Сәрсенбі, 24 сәуiр, 03:45

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№32 (2042)
23.04.2024
PDF мұрағаты

Ақылдың құны қанша?

09.10.2021

723 0

Ақыл-ойдың құны шексіз екенін білеміз. Алайда қоғамда ақылын сатып ақша алған азаматтардың көбеюі сол үлкен күмәнге жетелейді. Ол күмән адамдардың нұсқауға, жол көрсетуге мұқтаждығында жатса керек.

Мысалы, жақында танысым айтыскер Айнұр Тұрсынбаеваның «Айнұрдың мотивациялары» деген кітабын 7 мың теңгеге сатып алып бердім. Соңғы уақытта елімізде осы сынды түрлі тренингтер мен кітабын шығарған тренерлер қаптап кетті. «Аңқау елге арамза молда» деуші ме еді мұндай да? Бәрі, әйтеуір, халықтан ақша жырып қалмақшы. Расы сол, мыңдаған адамды жинап алып, үлкен залдарда тренинг өткізу шынымен сәнге айналды. Қатысуының өзі әжептәуір қаражат болатын осындай жиындарға баратын адамдардың да қарасы қалың. Соған қарап, қоғам тығырықтан шығар жол таба алмай жүр ме екен деп ойлап қаласың.

Өзі «Тренинг» деген ағылшын тілінен аударғанда «жаттығу, үйрету» дегенді білдіреді. Яғни ақыл-ойыңды жетілдіру. Осы тренинг өткізуді алғашқылардың бірі болып психологиялық кітаптардың авторы Дейл Карнеги қолданыпты. Ол ХХ ғасырдың басында көпшілік алдына қысылмай шығу, кібіртіктемей сөз сөйлеу, өзіне сенімді болу, адамдар арасындағы қатынасты реттеуді үйрететін «Dale Carnegie Training» орталығын құрған. Яғни тренинг өткізеді. Мұндай тренингтер әлемнің бұрыш-бұрышында өткізілді. Уақыт өте келе бізге де ене бастаған бұл үрдіс. Ал қазір елімізде тренинг өткізетін 200-ге жуық орталық бар екен. Бұл тіркелгені ғана. Басты мәселе, бірінен көргенін бірі істейтін тренингтің кәдімгідей «сәнге» айналғаны болып тұр. Себебі не?

Кеше әлеуметтік желіні бір сүзіп шықтық. Психологтардың айтуынша, тренингтерге өзінің бағытын нақты айқындай алмаған не қоғамдағы орнын білмейтін немесе аста-төк пайдаға кенелгісі келетіндер барады екен. Тағы бір айта кететін жайт, қаптаған түрлі тренингтерге барған адамдардың ақпаратты қабылдауы мінезіне, болмысына де байланысты. Шыны сол. Әркімнің ақпарат қабылдауы әртүрлі, сондықтан да біреулер бір тренингтен кейін-ақ өміріне өзгерістер енгізуі мүмкін екен. Ал кейбіреулер бірнеше тренингке барса да, еш нәтиже бермеуі ықтимал. Сәнге айналған тренингтердің жетегінде жүргендердің біразы жауапкершілікті өзіне алуға дайын емес жандар деп топшылайды олар.

Мәселен, шығармашыл адам жылдар бойы әдеби кітаптар оқыса, сол адамның көкірек көзі ашылып, танымы кеңейіп, жаңа бір деңгейге көтеріледі ғой. Осындай тұрғыдан қарасақ, әрине, тренинг қажет. Ал зияны қандай? Кейде уыстап ақша төлеп, жүздеген адам топырлап барып, біреудің бетіне телміріп отырғанын көргенде таң қаласың. Тренингті өткізген адам сол саланың нақты маманы емес, жай ғана сол саланың бірнеше кітабын оқып алып, көпіріп ақыл айтушы ғана болып шықса ше? Осыны да бағамдау керек сияқты.

Кейбір тренингтегі әңгімелерді көрсең күлкі қысады. Салмақсыз әңгімелер. Ал әлгі тренинг өткізушілер қазақтың менталитетіне келмейтін, бір-бірімен үш қайнаса сорпасы қосылмайтын шетелдіктердің әдістерін тықпалайды. Біреуіне мен де қатысқам кезінде. Тура 6 сағат болған тренингте не айтар екен деп соңына дейін отырдым. Жоқ, болмашы дүние. Жұртты алдау ғана деп бағамдадым өзім.

Жалпы «дүниедегі ең оңай нәрсе – біреуге ақыл айту» деген бар ғой. Тренинг өткізетіннің бәрі бірдей ақылды емес. Сондықтан ақшаңыз бен уақытыңызды босқа шығындамас үшін тренинтерге талдап, талғап, зерттеп алып барғаныңыз дұрыс дегім келеді.

Ақтілек БІТІМБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: