Сейсенбі, 19 наурыз, 13:19

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№23(2033)
19.03.2024
PDF мұрағаты

Академик

19.01.2021

2500 0

Әлем мойындаған математик, айтулы ғалым, бірнеше тілде еркін сөйлейтін полиглот, Ұлттық ғылым академиясының академигі, аты жер-жаһанға әйгілі жерлесіміз Асқар Жұмаділдаевты білмейтін адам кемде-кем. Ол – күрделі ғылым саласының білгірі әрі ғалым ретінде жұртты мойындатқан жан. Математик озық ойларымен, жаңашыл істерімен, ұтымды ұсыныстарымен көпшілік арасында кеңінен танымал. Әлем ғылымында өзіндік қолтаңбасы бар жерлесімізді оқырманға таныстыру артық болар. Дегенмен, Сыр өңірінде өмірге келіп, қазақ ғылымында, руханиятында, қоғамында өзіндік із қалдыра білген математиктің ғұмырын сөзбен өрнектегенді құп көрдік.

БАЛА КҮНГІ АРМАН

Белгілі қазақстандық ғалым, қоғам қайраткері, физика-математика ғылым­дарының докторы, профессор, академик Асқар Серқұлұлы Жұмаділдаев 1956 жылы 25 ақпанда  Шиелі ауданында өмірге келген. Оның атасы Шоң өңірге белгілі адам болған. Шоңның Сырдария өзенінің бойындағы Көтентоғай деген жерде үлкен үйі болған екен және болыс қызметін атқарған. Күштеп ұжымдастыру кезінде Шоңның ұрпақтары қуғын-сүргінге ұшырап, барлық мүлкі кәмпескеленеді. Асқардың атасы Жұмаділдә бала-шағасын алып, Өзбекстанға қашуға мәжбүр болады. Сталин қайтыс болған соң бұл отбасы Қызылорда облысына қайтып келеді. Алайда Жұмаділдәнің Өзбекстанда туған немерелерінің барлығының ғұмыры қысқа болады. Қазақстанға қайтып келгеннен кейін туған алғашқы немересі Асқар Жұмаділдаев екен. Қазақ дәстүрі бойынша Асқарды атасы бауырына басады.

Өмір осылай өте береді. Асқар да мектеп жасына жетеді. Ол 1962 жылы №299 темiржол төртжылдық бастауыш мектебiнде оқыды. Қазір бұл білім ошағы Шиелідегі ең үлкен мектептердің біріне айналды. Ол №219 Ы.Алтынсарин атындағы қазақ орта мектебі деп аталады. Онан соң 1966-1969 жылдары №45 Октябрьдiң 14 жылдығы атындағы қазақ орта мектебiнде білім алды.

Бала күнімде Шиеліге қарасты Ақмая ауылынан аудан орталығына көшіп келдік.  Сол кезде мені №219 Ыбырай Алтынсарин атындағы қазақ орта мектебіне алып барған анам: «Балам, мынау – Асқар Жұмаділдаев оқыған  мектеп. Енді сен де осында білім аласың. Байқа, бізді ұятқа қалдырып жүрме» деп айтқан еді. Есейе келе академиктің мен күнде өтетін Амангелді көшесінде тұрғанын білдім. Жоғары оқу орнын аяқтап келген соң аудан орталығындағы №45 «Ақ орда» мектеп-гимназиясына қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып жұмысқа орналастым. Бұл білім ордасындағылар Асқардай азаматтың өздерінде оқығанын мақтаныш тұтады. Бұл жердегі ұстаздар мектеп қабырғасында Асқар ағамыздың дарындылығымен ерекшеленгенін әрдайым айтып отыратын. Қали Дүйсеманов: «Асқардың қойған сұрақтарына нақты жауап беру үшін көп мұғалімдер оның оқитын сыныбына дайындықсыз бармаған. Тіпті білмейтіндерін бірінен-бірі сұрап отыратын кездер болды» деп еске алатын. Оқушы Асқар білсем деп құмартып тұрады екен. Бұл туралы жазушы Қуандық Түменбай: «Қағілез бала қарап жүрмей, айналасына терең көз салып жүрді. «Әр төбесін басқанда бір ертегі шертетін» Сыр даласындағы төбешіктерді зерттегісі келді, ауылға жақын Сығанақ қаласы туралы көнекөздерден сыр тартып, «Қазақ» сөзі қайдан шықты?» деп «Қазақстан пионеріне» мақала жазды. Математикаға алғыр бала тарихқа да ерекше құмартты, өлең де жазды. «Басқаның бәрін білгенмен, тарихты білмей толыққанды азамат бола алмайсың» деген сөз де жүрегін толқытты. Сөйтіп жүргенде жас математиктердің облыстық олимпиадасында жеңімпаз атанып, Киевтегі Бүкілодақтық олимпиадаға қатысып, ар­найы жүлдемен оралды. «Лениншіл жастың» бетіндегі мектеп оқушыларына арналған есепті түгел шығарып, газеттің де жүлдесін жеңіп алды», – деп жазады.

Асқар ағамыздың өмір жолына үңіл­сек, ол кісі 1970-1972 жылдары Алматы­дағы №56 Сәтпаев атындағы физика-мате­матика мектеп-интернатында оқыды. Кейiн физика-математика класы негiзiн­де жаңа мектеп ғимараты салынып, респуб­ликалық физика-математика мектебi болып қайта құрылды. Мектепте жүргенiнде талай қалалық, республикалық және бүкiлодақтық физика-математикаға қатысты жарыстарға қатысып, жүлдегер атанды. Осылайша бала күнгі арман бірте-бірте шындыққа айналып, ғылым жолына бет бұрды.

ҒЫЛЫМҒА АРНАЛҒАН ҒҰМЫР

Әңгіме арқауына айналып отырған Асқар Серқұлұлы 1972 жылы Мәскеу мемлекеттік университетінің механика-математика факультетіне құжаттарын тап­сырады.

Математика және математикалық мо­дельдеу институтының директоры, ҰҒА академигі, Мемлекеттік сыйлықтың лау­реаты Тынысбек Қалменов пен Алгебра және математикалық логика бөлімінің меңгерушісі, ҰҒА корреспондент-мүшесі Бектұр Байжанов біздің кейіпкеріміз туралы «Алгебрадағы Асқар асуы» атты мақала жазған. Онда ғалымды жан-жақты суреттеп, ғылымға әсіресе, математикаға қосқан үлесі кеңінен айтылады.

«Университетте жоғары алгебра бойынша дәрістерді А.И.Кострикин оқиды. Оның дәрістерінен түсінгені, ол өзі үшін ең жайлы мекен оң сипаттамалы өріс, әсіресе таңбаларды бақылап отыруды қажет етпейтін 2 сипаттамалы өріс екенін түсінді. Әл-Хорезми ережесін қолданып орыс тілін нашар білуін ол күшті қаруға айналдырды. Ол дәрістерді екі рет жазатын: аудиторияда және үйде сөздікпен қайтадан жазатын. Осындай тәсілмен әсіресе, КПСС тарихы алдындағы қорқынышын жояды. Кеңес студенттерінің айбарлы пәні оны диалектикалық материализмнің негізін қалаушылардың еңбектерін оқу­ға, сонымен бірге орыс әдебиетінің клас­сиктері мен математика классиктерін оқуға үйретті. 1981 жылы В.А.Стеклов атындағы Математика институтында кандидаттық диссертациясын қорғайды (ғылыми жетекшісі – А.И.Кострикин), ал 1988 жылы институттың Ленинградтағы бөлімінде докторлық диссертациясын қорғайды. Диссертациялар оң сипаттамалы Ли алгебраларының когомологияларына арналған болатын. Асқар Серқұлұлының ғылыми қызығушылықтары әралуан: Ли алгебраларының теориясы, ассоциативті емес алгебралар теориясы және ком­бинаторика. Оның кейбір нәтижелеріне тоқталайық. Ноль сипаттамалы өрістегі Ли алгебралары теориясының негізінде радикалды жіктелу жайлы Леви-Мальцев теоремасы жатыр. Ол өз кезегінде, Уайтхед леммасынан шығады. Бұл лемма бойынша келтірілмейтін модульді когомологиялар нольге айналады. Сипаттама оң болған жағдайда Уайтхед леммасы дұрыс емес. Джекобсон кез келген Ли модулярлы алгебрасының жіктелмейтін модулі бар екенін дәлелдеген. Селигман кез келген модулярлы ақырлы өлшемді Ли алгебрасының ноль емес, когомологиялы модулі бар екені туралы гипотеза жасайды. Асқар Жұмаділдаев Селигманның гипо­тезасын дәлелдейді. Атап айтқанда, ол кез келген ақырлы өлшемді p>0 сипаттамалы Ли алгебрасы үшін мынадай теоремаларды жеріне жеткізеді. Сөйтіп ноль емес когомологиялы модуль табылатынын; ноль емес когомологиялары бар, келтірілмейтін модульдер шектеулі болатынын; осындай модульдердің саны ақырлы екенін ай­қындайды» дейді қос математик әріптестері туралы.

Асқардай академиктің Ли теориясын зерттегені белгілі. Бүгінде алгебраның бір атасына айналған атақты норвег математигі Софус Ли – әлемдік ғылымда өзіндік орны бар ғалым. XIX ғасырдың аяғынан бастап физиканың дамуы, дифференциалдық гео­метрия, дифференциалдық теңдеулер теориясы жаңа алгебраларды қолдану қажеттігін туғызды. Мұндай алгебралар Ли алгебралары деп аталады. Мәселен, Ли алгебрасында кез келген элементтің квадраты нөлге тең. Осындай ғажайып алгебраның математика мен физикада қолданылатын мүмкіндіктері зор екенін алғаш дәлелдеген де Софус Ли болатын.

Санның анасы – қосу мен алу, математиканың анасы – алгебра дейміз. Алгебрадан жаңалық ашқандар оны ар­хивке жібереді, бір ғасырларда ол Ли мен Ковалевская жаңалығындай жарқ етіп жарыққа шығады. Асқардың да өмірі осындай. Ол Францияда жүріп, теңдеуі төртке тең алгебралық амалды ашып, оған Кененнің қызы Төрткеннің есімі жаңғырсын деп, «Төрткен амалы» деген атау қойды. Бұл «Алгебрадағы байланыстар» халықаралық журналында жарияланып, дүние жүзіне тарады.

Ғалымдар «Төрткен амалының» бола­шағы зор екенін айтады. Жүз жылдан астам уақыт бұрын Софус Ли екі векторлық өрістің композициясы міндетті түрде векторлық өріс болмайтынын, бірақ олардың коммутаторы векторлық өріс болатынын байқады. Бұл қағидат Ли ал­гебралары мен Ли топтары теориясының негізін құрайды. Асқар Жұмаділдаев Ли құрылымы көпөлшемді жағдайға да жалпыланатынын байқады. Егер n-өлшемді көпбейнедегі векторлық өрістердің саны n+1 саны квадратынан үшке ауытқитын болса, онда ((n+1)^2-3)- векторлық өрістің кососимметриялық қосындысы қайтадан векторлық өріс болады. Софус Лиден кейін 150 жыл өткен соң ашылған осы тамаша жаңалық Ли алгебраларының көпөлшемді нұсқалары геометрия мен физикада мүмкін екенін және олардың болашақта ашылар жаңалықтардың қайнар көзі болатынын көрсетеді.

Новиков алгебрасы оң жақ симметриялы ассоциатор тепе-теңдігімен және сол­жақ коммутативтілік тепе-теңдігімен анықталады. Новиков алгебрасының негіз­гі мысалы: көпмүшеліктер кеңістігіндегі a x b= a’b көбейту амалымен анықталатын алгебра. Жұмаділдаев туынды алу мен интегралдау амалдары көмегімен құрылған көбейтінділерге қатысты көпмүшеліктер алгебраларының тепе-теңдігін зерттеуді бастады. Новиков алгебрасын жалпылайтын бірқатар жаңа алгебра кластарын құрды. Мысалға, a x b=a’b+ab’ көбейтіндісіне қатысты көпмүшеліктер кеңістігі 4 дәрежелі тепе-теңдікке бағынады:

(a x b) x (c x d)-(a x d) x (c x b)=(a,b,c) x d-(a,d,c) x b,

мұнда (a,b,c)=a x (b x c)- (a x b) x c – ассоциатор.

Бұл «Төрткен тепе-теңдігі» деп аталады. Тарих мұнымен бітпейді. Екі жылдан кейін a x b көбейтіндісі бес дәрежелі басқа тепе-теңдікке бағынатыны анықталды. Оны «Бескен тепе-теңдігі» деп атады. «Төрткен» алгебрасының тепе-теңдіктер базисі осы екі тепе-теңдікпен біте ме, жоқ па,  оны ешкім білмейді.

Тарих енді басталуда. Ал егер «Төрткен» көбейтіндісінде дифференциалдау амалын интегралдау амалымен ауыстырса не бо­лады? Ол жерде де төрт дәрежелі тамаша тепе-теңдік пайда болады екен. Төрткен тепе-теңдігінен бір ғана айырмасы: Төрт­кен тепе-теңдігіндегі ассоциаторларды яко­бианға және таңбаларды ауыстырса болғаны. Бұл тепе-теңдікті Төрткеннің туысы ретінде «Төртқара тепе-теңдігі» деп атаған дұрыс болады. Біз «Төрткен тепе-теңдігінің» «Бескен тепе-теңдігі» деген сіңлісі бар екенін білеміз. Ендеше, Төртқараның Бесқара деген інісін – бесінші дәрежелі тепе-теңдігі болуын күтуге болады. Оны қалай тапсақ екен? «Төрткен» және «Төртқара» алгебралары көптеген мәселелерді туындатады. Асқар осындай алгебралардың бір мысалын ғана ойлап тапты. Басқалары бар ма? Осындай алгебралардың құрылымдық теориясы қан­дай? Бұл алгебралардың басқа апалары мен ағалары бар ма? Дифференциалдау, интегралдау амалдары көмегімен көбей­тінділерді көптеп ойлап табуға болады. Кейбір алгебралар өте қызық, кейбірі қызық емес. Оларды қалай айыруға болады, қалай жіктеу керек? Бұл сұрақтар өз зерттеушілерін күтіп жатыр. Бұл осы саланың білгір мамандары – Т.Қалменов пен Б.Байжановтың пікірі.

ТАРИХИ ШЕШІМДЕРДІ ҚАБЫЛДАУҒА ҚАТЫСҚАН

Асқар Жұмаділдаев туралы сөз қоз­ғағанда оның қайраткерлік қырын айтпай кетуге болмайды. Атақты ғалым Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің ХІІ және ХІІІ шақырылымдарының депутаты болды. 1993 жылы ол Қызылорда қаласы бойынша сайлауға түсті. Он үш бәсекелестің ара­сынан топ жарды. Оның сайлауалды тұғырнамасында дарынды жастарды қол­дайтын арнайы қор құру туралы ұсыныс бар еді. «Болашақ» бағдарламасы аясында он мыңнан аса қазақ жастары шетел университеттерінде білімін жалғастыруға мүмкіндік алды. Асқар Жұмаділдаев – Парламенттің Қазақстанның Тәуелсіздік туралы декларациясы, Қазақстанның Тәуелсіздігі туралы Заңы, Қазақстан Республикасының бірінші Конституциясы және Қазақстан Респубикасының Тұңғыш Президентінің алғашқы сайлауы сияқты тарихи шешімдерді қабылдауына қатысқан қайраткер азамат. Ол XII шақырылған кеңесте С.Зиманов, Ө.Жолдасбеков, С.Сартаев, Ш.Есенов, М.Қозыбаев, Қ.Мырзалиев, Ш.Мұртаза секілді ел таныған ағаларымен қатар отырды. XIII шақырылған Жоғарғы Кеңесте тәуелсіздік декларациясы қабылданды. «Қазақша білетін адам ғана Президент бола алады» деген ұсыныс түскен екен. Сонда Асқар Жұмаділдаев «Қазақ тілін еркін сөйлеп, жаза алатын адам ғана Президент бола алады» деген түзету енгізеді. Козлов деген депутат: «Неге менің балам Президент болмауы керек?» деп қарсы дау айтқан. Сонда дарабоз тұлға «Сіздер болдыңыздар, әлі де болмай қалмайсыздар, әуелі тұрған жеріңіздің тілін үйренетін уақыт жетті» деп жауап береді.

Асқар Жұмаділдаев Еуропа елдеріндегі атақты университеттерде жұмыс жасады. Ыстамбұл, Амстердам мен Франкфурттың әуежайларында ол көптеген атақты адам­дарды жолықтырды. Осындай сәттің бірінде, бір рейстен екінші рейске өтіп бара жатып Шыңғыс Айтматовты кездестіреді. Сонда «Боранды бекетте» екі қате бар. Менің атам Үсенді сіз Едіге деп атапсыз, Бөріойнақ разъезін Боранды бекет деп атапсыз. Ал қалғанының бәрі тура романда суреттелгендей болды», – депті Асқар ағамыз заңғар жазушыға қарап. Шыңғыс Төреқұлұлы Асқарды құшақтап: «Иә, шы­нымен де сен айтқандай болды, әрине, мен сенің атаң Үсен туралы, Бөріойнақ разъезінің жол қараушысы жайлы жаз­дым», – депті. Қаламгер Едігенің осындай мыңдаған прототиптерінің болғанын айт­пады. «Бұрын еуропалықтар қазақтарға ғылым үйретсе, енді ғылымды оларға қазақ үйретіп жатыр. Дүние қалай-қалай өзгереді, ә?!», – депті Айтматов. Асқар Жұмаділдаев әлемнің бір қиырына асықса, Шыңғыс Айтматов екінші қиырына асығып бара жатты. Бұл жазушы мен математиктің алғашқы да әрі соңғы кездесуі болыпты.

Бүгінде 60-тан асқан ағамыз ойын еркін жеткізетін, ұтымды ұсыныс айта білетін, қоғамда болып жатқан оқиғаларға өзіндік көзқарасын, пікірін білдіретін ел ағасына айналды. Ол мемлекеттік деңгейдегі жоғары сыйлықтармен марапаттауға бай­ланысты үш ел президенттерінің қабыл­дауында болды. 1995-1996 жылдары Гумбольдт қорының стипендиаты атанды. Осыған байланысты оны Германия Федеративтік Республикасының Президен­ті Р.Герцог қабылдады. 2011 жылы Елбасы Н.Назарбаев оған Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығын табыс етті. 2012 жылы Иран Ислам Республикасының Президенті М.Ахма-динижад оны халықаралық Әл-Хорезми сыйлығымен марапаттады.

МАТЕМАТИКАНЫ ПОЭЗИЯМЕН ҰШТАСТЫРҒАН

Осыдан бірнеше жыл бұрын Асқар Жұмаділдаевтың 60 жасқа толуына орай Шиелі ауданындағы «Салтанат сарайында» ғалыммен кездесу өтті. Сол жерде академик туралы біраз сырға қанықтық. Оның ақындық қабілетінің бар екенін де сонда білдім.

Математиктің өзі: «Абай хакiм тұрғанда мен хакiм емеспiн,

Иранбектер тұрғанда мен ақын емеспiн» – дейді. Сонда да есепті шемішкедей шағатын жерлесіміздің көп айтыла бер­мейтін осы қырына арнайы тоқталғанды жөн санадық.

– Жан сезім ұшардай боп әрең тұрар,

Синустар өзгелерден сәлем сұрар.

Алайда домбырамен кездескенде,

Иіліп домбыраға сәлем қылар, – деген жолдар ғалымның өнердің өзін математикамен байланыстыратынын ай­ғақтап тұр. «Мәскеудегі домбыра» деп аталатын осы бір өлең:

– Домбыраны қос ішек еңіретті,

Жастықтың жайлауынан өмір өтті.

Аяңдап алпысқа да жетіп қаппыз,

Айқайлап шулатпай-ақ төңіректі,– деген ойлармен сабақталады. Ал «Сыр-Ана» деген өлеңінде туған жерге деген сағыныш суреттеледі.

– Жүгіртетін жыр қалам,

Сағынышты сыр ғана.

Алыстағы бір балаң,

Есепте ме Сыр-Ана? – деген жолдар сөзімізге дәлел.

Академик шетелдерде көп болды. Оның туған елін, туған жерін, Сырдариясын, балалық шағы өткен Шиелісін сағынуы заңды да. Ағамыздың Шиелі туралы бірне­ше өлеңі бар. Туған жеріндегі кездесуде оқыған мына өлеңі құлақ құрышын қандырып, жүрек түкпіріне ұялаған еді.

– Балы тамған жас қамыс,

Бал құрақтай Шиелiм.

Бал бұраусыз баспаңыз,

Көңiл-күйдiң тиегiн.

Шиелi ғой жыр-өңiр,

Айтайықшы ән қылып.

Бiр күн өтер бұл өмiр,

Туған жерiң – мәңгiлiк.

Жусан менен жыңғылдың –

Жүрек тербер мекенi.

Жыңғыл дейдi мың жылдық,

Роза гүлiң не теңi?

Таңертеңгi ауасы,

Самал жел боп еседi.

Жанға шипа дауасы,

Топырағы, кесегi.

Күн батады балбырап,

Мал қайтады бесiнде.

Сары құмда бал құрақ,

Сурет қалды есiмде.

Арман қуар нұр-таңың,

Дамылдатпас сенi де.

Анда-санда ұрпағым,

Алар еске менi де.

Асқар ағамыз туралы жазу да, айту да оңай емес. Алайда ол кісі жайлы жазылған мақала, академиктен алған сұхбаттар баршылық. Осы мақаланы жазу барысында сол дүниелерді пайдаландық. Өз басым ғалым ағамызды бірнеше рет көрдім. Ыбырай Жақаев атамыздың 125 жылдығына арналған мерейлі мерекеде аудандық газеттің редакциясына соғып, «Өскен өңірде» өз қолтаңбасын қалдырды.

Айгүл Аханбайқызы республикалық «Жас Алаш» газетіне А.Жұмаділдаев жайлы мақала жазып, математиктің кеудесін үнемі шабыт қысып, әсем бір ғажайып күй ойнап жүретін көрінеді деген ой білдіреді. Шынында, даланың дархандығын кеудесіне сыйдырған ғалымның жүрегін күй мен жыр кернемегенде қайтсін?! Ол жүрек түкпіріндегі сөзді өлеңге айналдыра білді. Оның ерекшелігі математиканы поэзиямен ұштастыра білуінде жатыр.

Академик Асқар Жұмаділдаев – ешкімге ұқсамайтын өзіндік жолы бар дара тұлға. Ол 25 жасында ғылым кандидаты, 31 жасында физика-математика ғылымдарының док­­торы болды. Атақты математик Гер­маниядағы Мюнхен, Билефельд уни­верситеттерінің профессоры болып, Кембридж университетінің жанындағы Ньютон институтында, Италиядағы «А.Салам» атындағы халықаралық тео­риялық физика орталығында, Швеция Ко­рольдік Ғылым академиясының «Мит­таг-Лефлер» математика институтында қызмет атқарып, лекциялар оқыған. Германияның, АҚШ-тың мемлекеттік стипендияларын, Швеция Корольдік Ғылым академиясының грантын иеленген. Оның жеткен жетістігі әлем ғалымдары тарапынан оң бағасын алған. Ғылымға түрен сала жүріп, қазақ жұртын күллі әлемге мойындатқан.

Әзиз ЖҰМАДІЛДӘҰЛЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: