Өңірдегі эпидемиологиялық ахуал күннен-күнге күрделеніп барады. Коронавирус жұқтырған науқастардың саны тәулік сайын артуда.
Індетті айтсақ, алдымен былтырғы дәрі тапшылығы, қажетті құрылғылардың жоқтығы еске түседі. Дерт дендеген тұста көпшілік қарапайым бас ауруының дәрісін таппай сенделген. Соның салдарынан дәрі-дәрмек бағасының да қымбаттағаны бар. Бұл олқылықтардың қайталанбауына орын алмауына тиісті сала басшылары қазір ерекше мән беруде.
Елімізде қолдануға рұқсат етілген 7369 дәрі-дәрмек түрі бар. Оның ішінде 5 мыңнан астамы дәрігердің рұқсатымен тағайындалады екен. Осы дәрілердің халыққа қолжетімділігін облыста 281 дәріхана қамтамасыз етеді. Оның 152-сі облыс орталығында болса, қалғаны аудандарда орналасқан. Осы орайда облыстың Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысымен былтырдан бастап дәрі тапшылығын болдырмау және баға тұрақтылығын сақтау бойынша мониторингтік топ құрылған. Топ өкілдері аталған мәселеге жыл көлемінде бақылау жүргізіп келеді. Қаулы негізінде халықаралық атауы патенттелмеген 44 дәрілік зат дәріханаларда жеткілікті болуы тиіс. Яғни, антибиотиктер, дәрумен, вирусқа қарсы препарат, антипиретиктер, антикоагулянттар, гармоналды препарат, тұзды ерітінділер мен прибиотиктер кез келген дәріханадан табылуы керек. Осы дәрі-дәрмектің жеткілікті болуы – мониторингтік топ бақылауында.
Тұрақты жүргізілген бақылау нәтижесінде бүгінде ең қажетті дәрілердің қордағы көлемі артқандығы анықталған. Денсаулық сақтау министрлігінің медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің бөлім басшысы Нұрсұлтан Ермекбаевтың айтуынша, қазіргі күні қордағы антибиотиктер 2,6, вирусқа қарсы препараттар 2, антикоагулянттар 3,5 және ыстық түсіретін дәрі 4 есеге көбейген. Биыл «Қызылорда» Өңірлік инвестициялық орталығы» ЖШС 17 фармацевтикалық ұйымға жалпы сомасы 281,2 млн теңге көлемінде қаржы бөліп, соның аясында қажетті препараттар мен медициналық бұйымдар, инъекциялық және гармондық дәрілер сатып алынған. Яғни бүгінде қажетті дәрі-дәрмек қоры дәріханаларда да, қорда да жеткілікті.
Дәрі қорының жеткілікті болуымен қатар оған қойылатын бағаның да тұрақтылығы, бөлшек сауда бағасынан асып кетпеуі де қатаң бақылауға алынған. Былтыр бағаны негізсіз өсіру дерегімен 33 жағдай анықталып, әкімшілік іс қозғалыпты. Биыл мұндай дерек әзірге тіркелмеген. Ал жыл басынан бері 6512 дәрілік заттың шекті бағасы бекітілген. Осы ретте мамандар тұрғындардың «dari.kz» мобильді қосымшасының көмегімен республика аумағында тіркелген дәрілік заттардың тізбесін көре алатынын айтады. Сондай-ақ онда дәрі-дәрмек туралы барлық мәлімет пен шекті бағасы да көрсетілген. Сол арқылы қажетті дәрінің нұсқаулығымен танысып, оның дәріханадағы бағасын да біле алады. Ал қосымшада көрсетілген баға мен дәріхана бағасы сәйкес келмесе тиісті орындарға шағымдануға болады.
Аймақ басшысы Гүлшара Әбдіқалықова апта басында қаладағы «№1 дәріхана», «Доктор Плюс», «Еврофарма» дәріханасы мен «Аңсар» дәріханалық желісін аралап, ондағы жағдаймен танысты. Өз кезегінде облыс әкімі дәріхана иелеріне дәрілік заттардың қорын қалыптастырудағы жұмысты күшейту керегін нықтап тапсырды. Қысылтаяң шақта жанына шипа іздеген жұртшылықтың қажетті дәрісін таба алмай, сарсаңға түсуіне биыл жол берілмеуі керек.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!