Жұма, 26 сәуiр, 15:46

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№32 (2042)
23.04.2024
PDF мұрағаты

Өңірде эпидахуал күрделі

10.08.2021

650 0

Әлемді алаңдатқан дертті ауыздықтау қиын болып тұр. Тіпті халық арасында коронавирус инфекциясы туралы түрлі қауесеттер көбейіп кетті. Осы орайда халыққа нақты ақпарат беру үшін облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әлия Әбдіқайымоваға көп көкейіндегі сауалдарды қойған едік.

– Облыс аумағындағы  коронавирустық инфекциясының таралуының алдын алу үшін қандай шаралар жүзеге асуда?

– Қазіргі кезде Қызылорда облысында коронавирус инфекциясы бойынша эпидемио­логиялық  жағдай күн сайын күрделенуде. COVID-19 таралуының алдын алу мақсатында облыстың бас мемлекеттік санитарлық дәрі­герінің №18 қаулысымен бірқатар шектеу шаралары енгізілді. Атап айтқанда, ойын-сауық іс-шарасын, көрме, форум, конференцияларды өтізуге тыйым салынды. Сондай-ақ адам көп шоғырланатын отбасылық салтанатты кештерді, бильярд, боулинг, компьютерлік клубтардың қызметі тоқтатылды. Сонымен қатар ХҚКО, Қазпошта, қоғамдық көліктер мен қоғамдық тамақтану орындарының жұмысына да уақыт­тық шектеулер белгіленді. Одан бөлек, қызмет көрсету саласында халықпен тікелей бай­ланыс жасайтын адамдарға коронавирус инфек­циясына қарсы вакцина қабылдау қажет­тігі енгізілді. Ал індетке шалдыққан науқастардың оқшаулану ережелерін сақтап, қоғамдық орындарға бармауын қадағалау мақсатында бірқатар нысандар «Ashyq» жүйесіне қосылды. Белгіленген карантин талаптары барлық тұр­ғындар тарапынан бірдей орындала бермейді. Сондықтан сақтық шараларына салғырт қа­райтын азаматтарды анықтау үшін облыс көлемінде құрылған 167 мониторингтік топ күшейтілген бақылау жүргізуде. Жыл басынан бері жұмысшы топтың рейд жүргізу барысында 12118 нысан қамтылып, 415 карантин талаптарын бұзушылық анықталды. Нәтижесінде 30 млн теңгеден астам әкімшілік айыппұл салынды. Сонымен қатар «Ashyq» жүйесі де өз нәтижесін беруде.  Бүгінгі күнге дейін «қызыл» мәртебесіндегі 73, «сары» мәртебесіндегі 113 тұлға анықталған. Оқшаулану ережесін бұзған 23 «қызыл» статусы бар тұлғаға 1 млн теңгеден астам әкімшілік айыппұл салынды. Облыс тұрғындары арасында коронавирус инфекциясы таралуының алдын алу мақсатында аталған жұмыстар әлі де жалғасуда.

– Өткен жылмен салыстырғанда көр­сеткіш қандай? Аймақта коронавирус инфек­циясының қандай түрлері анықталуда?

– Өткен жылдың шілде айынан кейін аурушаңдықтың 3-ші толқыны орын алуда. Биыл наурыздағы мерекелік күндерден кейін сәуір айында ауру саны күрт жоғарылап, 1540 жағдай тіркелді. Ал шілде айының 15-нен бастап ауру күннен күнге артып, ай соңында 3392 жағдай анықталды. Он күндікте тәулігіне 200-дің үстінде ауру тіркеле бастады. Тіпті бір күннің ішінде  257 науқас анықталды. Мұндай жағдай былтырғы пандемияның кезінде болған емес. Ол кезде айына ең жоғары ауру тіркелген саны 118 болатын. Дәл қазіргі сәтте эпидемиологиялық ахуал өте күрделі. Белгілі бір контингенттер арасындағы аурушаңдық көрсеткіші бірнеше есеге артып отыр. Атап айтқанда, былтыр оқушылар арасында 99 жағдай анықталса, биыл 719-ға жетті. Сондай-ақ зейнеткерлер арасында да бұл көрсеткіш мәз емес. Мәселен, 2020 жылы – 542 жағдай тіркелсе, биыл – 1459-ды құрады. Облыстағы эпидахуалдың өршуін коронавирус инфекция­сының «Дельта» штамының әсерінен деп айтуға болады. Себебі бұл штамның жұғу жылдамдығы бірнеше есе жоғары.

– COVID-19-бен ауырып,  жа­зылғандарды  вакцинациялау қа­лай жүргізілуде?

– Коронавирус инфекциясын жұқ­тырғаннан кейін ағзада қа­лыптасатын иммунитет тұ­рақсыз және аз уақытқа ғана жеткілікті екендігін отандық, сонымен қатар әлем елдерінің де ғалымдары тұжырымдап отыр. Сондықтан 18 жастан асқан азаматтар коронавируспен ауы­рып, емделсе де вакцина алғаны дұрыс. Өйткені олар екпеден кейін ағзада пайда болатын иммунитет арқылы денсаулығын қорғай алады. Коронавируспен ауырған адамдардың арасында белгілі бір уақыт өткеннен кейін қайтадан вирус жұқтыру жағдайлары тіркелуде. Ғалымдардың зерттеуінше, вакцина алғаннан кейін пайда болған иммунитет ауырғаннан кейін түзілген антиденелерге қарағанда инфекциядан 10 есе жақсы қорғайды. Сондықтан ауырып жазылған адамды үш айдан кейін вакциналау ұсынылады.

– Қазіргі «Дельта» штамының  белгілері мен алдын алу шаралары қандай?

– Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, бұл штамның басқа вирустарға қарағанда жұғу көрсеткіші 60 процентке жоғары. Қазіргі кезде әлем ғалымдарының осы вирусқа қатысты зерттеуіне қарағанда, алдыңғы басқа штамдар бір адамнан орта есеппен 3-4 адамға жұғатын болса, бұл 5-6 адамға бірден жұғатыны дәлелденген. Сондықтан оның таралу қаупі де өте жоғары. Бұл вирусты жұқтырудың негізгі белгілеріне келер болсақ, адамдарда буын мен іштің қатты ауырсынуы сезіледі. Жүрек айнып, лоқсу белгілері байқалады. Тіпті осы ауру салдарынан адам саңырау болып қалуы да әбден мүмкін. Инкубациялық кезеңі қысқа, 7 күнге созылады. «Дельта» штамы бүгінде әлемнің 200-ден аса елінде анықталған. Вирустың үнділік нұсқасын жұқтырып алмау үшін вакциналаудың толық курсынан өтуге шақырамыз және бетперделік режим, әлеуметтік арақашықтық, қол гигиенасы да сақталуы керек екенін еске саламыз.

– Екпе туралы түрлі пікірлер жариялаудан жалықпайтын антиваксерлер туралы не айтасыз?

– Өкінішке орай вакцина қабылдауға теріс көзқарастағы азаматтардың әрекеті тығырыққа тіреп, жағдайды одан сайын ушықтыруда.  Де­генмен коронавирус инфекциясына қарсы вакцинаның қауіпсіздігі мен оның жаңа штамдарына қарсы тиімділігін насихаттау бойынша санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті үздіксіз жұмыс жүргізуде. Атап айтсақ, өңірлік коммуникациялар орталығында брифинг өткізіп, баспасөз конференциясында білікті сарапшылар, денсаулық сақтау сала­сының ардагерлері, дәрігерлер екпе алудың маңыздылығын насихаттауда. Сонымен қатар республикалық және жергілікті телеарналарда «COVID-19» коронавирус инфекциясымен кү­реске қатысты өзекті тақырыптарға арналған «Ұлт саулығы», «Өзекжарды», «Көзбе-көз», «Мезгіл мәселесі» хабарларында вакцинаның коронавирус инфекциясына қарсы тиімділігі, эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандырудың бірден-бір жолы осы екендігі түсіндірілуде. Одан бөлек, санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларында тақырыптық посттар жариялануда. Қоғамда кеңінен талқыға түскен тақырыптарға шұғыл көңіл бөлініп, әлеуметтік желілер арқылы келіп түскен сауалдарға кері байланыс жасалып, маман кеңестері берілуде. Сондай-ақ КВИ-ге қарсы вакциналау мәселелері бойынша фейк мәліметтерді жоққа шығару бағытында жұмыс тұрақты жүргізіледі. Еңбек ұжымдарында вакциналаудың пайдасы мен маңыздылығы, сапасы мен қауіпсіздігін насихаттау бойынша арнайы ақпараттық топтар құрылып, ZOOM платформасы арқылы семинарлар ұйымдастырылды. Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша қабыл­данып жатқан шаралар туралы кешенді ақ­параттық-түсіндіру жұмысын жалғастыра бермек.

– «Әлеуметтік желіде «Аспанға дәрі шашады. Түнгі 12-ден кейін далаға шық­паңыздар» деген  ақпараттар таралып кетті.  Осыған маман ретінде өз пікіріңізді біл­дірсеңіз…

– Бұл ақпарат шындыққа жанаспайды. Ақпарат тұтынушылардың көбі мәліметтің рас-өтірігін ажырата алмай отыр. Әсіресе, осындай күрделі кезеңде әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде жалған хабарламалар көптеп тарауда. Қазақстан заңнамасына сәйкес фейк ақпарат таратқандар жазаланады. Десе де көп адам мұндай әрекеті үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылатынынан бейхабар. Осы ретте тұрғындардан жалған ақпаратқа сенбей, тек ресми дереккөзге жүгінулерін сұраймыз. Барлық расталған ақпаратты ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ресми сайтынан, департаментіміздің әлеуметтік желілердегі парақшаларынан алуға болатынын жеткізгім келеді.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан: Ақмарал ОЛЖАБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: