Сейсенбі, 24 желтоқсан, 01:22

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

МӘМС – тегін емделуге мүмкіндік

11.10.2022

787 0

Денсаулық саласына 2020 жылы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі енді. Бұл жүйе медициналық көмектің тиімділігі мен сапасын арттыру арқылы елдің әрбір азаматын күтпеген жерден орын алған қаржылық шығыстан қорғауды қамтамасыз ету мақсатында құрылды. Алайда қарапайым халық бұл мүмкіндікті пайдалана алды ма? Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният аймаққа сапарында аталған жүйені енгізген кезде коронавирустық инфекция алқымнан алып, тасада қалып қойғанын жасырмады. Дегенмен министрдің айтуынша, алдағы уақытта басымдық МӘМС жүйесінің дамуына берілмек.

Өкінішке қарай, халық медициналық сақтандырудың қызметін пайдалануға асығар емес. Қазіргі кезде Сыр өңірі тұр­ғындарының 83,9 проценті сақтан­дырылды. Алайда бұл көрсеткішті 85 про­центке дейін жеткізу міндеті қойыл­ған. Жоспардың орындалмауына не себеп? Тұрғындар арасында түсіндерме жұмыс­тары қалай жүріп жатыр? Бұдан да өзге сауалдарды «Әлеуметтік медициналық сақ­тандыру қоры» КЕАҚ Қызылорда облысы бойынша филиалының директоры Бақыт Исмаханбетовке қойған едік.

– Бүгінде медициналық сақ­тандыруда кімдермен жұмыс істеу қиындық туғызып отыр? Алдымен сақтандырылмаған тұр­ғындарға тоқталайықшы. Олар­дың саны қанша?

– Осы жылдың 1 қазандағы жағдай бойынша Қызылорда облы­сында бастапқы медициналық көмек көрсету ұйымдарына 806980 адам тіркелген. Сақтандырылған халық саны 677276  адамды (83,9%), сақтандырылмаған халық саны 129704 адамды (16,1%) құрайды. Оның ішінде жалдамалы жұмыс істейтіндер, жеке кәсіпкерлер, өзін-өзі қамтамасыз ететін дербес төлеушілер қамтылмауда. Ал соңғы 12 айда мүлдем төлем жасамағандар  саны – 78669 адам (60,7%).

– Жалпы медициналық сақ­тандыру енгізілгеніне бірнеше жыл болса да көбі қай қызметті тегін алатынын білмейді. Осы жөнінде толығырақ айтып өтсеңіз…

– Егер  адам сақтандырылған болса, онда ол тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көмегі мен МӘМС пакеттеріндегі барлық қызметті тегін ала алады. Мәсе­лен, ТМККК – мемлекеттік бюджет есебінен, ал МӘМС қыз­меті ҚОР активі есебінен бөлінеді. Осы екі пакетке негізінен барлық медициналық қызмет кіреді. Ал оған жатпайтын қызметтер ауқымы шектеулі ғана. Атап айтсақ, орто­педиялық стоматология, космето­логия, пластикалық хирургия. Ден­саулығы сақтандырылған адам­ға жедел жәрдем қызметі, оның ішінде белгілі бір жағ­дайға медициналық авиация шақыртылады. Сонымен қатар әлеуметтік маңызы бар нау­қасқа, ең көп таралған дина­микалық бақылауға жататын сыр­қат түрлерін емдеп, оларды жіті қадағалайды. Сондай-ақ балалар мен жүкті және босанғаннан кейінгі кезеңде әйелдерді бақылау, инфекциялық ауру ошақтарындағы санитарлық эпидемияға қарсы және санитарлық-профилактикалық іс-шаралар кі­реді. Амбулаторлық, стационарды алмастыратын және  стацио­нар­лық жағ­дай­дағы мамандан­ды­рылған медициналық кө­мек тегін көрсетіледі. Ту­беркулез­бен ауырып жа­зылғандарға меди­ци­­налық оңалту жүр­гі­­зіледі. Ең бас­ты­­сы, шетелге емде­лу­­­ге жіберу және отан­дық меди­циналық ұйым­­­дарда ем­делу үшін шетел­­дік маман­дарды шақыр­та алады.  Дәрілік заттармен, медициналық бұйым­­дармен, ма­мандандырылған емдік өнім­дермен, иммундық-биологиялық дәрілік пре­параттармен қамтамасыз ету қызметтері көрсетіледі. Жоғарыда аталған жағдайлар бойынша ме­дициналық мекеме тегін көмек көрсетуден бас тартпауы тиіс. Сонымен қатар ковид те барлық жұқпалы науқас түрімен бірге осы тізімге жатады. Айта кету керек, МӘМС жүйесі арқылы  консультациялық-диагностикалық көмек (мамандардың қабылдауы, КТ, МРТ, ПЭТ секілді қымбат тексеру, лаборатория, жоспарлы және сақтандырылған азаматтарға шұғыл стационарлық көмек, меди­циналық оңалту, жоғары техно­логиялық маманданған көмектің барлық түрі, ЭКҰ-ды да тегін алуға мүмкіндік бар.

– «Qoldau 24/7» қосымша­сы­ның медициналық қызмет алғысы келетін адамдарға қандай көмегі бар?

– Жаңа жоба жүзеге асқан кезде «Qoldau-24/7» мобильді қо­сым­шасы іске қосылды. Бұл қосымшаны PlayMarket пен AppStore-дан жүктеуге болады. Осы бірегей платформада 24/7 жұмыс режимінде 1406 бай­ланыс орталығы медициналық сақ­тандыру мен науқастардың құ­қығына байланысты өтініштерді қабылдайды. Мұны қолдана оты­рып, медициналық көмек туралы кеңес алуға болады. Сондай-ақ дәрігерге немесе медициналық ұйымға алғыс немесе шағым бере алады. МӘМС және ТМККК шеңберінде жұмыс істеуге қатысты ұсыныстармен бөліседі. Азаматтар жеңілдік санаты бойынша уақытша сақтандыру мәртебесіне ие болады. Мәселен, жұмыс істемейтін жүк­ті әйелдің есепке қою кезінде МӘМС жүйесінде сақтандыру мәртебесі жоқ боп шықты делік. Ол мобильді қосымшада «Жеңілдік санатына уақытша мәртебе беру» батырмасына өтіп, мәртебесін, аймағын, ЖСН-ді көрсетіп, жеңіл­дік санатын растайтын құжатын тіркеу керек. Содан кейін біздің сарапшылар жүктілікті растайтын анықтама негізінде бір айға уақытша мәртебе береді. Осыдан кейін жүкті әйел тіркелген емхана­сында жоспарлы және белгі­ленген алгоритмге сәйкес, меди­циналық есепке алынады. Одан кейін оның мәртебесі өзгермейді. Толығырақ айтқанда, әрі қарай ол сақтандырылған. Сонымен қатар мұнда ТМККК, МӘМС пакеттері  туралы өзекті сұрақтарға жауап табуға болады. Егер нау­қасқа медициналық көмек көр­сетуден бас тартса, немесе тиісті түрде көрсетілмесе, онда 1406 нөмірі, «Qoldau – 24/7» мобильді қосымшасы немесе «SaqtandyruBot» Telegram-бот бойынша жүгіну қажет. Осыған байланысты жыл басынан бері 7908 өтініш келіп түсіп, тиісінше жауап берілді. Атап айтсақ, 7587 консультация, 303 шағым, 18 ал­ғыс бар.  Оның ішінде негізгі сұрақтар – МӘМС мәртебесін алу, дәрінің болмауы, консультациялық-диагностикалық қызметті ұзақ күту, емханалар мен стационарларда ме­ди­циналық көмек көрсету сапа­сы, медициналық ұйымдар қыз­меткерінің дәрігерлік этика мен деонтологияны сақтамауы, ауру­ханаға жатқызудан бас тарту тағы осы секілді шағымдар көп. 

– Өз-өзін жұмыспен қамтыған­дарды сақтандыру қалай жүзеге асуда?

– Еш жерде жұмыс істемейтін, әлеуметтік осал санатқа жатпайтын және жеке кәсібі жоқ азамат өзін медициналық сақтандыру үшін 1 ЕТЖ-нің 5% немесе  3000 теңге мөлшерінде жарна төлеуі қажет. МӘМС жүйесіне қатысудың бұл тәсілі оралмандар мен ел ау­мағында тұрақты тұратын адамдарға да тиімді. МӘМС жүйе­сінде сақтандыру мәртебесін алу­дың тағы бір тәсілі – бұл бірыңғай жиынтық төлемін төлеу. БЖТ – бұл азаматтардың өзін-өзі өнімсіз жұмыспен қамтығандар санатын әлеуметтік қамсыздандыру жүйе­сінен тыс қалмауы үшін заңдас­тырудың бір түрі. Республикалық және облыстық маңызы бар қала­ларда тұратын жеке тұлғалар үшін БЖТ-нің мөлшері 3063 теңгені құрайды. Басқа елді мекендерде тұратындарға – 1531,5 теңге. Мұның артықшылығы егер де сақтандырылмаған (ешқандай тө­ленім жасамаған) азамат 3 ай қатарынан БЖТ төлесе, 3 айында ғана автоматты түрде соңғы 12 айдағы төлеміне қарамастан сақ­тандыру мәртебесіне ие болады. Дегенмен одан кейінгі айларда сақтандыру мәртебесінде болу үшін БЖТ-ді тұрақты ай сайын төлеп отыру керек.

–       МӘМС жарналарды төлемегенi үшiн aйыппұл салына мa?

– «МӘМС туралы» Заңның 31-бабына сәйкес, төлеушiнің (жұ­мыс берушілер, жалдамалы жұмыс­керлер, кәсіпкерлер, яғни жұмыс істейтін адамдар) аудaрымдaры мен жарнaларын уaқытылы аудармағaны үшiн жaуaптылығы қарacтырылған. Бір сөзбен айтқанда, уaқытылы аудaрылмаған сомaны мемлекеттiк кірiс оргaндары өндiріп алaды. Сонымен қатар төлеушi олaрды ҚР Ұлттық Бaнк бeлгілeген қaйта қaржылaндырудың 1,25 есeлeнген рeсми мөлшeрлемесi бойынша мeр­зімi өткен әрбiр күн үшiн есeпке жaзылған өсiмпұлмeн біргe қордың шотынa аудaруға тиiс екенi турaлы көрсетiлгeн.

– МӘМС жүйесі шетелде оқи­тын қазақстандықтар үшін қалай қарастырылған?

– МӘМС туралы заңға сәй­кес (26-баптың 1-тармағының 13-тармақшасы), жасына қара­мастан, күндізгі оқу нысаны бойынша оқитындардың барлығы (мейлі ол 18 жасқа толған мектеп оқушылары болсын, колледж, ЖОО немесе басқа да оқу орындарының студенттері болсын) азаматтардың жеңілдікті санатына кіреді. Олар үшін МӘМС жарнасын мемлекет төлейді. Анығырақ айтқанда, сту­денттер мемлекет есебінен сақ­тандырылады. Сондай-ақ жүйеде көрсетілген барлық медициналық қызметке қол жеткізе алады. Ал шетелдік оқу орындарында оқитын қазақстандық күндізгі оқу нысанының студенттері МӘМС жүйесінде сақтандырылған тұлға­лардың автоматты түрде жеңілдік мәртебесін ала алмайды. Ол үшін олар жүйеге өздігінен тіркелуі керек. Атап айтсақ, электрондық үкімет порталындағы egov.kz сер­висін пайдалану қажет. Мәселен, ізденіс жолына келесіні енгізу: «Шетелде оқитын студенттерді тіркеу». Ашылған терезедегі өті­нішті толтыру және оқуды рас­тайтын құжатты қоса беру керек. Көптеген жағдайда сақтандырудың жеңілдікті мәртебесі құжатты дұрыс толтырғаннан соң, 10 жұ­мыс күні ішінде беріледі. Егер сақтандырудың жеңілдікті мәр­тебесін беру көрсетілген мерзім ішінде орындалмаса, онда ҚР Ғылым және жоғары білім ми­нистр­лі­гінің Халықаралық депар­­та­ментіне жү­гіну қажет. Әр семестр аяқ­тал­ғаннан кейін сақ­тандыру мәр­тебесін тексеру және оқудың өзектілігін растау керек екенін есте ұстаған жөн. Өйткені дерекқордағы мәліметтер өзгеруі мүмкін.

– Сұхбатыңызға рахмет.

Сұхбаттасқан

Ақмарал ОЛЖАБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: