Құс тұмауы – А типті тұмау вирусының штаммдарының бірімен шақырылатын құстар мен адамның жіті вирусты инфекциясы. Бұл инфекцияны құстардың көптеген түрлері қабылдағыш. Көбінесе оны таратушы болып суда жүзетін ұшып келетін жабайы үйректер болып табылады, олар осы инфекцияға онша сезімтал емес, ал үй құстары, тауықтар, күрке тауықтар, қаздар және үйректер құс тұмауын тез жұқтырып алады. Адам құс тұмауы вирусын жұқтыруда соңғы буын болып табылады.
Ауру қоздырғышының көзі – жабайы құстар (вирус тасымалдаушылар), ауру үй құстары. Аурудың адамға жұғу жолдары – жабайы құстармен, ауырған үй құстарымен байланыста болу, термиялық дұрыс өңделмеген ауру құстың ет өнімдерін жегенде жұғуы мүмкін.
Адамдарда аурудың белгілері кәдімгі тұмау белгілеріне ұқсас: дене қызуының көтерілуі, қалтырау, бұлшық еттің ауырсынуы, жөтел және тамақтың ауыруы, кейде конъюктивит байқалады. Кешірек науқаста өкпе-жүрек жетіспеушілігі, өкпенің ісінуі, геморрагиялық өкпе қабынуы туындауы мүмкін. Сонымен қатар тамырлардың жұмысының бұзылуы, көп реттік сұйық су тәріздес іштің өтуі, көп ретті құсу, мидың ісінуі мүмкін.
Қызылорда облысы бойынша 2024 жылы құс тұмауы тіркелген жоқ.
Құс тұмауының алдын алу үшін үй құстарын жабайы құстармен қатынасуын болдырмай, бөлек қамауда ұстау ұсынылады. Құс өсіретін шаруашылықтарда құс тұмауы бойынша қолайлы аймақтардан ғана құстармен толықтырылуы ұсынылады. Жаңа түскен құстарды 10 күн оқшаулап, жағдайын бақылауда ұстау. Құстардан ауру белгілері мен өлген құстарды байқағанда тез арада мемлекеттік ветеринарлық қызметке хабарлау қажет. Үй құстарын ұстайтын қораларда міндетті санитариялық жағдайларды – әрдайым тазалау, зарарсыздандыру шараларын қамтамасыз ету қажет. Құстарды бағуға арнайы бөлінген киім мен аяқ киімдерді қолдану, оларды тазалап, жуып отыру керек. Сонымен қатар құс тұмауы тіркелген елдерге барғанда, зақымданған құстармен қатынасатын орындар – саябақтар, базарлар, құс фермаларына бармауды ұсынамыз. Шет елдік туристік сапарлардан экзотикалық құстарды әкелмеу керек. Құс тұмауы эпизотиясы тіркелген аумақтарда құс еті мен жұмыртқаларды рұқсат етілмеген сату орындарынан сатып алмау керек.
Ауыз су ретінде тек бөтелкеленген немесе қайнаған суды пайдалану қажет. Қолды жиі жуу, бір реттік залалсыздандыру майлықтарды, антисептиктерді қолдану. Ауру белгілерінің алғашқы белгілері білінсе, дереу дәрігер көмегіне жүгініп, уақтылы ем алған абзал. Себебі, емделуді кеш бастаса, асқынулардың туындауына әкелуі мүмкін.
Әлия Әбдіқайымова
Қызылорда облысының СЭБД басшы орынбасары
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!