Көзді ашып-жұмғанша, жаз да аяқталып қалды.
Күз мезгіліне артылар жауапкершілік аз емес. Ең алдымен, қысқа дайындық жұмысын пысықтайтын шешуші кезең. Жылу маусымына қаншалықты дайынбыз? Жалпы, елдегі жылу беру орталықтарының жағдайы қалай?
Қыстың тосын мінезінде сыналар коммуналдық сала қаншалықты жаңарды?
Энергетика министрлігінің ақпаратына сүйенсек, сәйкес алдағы жылыту маусымына дайындық аясында электр стансаларында 3 энергия блогы, 33 қазандық және 24 турбина жөнделуде. Электр энергетикасында 15,6 мың шақырым электр тарату желілерін, бұл жоспарланған көлемнің 91%-ы, сондай-ақ 372 қосалқы стансаны, бұл жоспарланған көлемнің 84%-ы, жөндеу аяқталды. Жылу желілерінде 246 шақырымдық жөндеу жұмыстары орындалды, бұл – жоспардың 65%-ы. Энергия көздерінің отын қоймаларында 4,2 млн тонна көмір және 137 мың тонна мазут жинақталған, бұл өткен жылғы деңгейден 2%-ға артық. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің мәліметінше, бүгінгі таңда білім және денсаулық сақтау нысандарының 98%-ы және тұрғын үйлердің 95%-ы жылыту маусымына дайын. 1,8 мың шақырым сумен жабдықтау желілерінің 1,3 мың шақырымы және 306 шақырым су бұру желілерінің 225 шақырымы жөнделген.
Биыл елімізде коммуналдық инфрақұрылымды жақсартуға бөлінген қаржы көлемі көбейді. Бұл тозығы жеткен желілерді жаңартуға мүмкіндік берері сөзсіз. Өткен аптада Үкімет отырысында Премьер-министр қаржыны тиімді пайдалану, қысқа дайындық жұмысын жеделдету қажеттігін атап өтті.
– Мемлекет басшысы энергетика мен коммуналдық инфрақұрылымның стратегиялық маңызын, сондай-ақ еліміздің энергетикалық және инфрақұрылымдық негізін нығайту қажеттігін әрдайым атап өтуде. Аталған мақсаттарға жыл сайын ауқымды қаражат бөлінеді. Биылдың өзінде энергия нысандарын жөндеуге және жаңғыртуға 851 млрд теңге көзделген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 60%-ға артық. Оның ішінде «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы аясында биыл шамамен 384 млрд теңге бөлінді. Бұл 2025 жылғы жөндеу науқаны аясында бөлінген қаражаттан 15%-ға көп. Осындай көлемдегі қаржыландыру жағдайында жөндеу мерзімдерін ауыстыруға, жұмыс қарқынын бәсеңдетуге және бөлінген қаражаттың игерілмеуіне жол беруге болмайды, – деді Олжас Бектенов.
Қыстың қатты мінезі немқұрайдылықты кешірмейтіні белгілі. Бұл орайда, өңірлік штаб жұмысын күшейту, әкімдер жылу орталықтарының қысқа дайындығын бағалау жөніндегі комиссия жұмысына қатысуы туралы да атап айтылды. Үкімет басшысы жылу маусымына дайындық сақадай сай болу үшін жауапты министрліктер мен мемлекеттік органдарға бірқатар тапсырма берді.
Бірінші. Энергетика министрлігі өңір әкімдіктерімен бірлесіп, осы жылдың 1 қыркүйегіне дейін өңірлерге әлеуметтік мазут жеткізу кестесін бекіту тапсырылды. Қазақстан темір жолы компаниясымен бірге бекітілген кестеге және көлемдерге сәйкес энергия нысандарына көмір мен мазутты уақтылы жеткізу бойынша шаралар қабылдау қажет.
Екінші. Артта қалған әкімдіктерге орын алған мәселелерді тез арада жою қажет. Жылу беру маусымын кестеге сәйкес бастау керек, сонымен қатар ауа-райының өзгеруі мен күннің суытуына қатысты уақтылы әрекет ету керек.
Үшінші. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі, өңір әкімдіктері 1 қыркүйекке дейін білім беру және денсаулық сақтау нысандарының толық дайындығын қамтамасыз етсін. Оқу-ағарту, Ғылым және Денсаулық сақтау министрліктері де бұл мәселені бақылауға алсын.
Солтүстік, орталық және шығыс өңірлер бойынша барлық инженерлік инфрақұрылым мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысандары 15 қыркүйекке дейін, ал қалған өңірлер 15 қазанға дейін жылуды іске қосуға толық дайын болуға тиіс.
Аймақта жылу беру маусымына дайындық жұмысы жүйелі жүргізілуде. Бұл жұмыс облыс басшысының назарынан тыс қалған емес. Өткен аптада аймақ басшысы Мұрат Ергешбаев алдағы жылу беру маусымына дайындық барысын тексеру мақсатында қаладағы бірқатар нысанды аралады.
Алдымен Мемлекет басшысының қолдауымен салынған жаңа жылу-электр орталығына барды. 240 МВт электр және 277 Гкал жылу энергиясын өндіретін жаңа орталық құрылысына түркиялық «Aksa Energy» компаниясы 215 млрд теңге инвестиция салған. Жоба аясында қуаты 185 МВт болатын 3 газтурбиналық қондырғы, 55 МВт бу турбинасы, сағатына 127 тонна бу өндіретін 3 қазандық және қуаты 150 Гкал/сағ болатын 2 су жылыту қазандығы орнатылды.
Бүгінде орталық толық іске қосылып, 240 МВт электр энергиясы өндірілуде. Сонымен қатар 4 су жылыту қазандығы іске қосылды. Алдағы жылу беру маусымында қала тұрғындары жаңа станция арқылы жылумен қамтамасыз етіледі.
Сондай-ақ облыс әкімі «Олжас-2005» ЖШС көмір тасымалдаушы операторының қорын көрді. Қазір 6,5 мың тонна қатты отын жеткізілген. Қоймада 2 мың тонна бар, 7 вагон көмір тасымалдануда.
Бұдан кейін аймақ басшысы Қ.Мұхамеджанов атындағы №1 мектеп-гимназиясында жүргізілген ағымдағы жөндеу жұмыстарын көрді. Мектептің спорт залына, кіші зал және киім ауыстыру бөлмелеріне жөндеу жасалған. Сондай-ақ облыстық аурухананың дайындығы да тексерілді. Аралаудан соң жауапты сала басшыларына жылу беру маусымына дайындықты қатаң бақылауда ұстауды тапсырды.
Айта кетейік, биыл жылумен қамту нысандарын жаңғыртуға 5,5 млрд теңге қаржы бөлінді. Бұл қаражат 8,7 шақырым жылу желісін жаңғыртуды аяқтауға, №1 және №2 газтурбиналық қондырғыларды күрделі жөндеуге, 1,3 шақырым жылу желісін жаңғыртуға, 1 қазандық пен 1 турбинаны, сондай-ақ 10 автономды қазандықты және негізгі әрі қосалқы қондырғыларды жөндеуге бағытталған.
Жылу беру маусымында тұрғындарға 92 мың тонна, әлеуметтік нысандарға 19 мың тонна, барлығы 111 мың тонна көмір қажет. Бүгінде өңірлік операторлар көмір қорын толықтыруды бекітілген кестеге сәйкес жүргізуде. Облыстағы 1079 әлеуметтік нысан жауапты кезеңге 98 пайыз дайын.
Жылу беру маусымында тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандардың жылумен қамтылуын қамтамасыз ету, инженерлік-коммуналдық желілердің тұрақты жұмысын жолға қою және қыс мезгілінде төтенше жағдайлардың алдын алу бағытында тиісті шаралар атқарылуда. Осыған байланысты Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында жылу беру маусымына дайындық барысы, коммуналдық инфрақұрылымның әзірлігі және өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталуы жөнінде сала мамандарының қатысуымен баспасөз конференциясы өтті.
Қазіргі таңда жылу көздері, инженерлік-коммуналдық желілер мен әлеуметтік нысандардың дайындығы пысықталып, қажетті жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Негізгі мақсат – жылу беру маусымын тұрақты өткізіп, тұрғындар мен әлеуметтік нысандарды үздіксіз жылумен қамтамасыз ету.
– Биыл жылумен қамту нысандарын жаңғырту, жылу желілері мен қазандықтарды жөндеу, сондай-ақ электр желілерінің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету бағытында тиісті жұмыстар атқарылуда. Облыстағы 1 079 әлеуметтік нысанның жылу беру маусымына дайындығы бүгінде 98 пайызды құрайды. Алдағы маусымға қажетті көмір қорын қалыптастыру жұмыстары да бекітілген кестеге сәйкес жүргізілуде. Сонымен қатар, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Қызылорда қаласында қуаттылығы 240 МВт электр энергиясын және 277 Гкал жылу энергиясын өндіретін жаңа жылу-электр орталығы іске қосылды. Алдағы жылу беру маусымында қала тұрғындарын аталған орталық арқылы жылумен қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Бұл өз кезегінде жылумен қамту сапасын арттырып, тұрғындарға қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда өңірдің жылу беру маусымына дайындығы тұрақты бақылауда, – деді облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының басқарма басшысының орынбасары Тахир Қуанышбекұлы.
«Қызылорда электр тарату тораптары компаниясы» басқарма төрағасының өндіріс жөніндегі орынбасары – бас инженер Шалқар Рахышевтің айтуынша, компанияның балансында әртүрлі кернеудегі 10608 шақырым электр желісі және 2058 қосалқы станция бар, олардың жалпы тозу деңгейі 60 пайызды құрайды. Сонымен қатар инвестициялық бағдарлама аясында «ҚЭТТК» АҚ-ының электр қондырғылары мен электр желілерінің жалпы тозу деңгейін 60 пайыздан 59,5 пайызға төмендету жоспарланған. Қазіргі таңда бекітілген жоспарға сәйкес жұмыстар жүргізілуде. Одан бөлек, Жаңақорған, Шиелі, Тереңөзек, Жалағаш, Қармақшы АЭТ-дағы жоспарлы жұмыстар толық аяқталды. Қазіргі таңда, Қазалы, Қызылорда қаласының аумағындағы қосалқы станцияларда тиісті жұмыстар атқарылуда.
«Қызылорда Су жүйесі» МКК өндірістік-техникалық бөлім бастығы Маржан Сырманованың айтуынша, жылу беру кезеңінде сумен жабдықтау және кәріз жүйелерінің тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге ерекше мән берілуде. Кәсіпорынның негізгі нысандары мен инженерлік желілердің техникалық жағдайы бақылауға алынып, қысқы кезеңде туындауы мүмкін ақаулардың алдын алу бойынша тиісті жұмыстар атқарылуда. Бұл жұмыстар коммуналдық жүйелердің тұрақты әрі үздіксіз жұмысын қамтамасыз етуге бағытталған.
– Кәсіпорын қала тұрғындарын сапалы ауызсумен қамтамасыз етіп, кәріз суларын бұру және тазарту жұмыстарын атқарады. Қазіргі таңда кәсіпорынның қарамағында 117 ауыз су ұңғымасы, 11 насос станциясы, 981,5 шақырым ауыз су және 455,2 шақырым кәріз желісі, 67 кәріз насос станциясы мен 2 биологиялық тазалау станциясы бар. Орташа тәуліктік ауыз су өндіру көлемі 72,4 мың текше метрді құрайды. Жылу беру маусымына дайындық аясында ауызсу және кәріз нысандарында жоспарлы жөндеу, алдын алу және залалсыздандыру жұмыстары жүргізіліп, қажетті реагенттер мен материалдар қоры қалыптастырылды. Сонымен қатар инвестициялық бағдарлама шеңберінде тереңдік насос қондырғылары мен өрт гидранттары сатып алынуда. Кәсіпорын алдағы кезеңде болуы мүмкін апаттық жағдайларды жедел жою үшін қажетті материалдық қорлармен қамтамасыз етілген, – деді Маржан Сейтханқызы.
– Қызылордада алдағы 2026-2027 жылдардағы жылу беру маусымына дайындық жұмыстары қарқын алып, жылу жүйелерінің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету бағытында кешенді шаралар жүргізілуде. Өткен жылу маусымы 1 сәуірде аяқталып, одан кейін қаланың жылу жүйелерінде жоғары қысымды сынақтар өткізілді. Қазіргі таңда қаладағы автономды блок-модульдік қазандықтардың 8-і ыстық сумен қамтамасыз ету мақсатында жұмыс істеп тұр, сондай-ақ №1 және №3 газтурбиналық қондырғылар штаттық режимде жұмыс істеуде. Кәсіпорынның негізгі және қосалқы қондырғыларын жөндеу жұмыстарының 88 пайызы орындалды. Қызылорда қаласында жалпы ұзындығы 204 шақырым жылу желісі бар, оның тозу деңгейі 40 пайызды құрайды. Жылу желілерін гидравликалық сынау барысында анықталған 42 ақаудың барлығы толық жойылды. Жоспарланған жұмыстарды іске асыру нәтижесінде жылу желілерінің тозу деңгейін 39,8 пайызға дейін төмендету көзделіп отыр, – деді «Қызылордажылуэлектрорталығы» МКК директоры Бақытжан Молдабекұлы.
Жылу беру маусымына дайындық мәселесі өте маңызды. Қазіргі таңда барлық жылу қазандығының қыркүйек айында толық дайын болуы және әлеуметтік нысандардың әзірлік паспорттары тексерілуде. Сонымен қатар көмір жеткізу жұмыстары тұрақты бақылауда. Шаһар басшысы жылу маусымында көмірге байланысты ешқандай мәселе туындамауы тиіс екенін айтып, жауапты сала басшыларына бірқатар тапсырмалар жүктеді. Сонымен қатар қала басшысы қаланың қысқа дайындығын пысықтау мақсатында жылу-электр орталығына барды. Шаһар басшысы қазандықтардың техникалық жағдайына, желілердің жұмыс режиміне және жүргізілген жөндеу жұмыстарына ерекше назар аударды. Мамандар орталықтағы жабдықтардың жүктемесі мен тұрақтылығы жөнінде баяндап, жылу беру маусымына дайындығы туралы ақпарат берді.
– Жылу маусымына сақадай сай болуымыз қажет. Дайындық жұмыстарын бәсеңдетуге болмайды. Қазірден бастап әлеуметтік нысандардың әзірлік паспорттарын тексеру керек, – деді Нұржан Сәбитұлы.
Гүлмира МАҒЛҰМҚЫЗЫ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!