Жұма, 19 сәуiр, 00:18

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№30 (2040)
16.04.2024
PDF мұрағаты

Теңізбен тамырлас тағдыр

31.05.2022

549 0

Өткен сенбіде Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің «Студенттер сарайында» ұлт әдебиетінің абызы, классик жазушы, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Әбдіжәміл Нұрпейісовті еске алуға арналған «Әбдіжәміл Нұрпейісов – заманымыздың заңғар жазушысы» атты республикалық ғылыми конференция өтті.

Жиынға облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Балайым Кесебаева, жазушы, кинодраматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Елубай Смағұл, ҚР Мәдениет қайраткері Мырзан Кенжебай және кинорежиссер Рүстем Әбдірашов, Ақтөбе облысы Шалқар ауданының арнайы делегациясы, мәслихат депутаттары, зиялы қауым өкілдері, ғалымдар мен ұстаздар, Әбдіжәміл Нұрпейісовтің туған-туыстары қатысты.

Басқосуда облыс әкімі жазушының рухани мол мұрасы мен құнды туындылары бүгінгі ұрпағының рухын көтеріп, тәуелсіз Қазақ елінің баянды болашағына қызмет ете беретінін атап өтті.

– Қазақ елінің, қасиетті Сырдың руханиятына, әлемдік ақыл-ойдың бай қазынасына өлшеусіз үлес қосқан классик жазушы, елінің Әбесі болған дарабоз тұлға туған жерінің тағдырлы мәселесін жаһандық деңгейге жеткізіп, оқырман қауымның шексіз ықыласына бөленді.

«Мәдени-рухани дәулетіміздің қадір-қасиетін қапысыз пайымдап, елі мен жері үшін тер төккен тұлғаларымыздың болмысын жаңылмай танып отыру – ұрпақ парызы» деп өзі айтып кеткеніндей, енді бізге Әбдіжәміл ағаның шығармашылығын, қазақ әдебиетінің дамуына үлес қосқан өлшеусіз еңбегін, қайталанбас классикалық туындыларын жас ұрпаққа ұлағаттау аманат болып қалды. Сондықтан еске алу шарасын екі күнге екшеп, оның әрбір сәтін мән-маңызға толы мезіретпен атқаруды ойластырдық, – деді облыс басшысы.

Іс-шарада Елубай Смағұл жазушының кесек болмысын және шығармаларындағы кейіпкерлердің мінезі мен ұстанымын жеткізудегі ерекше қолтаңбасын сөз етсе, Мырзан Кенжебай Әбдіжәміл Нұрпейісов шығармаларының терең мағынасы, өзекті сюжеттері мен аса шеберлікпен суреттелген кейіпкерлері болашақ оқырманның да жү­регінде әрқашан маңызды орын алатынын тебіреніспен жеткізді.

Жиында Қорқыт ата атындағы Қызыл­орда университетінің профессорлары Бағдат Кәрібозұлы мен Ғабит Тұяқбаев Сыр­дың дара перзентінің ел болашағы үшін еткен ерен еңбегі мен азаматтық тұлғасын саралады.

– Әбдіжәміл Нұрпейісов жасаған образдар әлемі де біздің рухани дүниемізді дамытып, тәрбиелеп келе жатқаны даусыз. Біздің олардан үйренгеніміз, тіпті жиренгеніміз үшін де суреткерге қарыз­дармыз. Ойланыңқырап қарасақ, біз құралпы оқырмандар «Қан мен тердің» кейіп­керлерімен ержетсек, «Соңғы парыздың» кейіпкерлерімен есейіп келе жатырмыз. Таланттың қолынан шыққан құнды дүние – көркем шығарма болмысымызды бүтіндей түсіп, өміріңді түзу өткізуге бағыт-бағдар беретін бағдаршам іспеттес болады екен. Даусыз шындық – оқырмандардың ойын онға, санасын санға бөлетін, сөйтіп рухын тазалайтын, жанын жады­рататын Әбдіжәміл Нұрпейісовтің көркем шығармалары да осындай санаулы дүниелердің қатарында, – деді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бағдат Кәрібозұлы.

Келелі конференцияда Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің профессоры Ұлжан Жанбершиева жазушы шығармаларының халық өмірімен қалай астасып жатқанынан ашып көрсетті.

– Әбдіжәміл Нұрпейісов «Қан мен тер» трилогиясында ұлттық сезімді жоғары қоя­ды. Халықтың тағдыры бас кейіпкердің атынан шебер беріледі. Қарыз бен парыз, ар мен ұят, еңбексүйгіштік пен жалқаулық арасындағы арпалыста адамның жан азабы, сергелдеңге түсуі, кейіпкерлердің күйзелісін терең психологизм арқылы бейнелейді. Адам характерін жасау жолында психологизмді меңгере, шеберлікпен сәтті пайдаланған. Оның психологиялық табыс­тары ерекше таланты мен суреткерлік дарынын танытатыны сөзсіз, – деді Ұлжан Жанбершиева.

А.БАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: