Жексенбі, 22 желтоқсан, 11:11

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Аңсаған сәби – бақыт бастауы

10.04.2022

980 0

Адамның бір қызығы бала деген… Алайда қазір осы бақытты сезіне алмай, ұрпақ сүюді армандап жүргендер жетерлік. Статистикалық мәліметке сүйенсек, еліміздегі әрбір алтыншы отбасы бір перзентке зар екен.  «Балалы үй базар» демекші, бала отбасының беріктігінің бірден-бір кепілі. Өйткені қазір кейбір ерлі-зайыптылар ортада бала болмаған соң да ажырасып жатыр.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылдан бастап «Аңсаған сәби» бағдарламасын жүзеге асыруды тапсырып, экстра-корпоральды ұрық­тандыру бағдарламасы бойынша бөлінетін квота санын 7 есе көбейту керегін айтты. Негізі елімізде ЭКҰ бағдарламасы 2010 жылдан бастап жүзеге асуда. Онда әйелдерге тегін кепілдендірілген медициналық көмек беріледі. Содан бері бұл бағдарлама мыңдаған отбасына қуаныш сыйлап, демографияның өсуіне ықпал етіп келеді. 

– Біздің отбасылы болғанымызға 6 жыл толыпты. Соншама уақыт сәбилі болуды аңсадық. Бала тілеп, бармаған бақсы-балгеріміз қалмады. Аталардың басына да түнедік. Сөйтіп жүргенде нәрестесін қоқыс жәшігіне, әжетханаға тастап кететіндерге ашуым келетін. Ең бастысы жолдасым екеуміз бір-бірімізге қолдау көрсете алдық. Түсіністік. ЭКҰ жасатуға шешім қабылдадық. Тәңірдің сыйы болар, барған күннен барлығы сәтті өтіп қыз баланы дүниеге әкелдім. Көп ұзамай екінші сәбиімізге жүкті екенімді білдім. Бұл біз үшін күтпеген ең керемет жаңалық болды. Осылайша қазір бір қыз, бір ұлдың ата-анасы атанып отырмыз, – деді Жансұлу Төленова.

Расында, бүгінде кейіпкеріміз сияқ­ты қаншама әйел дәрігер есігін қағып, бақсы-балгер мен киелі жерлерді аралап жүр. Түсінген адамға бала көз қуанышымыз, баға жетпес байлығымыз. Қазақ ертеден «Тар құрсақты кеңітіп» дүниеге келген сәбиінің езу тартып күлгеніне, апыл-тапыл басқанына, был­дырлап сөйлегеніне төбесі көкке жетеді. Әр қадамына той жасайды. Ал бір перзенттің жоғынан кең дүниесі тарылғандай, қанатынан қайырылғандай күй кешкендерге ЭКҰ бағдарламасы жұбаныш болуда. Әсіресе, өткен жылдан бастап елімізде «Аңсаған сәби» жобасы қолға алынып, квота көп бөлінуде.

– Қазіргі кезде денсаулық сақтау басқармасында «Аңсаған сәби» бағдар­ламасы аясында ЭКО-ға баруға 792 әйел кезекте тұр. Өткен жылы Қызылорда облысына 281 квота бөлініп, ол толықтай игерілді. Оның 53 проценті нәтижелі болды. Ал биылғы жылға 277 квота беріліп, 83-і порталға салынып тұр. Медицина мамандарынан құрылған арнайы комиссия мүшелері әйелдердің құжатын, денсаулығын жан-жақты тек­серіп, порталға ай сайын 31 адам салады. Өткен жылы елімізде 33 ЭКО орталық бар еді. Биыл 19 ғана ЭКО орталықпен жұмыс істеп отырмыз. Себебі оларға жіберілген әйелдерде нәтиже болмаған соң, Денсаулық сақтау министрлігі көбісіне квота беруді тоқтатты. Әрбір әйел медициналық орталықты өзі таңдайды. Сол орталықтан толық тексеруден өтіп, хаттама ғана алып келеді. Бүгінде бізде 2014 жылдан бастап кезекте тұрған келіншектер бар. Осы жерде айта кетер бір жайт, 8 жылдан бері кезекте тұрған әйелдерді жеке басы туралы берілген мәліметтері бойынша іздеп таппай жатырмыз. Емхана арқылы байланысқа шығып, бізге берген мекен-жайдан басқа қалаға көшіп кеткендері де бар. Мұндай жағдайда олардың кезегін алып тастауға тура келеді. Өйткені олардың артында тұрған кезекті жылжытуымыз керек. Бүгінде өткен  жылдың 1  сәуіріне дейін тіркелген әйелдердің барлығын тізім бойынша шақырып, жұмыс істеп жатырмыз. Қазір міне, 2014 жылы  кезекке тұрған 47 жастағы келіншек келді. Негізі квота 49 жасқа дейінгі әйелдерге беріле­ді, – деді облыстық денсаулық сақтау басқармасы ана мен бала денсаулығын қорғау мәселелері жөніндегі бөлімнің маманы Мира Мырзаханова.

Өкінішке орай ЭКО орталығына бе­рілетін квота бала сүйе алмай жүрген әйелдің бәріне берілмейді. Өйткені мұнда әйел денсаулығына жіті мән беріледі. Мәселен, жатыр түтіктерінің болмауы, аналық жасушасының тым аз болуы тағы да басқа себептері тікелей әсер етеді. Сондықтан барлық әйелдердің ЭКО орталығына жүгінуге мүмкіндігі аз. Жалпы елімізде 1996 жылы қолдан ұрықтандыру әдісімен тұңғыш сәби дүниеге келді. Мұны ең алғаш қолға алған  ЭКҰ орталықтары мен бедеулікті емдейтін «Экомед» ұрықтандыру орта­лығының негізін қалаушы Салтанат  Байқошқарова. Қазір бұл клиниканың бөлімшелері еліміздің 8 аймағында орналасқан. Шағын зертханадан басталған тәжірибе бүгінде іргелі ғылыми репродуктивтік медицина институтына айналды. Қазір мұнда сәби иісін аң­саған отбасыларға бақыт сыйлау үшін соңғы үлгідегі заманауи технологиялар қолданылады. Осы жылдар ішінде 16 мың бала дүниеге келген. Ал Сыр өңірінде «Экомед» орталығы 2018 жылдан бері жұмыс істеп келеді.

–  ЭКО Қазақстанда алғаш келген кезде қоғам бірден оң қабақ таныта қоймады. Дегенмен қазір адамдардың денеден тыс ұрықтандыруға деген көз­қарасы өзгерді. Себебі бүгінде бала сүйгісі келетін ерлі-зайыптылар уақыт ұттырмай біздің орталықтың көмегіне жүгінеді. Жасыратын несі бар, өзге ұлт өкілдеріне қарағанда қазақ ата-аналар бұл жұмыстың жасырын түрде өткенін қалайды. Бұл енді біздің менталитетіміз. Көбі «Жасанды ұрықтандыру» деп айтады. Бұл сөз халықтың санасын аздап адастыратын тәрізді. Жасанды деген сөзді басқа біреудің ұрығын салғандай қабылдайды. Шын мәнінде, әйел ағзасында қосыла алмаған аналық және аталық ұрықты сыртқы ортада біріктіріп, жатырға саламыз. Сондықтан да бұл жұмысты «Денеден тыс ұрықтандыру» деп атаймыз. Орталықтың ең бірінші талабы ерлі-зайыптылар бірге келіп тексерілуі керек. Алдымен бедеуліктің қандай түрі, кімнен екенін анықтаймыз. Олардың жас ерекшелігін ескереміз. Сөйтіп, жан-жақты тексеруден өткізіп, ем жүргіземіз. Мәселен, 2020 жылы 200-ге жуық әйел тексерістен өтсе, өткен жылы 300-ден аса әйел ЭКО-ға жүгінді. Оның ішінде квотамен және ақылы келгендері де бар. Солардың 60 проценті нәтижесін берді. Айта кету керек, бізден квотамен барған әйелдің бірінші мүмкіндігінде бала болмаса, екінші, үшінші мүмкіндігі ақылы негізде жүреді. Бірақ оған көп қаражат кетпейді. Себебі оның барлық мәліметі бар, қайта тексеруден өтпейді. Мәселен, 4-5 жақсы эмбрион шықса, оның біреуін салған соң, қалған эмбриондарды қатырып, сақтап қою әдісі дамыған. Бұл оның сапасын жоғалтпайды. Елімізде бір рет алынған аналық ұрықтан төрт перзент сүйген жұп бар, – деді «Экомед» ұрықтандыру орталығының акушер-гениколог дәрігері Жадыра Жандарбекова.

Ел арасында ЭКО-мен дүниеге  келгендердің ұрпақ өрбітуі екіталай деген пікірлер жоқ емес. Алайда бұл шындыққа жанаспайды. Себебі 1997 жылы ЭКО-ның көмегімен дүниеге  Алеся Шин 2019 жылы ана атанды. Ол сәбиін табиғи жолмен көтеріп, 15 қазан күні Алматыдағы №1 перзентханада босанған. Мамандардың айтуынша, денеден тыс ұрықтандыру әдісі, аты айтып тұрғандай, табиғи жолмен бір-біріне кездесе алмайтын аталық және аналық ұрықты дене сыртында арнайы түтікшелер арқылы қосады. Бұл әдіспен жүкті болғандарға алғашқы айларда ғана ерекше күтім керек. Ал кейін бала өсе келе табиғи жолмен пайда болған сәбиден еш айырмашылық болмайды екен.

Бала – отбасының шаттығы. Ал денсаулық – өмір кепілі. Осы тұста ЭКО көмегіне қанша жүгінгенімен еш нәтиже шықпай, сағы сынып жүргендер де жетерлік. Өкінішті-ақ.

Ақмарал ОЛЖАБАЕВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: