Қызылордада ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен «Мамандығым – болашағым» атты І облыстық форум өтті.
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті және облыстық білім басқармасы ұйымдастырған форумда республика бойынша кәсіби бағдар беру жұмыстарының тиімділігін арттыру жолдары айтылды.
ЖиындаҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің арнайы осы форумға даярланған бейнежазбасы көрерменге ұсынылды. Министр кәсіби бағдар беру жұмыстарын жетілдіру, өңірлік атласты даярлаудың маңыздылығына тоқталды.
2019 жылы Мемлекет басшысының тапсырмасымен «Жаңа мамандықтар атласы» атты жоба жүзеге аса бастады. Сол жобаның аясында 400-ден астам мамандық қарастырылды. Олардың ішінде жаңа және еңбек нарығында енді пайда болған мамандықтар, «зейнеткер» мамандықтар, трансформацияға ұшыраған мамандықтар бар. Бұл жоба аясында экономиканың негізгі 9 саласы бойынша үш топтағы мамандықтар анықталды.
Сонымен қатар былтыр Павлодар өңірінде біз «Өңірлік атласты» жасадық. Яғни, Павлодар өңірі экономикасының тапшылықтары, жаңа талаптары, жаңа мамандықтары айқындалды. Бұл жобаның аясында ЖОО, кәсіптік білім орындары 25 оқу бағдарламасын жаңартты және 15 жаңа оқу бағдарламасын дайындап, пысықтады. Осы табысты пилоттық жоба 2025 жылға арналған Қазақтан халқының табысын көтеру бағдарламасының ішінде «Мамандығым болашағым» атты арнайы бағыт ретінде енгізілді, – деді министр.
ҚР Ғылым және жоғары білім министрі алдағы 3-5 жылда оқу бағдарламалары, мемлекеттік, өңірлік тапсырыс сол аймақтағы сұраныспен ұштастырылатынын айтты.
Білім беру еңбек нарығының талабына сәйкес жұмыс істеу керек және кадрларды сол тапшылыққа, біліктіліктерге даярлау қажет.
Енді бірнеше өңірде осы модельді өңірлік университеттердің негізінде бастайтын боламыз. Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті өңірлік форсайттың жобалық офисі ретінде оқытылады. Алдағы уақытта осындай ауқымды бастамалар мен семнарларды өткізеді, – деді министр.
Сондай-ақ, ҚР Премьер-министрі кеңсесі жанындағы әлеуметтік бастамалар жобалық офисінің «Мамандығым – Болашағым» жобасының жетекшісі Самғат Ермекбаев жобаның мақсаты мен талаптары туралы тереңірек айтып, зерттеулер нәтижесін ұсынды.
Шарада облыстық білім басқармасының басшысы Мейрамбек Шермағамбет облыс мектептерінде кәсіби бағдар беру бойынша атқарылған жұмыстарды атап өтті.
Оқушыларға ерте жастан кәсіби білім беруді дамыту мақсатында 2021 жылдан бастап, Қызылорда қаласындағы №23 және №278 мектеп-лицейлерінде «Кәсіпкерлік мектебі» пилоттық жобасы іске асырылуда. Жоба мақсаты аймақ пен тұтастай ел игілігі үшін бизнесте және өнеркәсіпте болашақ көшбасшыларға сапалы білім беруді, инновациялық технологиялар мен озық және перспектикалық бағыттарды жүзеге асыру болып табылады. Сонымен бірге, ерте жастан кәсіби бағдар беруді, мамандық таңдауды тиімді ұйымдастыру мақсатында №278 мектеп-лицейі облыс көлемінде тірек мектеп ретінде белгіленген, – деді басқарма басшысы.
Форумда Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің басқарма төрағасы – ректоры Бейбіткүл Кәрімова биылғы талапкерлердің басым көпшілігі қандай мамандық таңдағандығына шолу жасап, мектептегі кәсіби бағдар беру жұмыстары кезінде өңірдегі сұранысты ескеру керегін, бірлесіп жұмыс жасауға дайын екендігін жеткізді.
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің стратегиялық жоспарын нәтижелі орындау мақсатында мектеп және колледж бітіруші түлектер арасында кәсіби бағдар беру, сонымен қатар екінші жоғары білім алушылар мен жоғары оқудан кейінгі білім алу жұмыстарын үнемі жүргізіп келеміз, – деді Бейбіткүл Сәрсемханқызы.
Айта кету керек, жиынға облыстағы мектептер мен колледж директорларының бейінді оқыту жөніндегі орынбасарлары, қалалық, аудандық білім бөлімінің басшылары, кәсіби бағдар беру жұмыстарына жауапты мамандары қатысты.
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің
медиа орталығы
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!