жобасының қаржы сарапшысы Балдырған Мәменнің пікірі.

– Қазір елімізде несие 18 жасқа толған азаматтарға бері­ле береді. Оның ішіне студенттер де автоматты түрде кіре­ді. Өзім студентердің несие алуына қарсымын. Неге? Өйт­кені студенттің аты айтып тұрғандай, қосымша табыс көзі жоқ, толық жұмыс істеуге мүмкіндігі де келмейді. Себебі сабақтан босамайды. Ол білім алуға уақыт жұмсауы қажет.

Бірақ өкінішке қарай, несие алып, қарызға батып жүрген студенттер саны баршылық. Көп жағдайда студенттер «өзім төлеймін» деп алады. Оны ата-анасы да білмеуі мүмкін. Төлей алмаған жағдайда үйінен, жақындарынан көмек сұрауға ұялады немесе қорқады. Нәтижесінде ата-анасы 90 күннен кейін төленбеген несиесі бар туралы қағаз келген кезде ғана біліп жатады.

Бұл жағдайда не істей аламыз? Қазір Қазақстандағы қаржы саласындағы түрлі заң жобаларына өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп жатыр. Осы мәселені депутаттар қарауда. Заң бойынша несиені 21 жасқа толғаннан кейін табыс табуға қабілеті жеткен кезде беруге болатыны айтылды. Сондықтан бұл – орынды көтерілген мәселе.

Осы кезде жастар үшін бірталай жобалар жүзеге асуда. Бірақ несие алып, оны төлей алмай, қара тізімге енген студенттер ол жобалардың игілігін пайдалана алмай құр қалады. Екіншіден, жастайынан несиелік тарихы бұзыла­ды. Мәселен, жеке кәсіппен айналысып, жеңілдетілген пайызбен несие алғысы келуі мүмкін. Әйткенмен осының бәрі алдынан кедергі болып, шығып тұрады.

Жалпы біз несиеге құрал деп қарауымыз қажет. Жастар сол құралды дұрыс қолдана алмаудың салдарынан осындай жағдайға тап болуда. Тағы бір мәселе, әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар арасында 18 жасқа толған баласына несие алғызатындары да бар екенін естідім. Тағы да айта кетейін, ол баланы қарызға батырғаннан мәселе шешілмейді. Керісінше баласын өздері тығырыққа тіреп отыр, – дейді Б.Мәмен.

Баласының қарызын төлеп

жүрген ана

Жоғарыда атап өткендей, кей студенттер өздері несие алып қана қоймай, достарын да жарылқап, кейін олардың төлемей кеткендері бар. Ал соңында оның зардабын ата-ана тартып отыр.

– Ұлым жоғары оқу орнында білім алады. Бірақ қосымша жұмыс істейді. Тапқан табысының арқасында бір несиесін жауып жүрді. Алайда жақында үйге соттан қағаз келді. Онда баламның несиесі төленбегендігі жазылған. Анықтай келе, баламның досына несие алып бергенін білдім. Несие көлемі 700 мың теңгеден асып кеткен. Осы кезде сол ақшаны өзім төлеп отырмын. Өйткені ұлыма несие алдырған досы басқа жаққа көшіп кеткен. Ол ақшаны төлеу маған да оңай емес. Өзімнің де төлейтін несие қарызым бар. Бірақ балаң үшін бәріне барасың. Әйткенмен ана ретінде студент жастарға несие берілмесе екен деген ұсынысым бар. Студенттер ай сайын ақшаны қайдан тапсын? Олар бар уақытын оқуға арнауы керек, – дейді қала тұрғыны, көпбалалы ана Сәлима Берікова.

Тілші түйіні

Расында, 21 жасқа толмаған студентке несие берілмеуі керек. Әйтпесе бүгінгі жастардың студенттік өмірі қарызға батып, қара тізімге еніп, жарқын болашағы бұлыңғыр бола түсуде. Ал оған кім кінәлі?

Ақтолқын НҰРЛЫБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: