Халықтың үніне құлақ асу – мемлекет пен қоғам арасындағы сенім көпірі. Ал сол сенімді нығайтуда жергілікті мәслихат депутаттарының атқарар рөлі орасан. Көшелерді жарықтандыру, сапалы жол мен жайлы аула – қала тұрғындары үшін өзекті қажеттілік. Алайда шаһардың инфрақұрылымы мен әлеуметтік саласында түйткілдер жоқ емес. 24-28 тамыз аралығында өткен ресми қабылдауда қала тұрғындары мен халық қалаулылары бетпе-бет жүздесіп, тұрғындар мұң-мұқтажы мен ұсыныстарын ортаға салды. Қалалық мәслихат депутаттары бес күн бойы азаматтарды жеке сұрақтары бойынша қабылдады.
Бекітілген ресми кестеге сәйкес, қалалық мәслихат депутаттары Еркебұлан Нарбаев, Бахтияр Сыздықов, Айгүл Мұсабаева, Әжібек Мампаев, Ерлан Нұртазаев және Еркін Базарбай тұрғындарды тыңдады. Қабылдауға келген қала тұрғындары коммуналдық саланың сапасы, инфрақұрылымды дамыту және әлеуметтік қолдау бағытындағы мәселелерді көтерді. Атап айтқанда, әлеуметтік көмек алу және жеке тұрғын үйлерге жөндеу жұмыстарын жүргізу бойынша жәрдем сұрағандар көп болды. Сонымен қатар тұрақты жұмысқа орналасу және мемлекеттік бағдарламалар аясында баспаналы болу кезектеріне қатысты сауалдар да жолданды. Қала ішіндегі қауіпсіздік пен жайлылық та назардан тыс қалмады.
Тұрғындар «Бейбітшілік» пен Сүлеймен Ишан көшелерінің қиылысындағы жол белгілерін талапқа сай ретке келтіруді және тозған жол сызбаларын жаңалауды сұрады. Сондай-ақ Сүлеймен Ишан мен Қоңыратбаев көшелеріне, Махамбет ауылындағы «Наурыз» тұрғын ауданы, М.Стамбеков көшесіне кешкі жарықтандыру шамдарын орнату, асфальт төсеп, жаяу жүргіншілер жолын салу қажеттілігі де айтылды. Сонымен қоса, тұрғындар Бұқарбай батыр көшесіндегі №58 көпқабатты тұрғын үйдің ауласына заманауи балалар ойын алаңын салу туралы ұсыныс білдірді. Депутаттар әрбір тұрғынның арыз-шағымы мен ұсыныстарын мұқият тыңдап, хаттамаға түсірді. Қалалық мәслихат депутаттары шаһар тұрғындары жеткізген мәселелер кезең-кезеңімен шешімін табатынын жеткізді.
«Ақмешіт-ақпарат»
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!