Қызылорда облысы Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының табиғи ошағында орналасқан. Жыл сайын облыс аумағында осы ауруға шалдығу деректері тіркеліп отырады.
Ақпан айында Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының алдын алу бойынша санитариялық-эпидемияға қарсы, санитариялық-профилактикалық іс-шараларды ұйымдастыру бойынша облыс әкімінің қаулысы қабылданып, соған сәйкес маусымға дайындық шаралары наурыз айынан бастап жүргізілуде.
Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының алдын алудағы тиімді шаралардың бірі – кенеге қарсы залалсыздандыру жұмыстары. Жыл сайын қаржы бөлініп, барлық қолайсыз елді мекендерде кенеге қарсы өңдеу шаралары екі кезеңмен жүзеге асырылады. 2024 жылы облыс бойынша 115 елді мекен қолайсыз деп танылған болса, биыл олардың саны азайып, 111 елді мекенді құрады. Атап айтқанда, Аралда – 19, Қазалыда – 17, Қармақшыда – 16, Шиеліде – 18, Жаңақорғанда – 13, Сырдарияда – 12, Жалағашта – 8 және қалада – 8. Көктемгі кенеге қарсы өңдеу жұмыстары ағымдағы жылдың 9 сәуірінен басталды.
Кенеге қарсы өңдеу шараларының тиімділігін арттыру үшін тұрғындар назарына қора-аула тазалықтарын қатаң сақтау қажеттігін еске саламыз. Себебі аурудың табиғаттағы тасымалдаушысы саналатын иксодты кенелер қи-көңнің астында қорексіз жылдап тіршілік ете береді және аналық кенелер үшін жұмыртқа тастауға өте қолайлы орын болып саналады. Вируспен зақымданған кенелер жұмыртқа арқылы ауруды тікелей өз ұрпағына береді. Сол себепті жұмыртқадан өрбіген кенелер түгелдей осы ауруды денесінде сақтаушы әрі тасымалдаушы болады, яғни жаңадан аурудың табиғи ошағы пайда болады.
Ағымдағы жылдың наурыз айынан бастап зоопаразитологиялық топпен кене жинау, зерттеу жұмыстары жүрізілуде. Бүгінге дейін 9348 кене жиналып, 1029 сынама лабораториялық жолмен зерттелді, нәтижесінде 2 кенеде оң нәтиже анықталды (Жаңақорған, Сырдария ауданы).
Кене жыл бойы тіршілік етеді, алайда оның белсенділігі көктем келісімен арта түседі. Бұл ретте тұрғындар арасында, әсіресе, далалық аймақта жұмыс жасайтын, мал шаруашылығы, егін шаруашылығымен айналысатын адамдар үшін қауіп жоғарылайды. Жыл басынан бері 112 адам кене шағу жағдайларымен медициналық көмекке жүгінген. Басым көпшілігі малға күтім жасау, мал қораны тазалау кезінде, үй жануарларымен жанасу, табиғат аясына шығумен байланысты. Конго-Қырым геморрагиялық қызбасына қолайсыз аймақтан 1 күдікті жағдай тіркелді, алайда зертханалық зерттеулер қорытындыларының теріс болуына байланысты диагноз расталған жоқ.
Былтыр Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы бойынша эпидемиологиялық ахуал қолайсыз болды. Ауруға күдікті 18 жағдай тіркеліп, оның 9-ы клиникалық, эпидемиологиялық және зертханалық жолмен расталды.
Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті облыс тұрғындарын мал шаруашылығымен, ауыл шаруашылығымен айналысқанда арнайы жұмыс киімдерімен, қолғаптармен жұмыс жасауды, табиғат аясына демалысқа шыққанда кенелерден қорғайтын арнайы репеллентерді пайдалануға, ақ түсті киім киіп, кенелердің болмауына жиі тексеріп тұруды, сақтық шараларын жауапкершілікпен орындауды сұрайды. Аурудың белгілері тұмау, жедел ішек, тағамнан улану ауруларына тән белгілер болады, яғни күрт дене қызуының көтерілуі, әлсіздік, тамаққа тәбетінің жоғалуы, құсу, жүрек айну, бұлшықеттерінің ауырсынуы, бүйрек тұсының ауыруы, қатты бас, іштің ауруы байқалады. Осы белгілер болған жағдайда адам шұғыл түрде медициналық көмекке жүгінбесе, әрі қарай тістің қызыл иегінен, мұрыннан, асқазаннан, ішектен, әйелдерде жатырдан қан кетумен асқынып, өлім жағдайына әкеліп соқтыруы мүмкін. Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті аталған ауру белгілері анықталған бойда жедел медициналық көмекке жүгінуге кеңес береді. Себебі дер кезінде ем-шара қабылдаған кезде аса қауіпті аурудан толық сауығып шығуға болатындығын еске саламыз.
Әлия Әбдіқайымова
Қызылорда облысының СЭБД басшы орынбасары
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!