Жұма, 27 желтоқсан, 05:46

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

8 адамнан Конго-Қырым қанды безгегі анықталды

05.07.2023

879 0

         Қызылорда облысы Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының табиғи ошағында орналасқан. 2023 жылы бұл аса қауіпті ауру бойынша облыс бойынша 106 елді мекен қолайсыз болып белгіленді. Осыған орай аталған елді мекендерде кенеге қарсы көктемгі өңдеу жұмыстары жоспарлы түрде Жанақорған, Шиелі аудандарынан бастап 2 кезеңмен облысымыздың барлық аудандарында және Қызылорда қаласында  жүргізілді.

 Жыл басынан бері облыс бойынша Конго-Қырым геморрагиялық қызбасына 23 күдікті жағдай тіркеліп, оның 8-і клиникалық-зертханалық және эпидемилогиялық жолмен нақтыланды. Олар Қармақшы, Сырдария, Шиелі, Жанақорған аудандары және Қызылорда қаласынан анықталды. Науқастармен қарым-қатынаста болғандардың барлығы 14 күнге медициналық бақылауда болды, шағымданушылар анықталған жоқ.  Ауру ошақтарында санитариялық-эпидемиологиялық қызмет тарапынан эпидемиологиялық-энтомологиялық зерттеулер жүргізіліп, залалсыздандыру жұмыстары жасалды.

         Ағымдағы жыл басынан тұрғындар арасында 620 адам кене шағумен медициналық көмекке жүгініп, тиісті ем-дом жасалып, 14 күн бойы медициналық бақылауда болды.

         Жыл сайын көктемгі, күзгі эпидемиологиялық маусымда арнайы зоологиялық-паразиологиялық топ құрылып, кенелердің таралуы, дамуы, түрлік құрамы, жұқпалылығы, яғни жалпы эпизоотологиялық жағдайға зерттеу жұмыстары жүргізіледі. Осы зерттеу жұмыстары барысында  кенелердің жұқпалылық көрсеткіші (құрамында КҚГҚ вирусы кенелердің үлес салмағы) 6,5% құрады.

   Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті табиғатқа демалысқа шыққанда, егіндік, мал шаруашылығымен айналысқанда, сондай-ақ, балық аулау, далалық жағдайда еңбекпен шұғылданғанда келесі сақтану шараларын ұсынады:

  • Мал қырқымы кезінде қырқымға қатысушылар қорғаныс киімдерімен жұмыс жасау, ұзын резеңке қолғап, алдына резеңке алжапқыш (кененің қаны киімге жұқпас үшін) және ұзын қоныш етік кию (кене балақтан кірмес үшін);
  • кенелердің жабысуын болдырмауға арналған түрлі жақпа майлар, аэрозольдер түріндегі үркіткіш заттар (репелленттер) пайдалану;
  • табиғатқа шыққанда ауылшаруашылық малдарына, үй жануарларына  (мал қырқымы, сиыр сауу, т.б.) күтім жасағанда мейлінше ақшыл түсті жабық киім кию, шалбардың балағын етік ішіне немесе шұлық ішіне салып, жеңді түймелеп, кене кірмеу жағдайын жасау.

Кене шаққан жағдайда не істеу керек?

Жабысқан кенені абайлап пинцетпен тұмсық тұсынан қысып, мыжып жібермей, жайлап тартып алу керек. Бірден жұлып алған жағдайда кененің тұмсығы тері астында қалып қойып, жергілікті орынның іріңдеуі, қабыну белгілері пайда болуы мүмкін. Кененің шаққан орынын  спиртпен немесе йод ерітіндісімен  залалсыздандыру қажет.  Кене шаққан жағдайда, не болмаса жоғарыда келтірілген ауру белгілері пайда болған жағдайда, уақыт созбай міндетті түрде дәрігерге қаралған жөн. Кене шаққан адам  14 күн медициналық бақылауда болады. Дер кезінде медициналық  көмекке жүгіну – аурудың асқынуы мен өлім жағдайларының алдын алатынын есте сақтаңыз!

Адам медицина көмегі арқылы өзіндегі белгілі бір аурудан 10 пайызында ғана түгелдей айығуы мүмкін, ал аурудың алдын алу жолдарын сақтаған жағдайда, адам өз денсаулығын аурудан 50 пайызға дейін қорғай алады. Сол себепті ұсынылған кенеден қорғану, аурудың алдын алу шараларын орындау арқылы Сіз өз денсаулығыңыз бен қауіпсіздігіңізді қамтамасыз ете аласыз.

Динара Жанабергенова

Қызылорда облысының санитариялықө-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысы

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: