Жексенбі, 22 желтоқсан, 06:09

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Тағылымы мол, табысты ұжым

27.04.2021

1869 0

ХХІ ғасыр ғылым мен білімнің қарқын алып, техниканың қарыштап дамыған заманы десек, жас ұрпақтың соған лайық сапалы білім алуы, бәсекеге қабілетті болуы бүгінгі күннің басты талабы. Бұл сала жаңа өзгерістер мен тың бастамалардың ортасы. Сондықтан қазір барлық мектеп көштен қалмай, заман талабына сай білім беру үрдісін қалыптастыруда. Соның бірі – Абылай хан атындағы №140 қазақ орта мектебі.

Тағылымы мол, табысты ұжым

Әуелде іргетасы бастауыш мектеп негізінде қаланған бұл білім ордасының тарихы 1961 жылдан бастау алады. Кейін қазақ-орыс мектебі, 8 жылдық мектеп, 1971 жылы қазақ орта мектебі болды. Ал 2017 жылдан бері Абылайхан атындағы №140 қазақ орта мектебі болып өзгерді.

Ұстазы мықтының ұстамы мықты

Алпыс жылдық тарихы бар оқу ордасында бүгінгі күні 1270 оқушы тәлім алуда. Ал оларды білім нәрімен сусындатуда 126 мұғалім қызмет етеді. Оның ішінде 32 педагог-зерттеуші, 36 педагог-сарапшы, 20 педагог-модератор бар. Сонымен бір­ге 4 мұғалім әдістемелік құралдың, авторлық бағдарлама авторы болса, доцент дәрежесінде – 2 ұстаз, 3 магистр мұғалім сабақ беруде. Мектеп директоры Айгүл Мұсабаеваның мұға­лімдер қауымына қояр талабы да осы. Яғни, мұғалім жаңа заманға сай білімді, білікті, ізденімпаз болу керек. «Ұстазы мық­тының ұстамы мықты» деп бекер ай­тылмаған. Білікті мұғалімнен білім алған шәкірттері де оқуда озат, озық ойлы өрендер. Бұл ретте былтыр 9 оқушы ғылыми жоба қорғап, үздіктер қатарынан көрінген. Оған қоса қы­рыққа жуық өрен халықаралық, республикалық деңгейдегі білім дода­ларының жеңімпазы атанып, мектеп мақтанышына айналды.

Тағылымы мол, табысты ұжым

Мектепте оқушыларды ғылымға бейімдеу бағытында Қорқыт ата атын­дағы Қызылорда университетінің «Жаратылыстану», «Қазақстан тарихы және әлеуметтік саяси ғылымдар» және «Педагогика-психология» кафедрасының филиалы ашылған. Мұнда кафедра оқыту­шылары оқушыларға тұрақты түрде  шеберлік сыныбын өткізіп тұрады екен. Ғылыми бағыт-бағдар беріп, мектеп оқу­шыларымен қатар мұғалімдерге де ғылыми жоба, мақала, авторлық бағ­дарлама дайындауда кеңес береді.

Білім мен тәрбие егіз

Мектепте оқушылардың жан-жақ­ты әрі толыққанды білім алуына, бос уақытын тиімді өткізуіне, қарым-қабі­летін ашып, өзін-өзі тануына барынша мүмкіндік жасалған. Бұл мақсатта «Оқуға құштар мектеп», «Адалдық мектебі», «Әлеуметтік-ғылыми мектеп», «Отбасы мектебі» сынды түрлі бағыттағы 14 жоба жүзеге асырылуда. Бұдан өзге қоғамдық тәрбие бағытында 10 еріктілер тобы жасақталған. Оқушыларды айналасына мейірімді, қайырымды етіп баулуда бұл жобалардың берері мол. Әрі оқушылардың да қоғамдық өмірге араласуда жобаға деген қызығушылығы да жоғары.

Тағылымы мол, табысты ұжым

Бір айта кетерлігі, мектеп директоры Айгүл Нажмадинқызы қыз баланың тәрбие­сіне баса мән береді. Оларды болашақ өмірге мектеп жасынан баулуды мақсат етіпті. Бұл бағытта «Қыз – ұлттың бойтұмары» қыздар кеңесін құрған.  Ұрпақтар сабақтастығын үзбей, үлкеннің өнегесін үлгі етуде түрлі кездесулер, тренинг-семинарлар, шеберлік сынып­тарын тұрақты өткізуді үрдіске айнал­дырған.

Білікті басшы мен ұстаздар ұжымы білім мен тәрбиені ұштастыру арқылы өскелең ұрпақтың сауатты, салиқалы азамат ретінде қалыптасуына сеп бол­мақ. Мектеп ұжымы тәрбиесіз білім болмайтынын осылай аңғартса керек.

Танымдық сабақ, табиғи өнім

Қазір қабілетіңді танытуға мүмкіндік көп. Әсіресе, мектеп оқушылары үшін кез келген бағытта қабілетін көрсетуге, үйренуге жол ашық. Әр баланың өзіндік ерекшелігін, қабілетін ескере отырып мектеп жанынан жылыжай да ашылған. Биология пәніне қызығатын өрендер үшін бұл сабақ барысында оқығанын тәжірибе ретінде сынап көруіне бір мүмкіндік. Олар сол арқылы биологиялық әлемді жіті зерттеп, тани алады.

Жылыжайға биология пәнінің мұғалімі Меруерт Омарова жетекшілік етеді. Көкөністерді оқушылар өздері егіп, күтіп баптайды. Бүгінгі күні жылыжайдан 58 кг шалқан жиналса, алдағы уақытта қияр, қызанақ, бұрыш, баклажан жеміс береді. Жылыжай өнімі мектеп асханасын қамтамасыз етуде.

Тағылымы мол, табысты ұжым

Ерекше балаларға қамқорлық

Білім ордасы басымдық берген тағы бір бағыт – ерекше балаларға қолдау көрсету. Әрине, оларды оқытудың өзіндік әдіс-тәсілі бар. Мұғалім мұны да меңгеру қажет. Сондықтан алдымен оларға сабақ беретін мұғалім баланың жан-дүниесін түсініп, олармен өз деңгейінде қарым-қатынас жасай алуы негізге алынған. Осы орайда мектептегі мұғалімдер мен дефектолог мамандар педагогикалық шеберлік орталығынан шақыртылған тренерлерден дәріс алған. Соның нәти­жесінде олар ерекше балаларға білім берудегі өзгеше әрекеттерді, оқытудың тиімді тәсілдерін меңгеру арқылы сабақ беруде.  Қазір ерекше жағдайдағы 3 өрен мектеп қабырғасында, 18 бала үй жағдайында білім алады екен.

Мектеп басшысы Айгүл Нажмадин­қызының айтуынша, ерекше балаларға қамқорлық басты назарда. Олардың да өзге қатарластары секілді мектепке келіп білім алуына барынша жағдай жасалады. Оларға қолайлы орта, арнайы жағдай қалыптастыру және білім алушылардың әр тарапты дамуы мақсатында мектептен «Түзету, дамыту» және «Coworking» орталығы ашылған. Бұл өз кезегінде ерекше балалармен жұмыс жасауда тиім­ді, әрі нәтижесіз емес.

Заманауи зертхана

Бұл білім ошағында жабдықталған заманауи зертханалар бар. Физика, химия, биология пәні мен робототехника жасау ісінде осы жаңа үлгідегі зертхананың маңызы зор. Мәселен, физика пәнінің зертханалық кабинетінде педагог-зерт­теуші ұстаздар Баян Тұрлыбекова мен Бақыткүл Өткелбаева сабақ береді. Олар дәрісті «Active inspire» бағдарламасын қолдану арқылы жүргізеді. Яғни, пән бойынша зертханалық жұмыс де­монстрациялық құралдарды пайдалана отырып, тақта бетінде жүргізіледі. Бұл зерттеулер виртуалды түрде жасалады. Мұндай мүмкіндікті пайдалану физика пәнін таңдаған бітіруші түлектер үшін көп мүмкіндік береді. Қазір осы бағдарламада көрсетілген тест құралдары бойынша ҰБТ-ға дайындық жүргізілуде.

Ал химия-биология пәні зертхана­сының панельді тақтасында «Mozabook» бағдарламасымен жұмыс істейді. Бұл мұғалімдерге цифрлық кітап­тарды пайдалануға мүмкіндік береді. Пән бойынша саяхат сабақтар ұйымдас­тырылып, бейне, аудио, 3D үлгісінде тапсырмалар беріледі. Биология пәні бойынша ылғалды, құрғақ препараттарды, муляжды пайдалану арқылы гүлдердің, түрлі өсімдік тұқымдарының құрылысы зерттеледі. Сонымен бірге оны демонстра­циялау арқылы сабаққа көрнекілік ретінде пайдалануға да болады екен.

Заман талабымен мұнда космо­робототехника анимациялық кабине­ті де бар. Онда «stem lab», «Lego mindstroms education ev3» роботы, «arduino» құрылғысымен роботтар құрастырылады. Оқушылар өздері құ­растырған робот­тармен түрлі сайыстарға қатысып, жүлделі орындар иеленген. Енді 3D принтер құрылғысымен бұйымдарды қайта қалпына келтіруді де көздеп отыр.

P.S. Қазір білім ордасындағы сабақ барысы 1206 оқушыға онлайн жүргізілсе, 64 өрен дәстүрлі форматта білім алуда. Үш тоқсандағы білім сапасы бойынша 58-60 процент көрсеткішке қол жеткізген. Биыл 48 оқушы мектебімен қоштасып, үлкен өмірге қадам басады. Ал оның 2-еуі «Алтын белгіге», екеуі «Үздік аттестатқа» үміткер. Өткен жылы білім ордасы қала бойынша «Табысты ұжым» номинациясына ие болыпты. 

Суретті түсірген: Нұрболат НҰРЖАУБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: