Жұма, 27 желтоқсан, 17:43

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Кітап – тәуір, сөмке – ауыр

26.08.2023

693 0

Мектеп оқушыларының сөмкесінің ауыр­лығы туралы қоғамда қызу талқы болғалы да бірталай уақыт өтті. Биылғы оқу жылының басталуына да санаулы күн  қалды. Ауыр сөмке асынып мектепке әзер жететін балақайларға обал-ақ.  Қарап тұрып жүрегің ауырады. Ал қоғамдық көлікке мінгенде «сөмкеңді артыңнан алып, алдыңа ұста» деп дікеңдеп ұрысатындарды  көріп, тағы күйзелесің. Ал бала болса сөмке асынып әрең тұрады. Мен осы жайды зерттеп көрейінші деп үйдегі 5 сынып оқитын немеремнің сөмкесі 6 кітабымен және 0,5 литр суымен таразыға тартқанда 5,500 келі шықты. Осылайша бұл салмақ оқушыға қандай зардап әкелетінін зерттеп мамандардан сұрай бастадым.  Ғаламторды ақтарып отырып, ҚР Денсаулық сақтау министрінің 2021 жыл­ғы 2 желтоқсандағы бұйрығы бойынша оқу басылымдарына қойылатын гигиеналық нор­мативтер бекітілгені туралы Egemen.kz. сай­ты­нан мәлімет алдым. Құжатта оқушы ар­қалайтын бір оқулықтың салмағына қатысты нақты норма көрсетілген. Ол бойынша: 1-4 сынып оқулықтары 300 грамнан, 5-6 сыныптар үшін 400 грамнан, 7-9 сыныптар үшін 500 грамнан, 10-11(12) сыныптар үшін 600 грамнан аспауы керек делінген. Бұйрықта оқулық салмағын аталған нормадан 10% арттыруға ғана жол берілетіні айтылған. Оқулық салмағынан бөлек кітап басылатын қағазға, баспа сапасына, пайдаланылатын қаріптерге қойылатын талап­тар анықталған. Бұйрық 2021 жылдың 24 жел­тоқсанынан бастап қолданысқа енген.

Шындығында, оқушы сөмкесінің ауыр болуы неліктен? Кезінде біз де сөмке асынып, ішін кітапқа толтырып алатынбыз. Бірақ дәл бүгінгідей салмағы «зіл қара тас» болмаушы еді. Ауыр сөмкелердің кесірінен мектеп оқушыларының бәрінің болмаса да  біразының омыртқасы қисайып, бойлары өспей қалып жатыр. Көп жағдайда мектеп сөмкесінің сапа­сына емес, бағасына қарап ала саламыз. Тиісті талапты сақтамағандықтан балалардың денсаулығына өзіміз артық салмақ жүктеп, дұрыс өспеуіне «үлес» қосып отырмыз.

Мектепке дайындық жұмысын бастағанда міндетті түрде алдымен оқушының киім үлгі­сін, екінші кезекте сөмке таңдаймыз. Сосын басқа қажетті заттарды алып, сөмкені толтыра бастаймыз. Бос сөмке немесе рюкзактың салмағының 1 келіден аспауына мән бермейміз. Жалпы мектеп сөмкесін таңдаған кезде ең алдымен оның иық бауының жалпақ, әрі жұмсақ матадан тігілгенін таңдаған жөн. Сонымен қатар таңдаған сөмкеңіз баланың бойы мен жасына сәйкес болуы маңызды. 1-4 сынып оқушылары үшін әрбір кітаптың салмағы 300 грамнан, ал 5-6 сыныптарға – 400 гр, 7-9 сынып оқушыларына 500 гр және 10-11 сыныптар үшін 600 грамнан аспауы керек.

Еліміз бойынша 86 оқулыққа қатысты сараптама негізінде олардың екеуінің салмағы гигиеналық нормативке сәйкес келмеген екен.  Денсаулық сақтау министрлігінен арнайы жұмыс тобының құрылып, осы мәселеге зер­делеу жүргізетін де болған. Бұл мәселе ҚР Парламенті мәжілісінде де сөз болғаны белгілі. Арнайы құрылған жұмыс тобының айтуынша, мектеп сөмкелерінің ауырлай түсуі сколиоз, остеохондроз сынды ауруларға ұшырататын көрінеді. Сондықтан бұл аурулардың алдын алу үшін шкафтар орнату керек екен.

Дәрігер Айгүл Бақбергенованың айтуын­ша, сөмкені еңсеріп жүру үшін балаға еңкейіп жүруге тура келеді, одан баланың жүрек қантамырларының қызметі бұзылып, көру қабілеті төмендейді. Одан бөлек, үнемі бас айналуы, жүрек айнуы, арқа мен аяқ аурулары көбейе бастайды. Ата-ана бұған көп мән бермеуі мүмкін, бірақ баланың бұл аурулар туралы айтып, шағым жасауы жиілейді.

– Өзге елдермен салыстырып көрелік. Мәселен, Португалия ғылыми-медициналық орталығының мамандары мектеп сөмкесінің салмағы барлық оқулық пен оқуға қажет құрал-жабдықтарды қоса есептегенде, бала салмағының 10 пайызын құрау керек деп есептейді. Егер баланың салмағы 25 келі болса, сөмкенің ауырлығы 2,5 келіден аспауы тиіс. Ғылыми орталық ұсынған зерттеу нәтижесі бойынша жергілікті билік мектеп сөмкесінің стандартын белгілеп қойған. Сол стандартқа сәйкес, балалар артық салмақ арқалап әуре болмайды екен. Ал америкалық педиатрлар арқаға асатын дорбаның өзіндік нормаларын белгілі бір шарттарға сай есептеп шығарыпты. Америкада ауыр салмақты сөмкені күнделікті тасып жүрмеудің де жолдары қарастырылған. Мәселен, АҚШ-тағы кейбір мектептер бұл проблеманы болдырмау үшін заманауи құ­рылғылардың көмегіне жүгінеді. Кей білім ордаларында сабақ барысында пайдаланылатын негізгі оқулықтарды мектептегі оқушылардың жеке сөрелеріне қалдырып, үй тапсырмаларын арнайы планшеттерге жүктеп берсе, енді бір мектептерде үй жұмысы топтастырылған арнайы конверттер таратылады екен. Ірі штаттардағы мектептің де өзіндік жүйелері бар. Ол мектептерде мұғалімнің, ата-ана мен оқушының жеке-жеке кабинеттері бар. Ұстаз белгілі бір уақыт шеңберінде өз кабинетіне үй тапсырмасын жүктеп қояды, ата-ана үйінде отырып, сол тапсырмаларды баласымен орындайды, – дейді дәрігер.

Айта кетейік, өзге елдердің мектеп сөмкесіне қатысты арнайы бекітілген стандарты бар. Бізде неге олай емес? Биыл жаңартылған білім бағдарламасы мектеп сөмкесін тіптен ауырлатып жіберді. Әсіресе, 1-сынып оқушылары үшін.

Ресейлік мамандар осы мәселеге бас ауыр­та келе, сөмкенің салмағы оқушының салмағының 1/10 болуы тиіс дегенді айтады. Балаңыз 27 келі тартса, сәйкесінше, мектеп «дорбасы» да 2,7 келіден артық болмау керек. Ал төменгі сынып оқушыларының сөмкелері 1200 грамның шамасы болса құп.  Өз кезегінде ресейлік санитар-мамандар бастауыш сыныпқа арналған оқулықтардың салмағы 300 грамнан, 5-6 сыныптар үшін – 400 гр, 7-9 сынып оқу­шыларына – 500 грамнан аспауы керектігін есептеп шығарған. Сонымен қатар сөмкені арқаға ілгенде, сөмке екі иыққа бірдей ілінуі керек деген уәж айтуда.

Шынында қоғамда қызу талқыға түсіп жат­қан осы мәселе тезірек шешімін тапса, нұр үстіне нұр болар еді. Әйтпесе, ауыр сөмке бүлдіршіндердің денсаулығына залал келтіруі мүмкін.                                                                                                                

Г. ҚОЖАХМЕТОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: