Сейсенбі, 01 қыркүйек, 10:59

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№66 (2278)
01.09.2026
PDF мұрағаты

Болашаққа бастар жолдың бастауы

01.09.2026

31 0

Қыркүйектің алғашқы күні. Мектеп ауласы қайтадан бала күлкісіне толып, алғашқы қоңыраудың үнімен жаңа оқу жылы басталды. Бірі мектеп табалдырығын алғаш аттап, қолына әліппе ұстап қуанып тұр. Ал екіншісі, балалық шақтан алыстап, үлкен өмірге қадам басуға дайын. Ал мұғалімдер үшін бұл күн – кезекті оқу жылының басталуы ғана емес, шәкірт алдындағы жауапкершіліктің қайта басталатын сәті. Бұл күн – болашаққа бастар жаңа қадамның бастауы.

Аймақта жаңа оқу жылына дайындық жұмыстары толық аяқталып, мектептер оқушыларды қарсы алды. Өңірде 651 мектепке дейінгі ұйым, 327 мектеп, 28 колледж бар. Жаңа оқу жылында 1-11 сынып оқушыларының саны 190 мыңнан асады. Биыл облыс бойынша 17700 бала мектеп табалдырығын атта­ды. Балалардың сапалы әрі жайлы ортада білім алуы – басты назарда. Оқу жылына дайындық барысында  бар­лық қажетті шаралар қабылданды. Өңірдегі 31 мектепте ағымдағы жөндеу жүргізіліп, толықтай аяқталды. Оған қоса, мектептердің жылыту жүйелері тексеріліп, қысқы маусымға дайындығы пысықталды. Оқулықтармен және қажет­ті жабдықтармен қамтамасыз етуде мәселе жоқ деуге болады.

Сонымен қатар «Жаңа халықтық конституцияның нормалары мен құндылықтары:  Адами капиталды дамыту – білім беру жүйесінің стратегиялық негізі» атты облыстық педагогикалық тамыз конференциясында жаңа оқу жылына нақты міндеттер қойылды. Өткен оқу жылында Сыр өңірі жоғары нәтиже көрсетті. Мәселен, Ұлттық бірыңғай тестілеудің нәтижесі бойынша Қызылорда облысының  жоғары көрсеткішке қол жеткізгенін Мемлекет басшысы Құрылтайда ерекше атап өтті. Сондықтан бұл жетістікке тоқмейілсімей, білім сапасын жаңа деңгейге көтеру қажет. Бұл тұрғыда аймақ басшысы Мұрат Ергешбаев нақты міндеттерге ерекше назар аударуды ұсынды. 

– Президент ауыл мектептерін дамыту үшін білім сапасы төмен аймақтарға нақты қолдау көрсетудің қажеттігін тапсырды. Қала мен ауыл мектептері арасындағы сапа айырмашылығын одан әрі қысқарту, әрбір баланы тұрғылықты жеріне қарамастан сапалы білім беруге жағдай жасауымыз қажет. Сонымен қатар халықаралық және республикалық олимпиадаларға, ғылыми жобаларға, зияткерлік жарыстарға қатысатын дарынды оқушыларды анықтау, даярлау және қолдау жүйесін күшейту керек. Біз осы бағытта нақты нәтижеге қол жеткізуіміз қажет. Облысымыз үшінші жыл қатарынан республикада бірінші орынға шықты.  Бұл – ең алдымен ұстаздардың табанды еңбегі мен мемлекет тарапынан берілген қолдаулардың нәтижесі деп білемін. Облыстың 967 түлегі «Алтын белгі», 1124 түлегі «Үздік аттестат» иегері атанды. Білім алушылардың жетістіктерін мониторингтеу нәтижесінде облыс оқушылары 4-сыныптар арасында республика бойынша үшінші, 9-сыныптар арасында екінші орынға ие болды. Бұл – жақсы нәтиже. Бірақ осы жетістіктермен шектелуге болмайды – деді облыс әкімі.

Жаңа оқу жылында нақты мақсаттар мен міндеттер алға қойылмақ. Атап айтқанда, педагогтердің біліктілігін арттыруға, жас мұғалімдерді қолдау және тәлімгерлік институтын күшейтуге мән беріледі. Сонымен қатар балалардың заңды мүдделері мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету, әлеуметтік осал топтағы балаларға қажетті көмек көрсету де басты назарда. Қосымша білім беру ұйымдарының мүмкіндігін тиімді пайдаланып, балалардың бос уақытын ұтымды ұйымдастыру қажет. Сондай-ақ бүгінгі уақыт талабына сай білім беру жүйесіне жасанды интеллектіні енгізу, кәсіптік білім берудегі  жаңашыл бастамаларды жүзеге асыру басты орында тұр.

Инновациялық шығармашылық орталығы салынады

Мемлекет басшысының, Үкіметтің ерекше қолдауымен 2022 жылдан бері өңірде 121 млрд теңгеден астам қаржыға 46 заманауи білім беру нысаны салынған. Аймағымызда үш ауысымды мектептер мәселесі толық шешілді. Қазіргі уақытта білім беру жүйесі жаңа технологияларға, жаңа мүмкіндіктерге, шығармашылық шектеуі жоқ кеңістікке жол ашып отыр. Соның нәтижесінде дарынды жастардың ордасына айналған аймағымызда тағы да жаңадан инновациялық шығармашылық орталығының құрылысы басталмақ. Жаңа оқу жылыының басты жаңалығы қаламыздағы Әл-Фараби шағын ауданында 7 млрд теңгеге 360 орындық инновациялық шығармашылық орталық салынбақ. Орталықтың құрылысы биыл басталып, 2027 жылы пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Бұл туралы облыс әкімі Мұрат Ергешбаев білім қызметкерлерінің дәстүрлі тамыз конференциясында айтты. Бұған дейін «Сыр жұлдыздары» орталығы ашылып, балаларға қосымша білім беру ұйымына айналған болатын. Енді мұндай орталық Қызылорданың тағы бір шағын ауданында бой көтермек.

Мектеп маңында қауіпсіздік күшейтіледі

Жаңа оқу жылында білім сапасымен қатар, оқушылардың қауіпсіздігіне де ерекше мән берілуде. Себебі бала мектепке білім алуға келеді. Ал оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету – тұтас қоғамның ортақ міндеті. Бүгіннен бастап аймақтағы мектептердің маңында қауіпсіздік шаралары күшейтіледі. Аймақ басшысы мектеп маңындағы жол қауіпсіздігіне де ерекше назар аударуды тапсырған болатын. Әсіресе оқушы саны көп, көлік қозғалысы қарқынды білім беру ұйымдарының аумағында жол полициясы инспекторларының күнделікті кезекшілігін ұйымдастыру қажеттігін атап айтты.

Айтолқын БАТЫРБАЙҚЫЗЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: