Сенбі, 04 мамыр, 05:28

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№34 — 2044
30.04.2024
PDF мұрағаты

Қызылша асқынуларымен қауіпті

30.01.2024

379 0

Сурет: ulusmedia.kz

 Қызылша – жай ғана балалар ауруы емес, бұл ауа тамшылары арқылы жұғатын әлемдегі ең жұқпалы дерттің бірі, ол түшкіру, жөтелу және жақын қарым-қатынас арқылы беріледі. Вирус ауада және үстіңгі қабаттарда екі сағатқа дейін белсенді болып қалады, ауа ағынымен, мысалы, желдету жүйелері арқылы өте оңай таралады, сондықтан гигиенаны сақтау қызылшадан қорғануға көмектесе бермейді. Ауру адам денесінде бөртпе пайда болғанға дейін және ол жоғалғаннан кейін төрт күнге дейін ауруды таратушы болып қала береді.

       Егер қызылша ауруының белгілері тек бөртпе мен жоғары дене қызуымен шектелетін болса, соншалықты қорқынышты болмас еді. Қауіптілігі сол  – індетке шалдыққандардың үштен бірінде болатын асқыну жағдайлары. Көбінесе бұл бес жасқа дейінгі балаларда және жиырмадан асқан ересектер арасында кездеседі. Науқастарда құлақ инфекциясы дамуы мүмкін, бұл есту қабілетінің жоғалуына, сондай-ақ диареяға әкеледі. Жиырма баланың бірінде пневмония, ал мыңнан бірінде энцефалит дамуы мүмкін.

        Қызылшамен ауырған адам жеті немесе он жылдан кейін сол дертті қайтадан жұқтыруы мүмкін. Бұл склерозды панэнцефалит-мидың прогрессивті ауруы. Ақыл-ой қабілетінің нашарлауы мен құрысуларға және әдетте өлім жағдайларына соқтырады. Жүкті әйелдер үшін қызылша аса қауіпті, себебі ол мерзімінен бұрын босануға немесе салмағында ақауы бар баланың туылуына әкелуі мүмкін.

          Қызылша белгілері бірден пайда болмайды, инфекция жұқтырғаннан  бастап бір-екі аптадан кейін байқалады және олар жедел респираторлық вирустық инфекцияға ұқсас келеді: температура көтеріліп, көз қызарып, ылғалданады, жөтел пайда болып, мұрыннан су ағады. Алғашқы белгілер байқалғаннан бастап екі-үш күн өткен соң ауыздағы шырышты қабықта Коплика дақтары — қызыл шекарасы бар кішкентай ақшыл-сұр дақтар пайда болады. Көп жағдайда олар беттің ішкі қуысында, төменгі азу тістердің артында орналасады. Бұл қызылшаның ең ерте көрінетін және айқын симптомы. Ауру басталғаннан кейінгі үшінші немесе бесінші күндері аурудың екінші кезеңі басталады — бөртпелер. Кішкентай қызғылт дақтар түріндегі бөртпе бүкіл денеге тез таралады. Алдымен беттің шаш өсетін аймағынан басталып, әрі қарай мойынға, денеге, қол мен аяққа дейін таралады. Алқызыл дақтар өткір қызыл түсті қышыма бөртпелерге айналады. Осы кезеңде дене қызуы 40 градусқа дейін көтерілуі мүмкін, жөтел өрши түседі. Қызылша ауруында бөртпелердің пайда болуы мен жойылу тәртібі: аурудың алтыншы немесе жетінші күнінде бөртпе кеудеге, арқаға, іштің аймағы мен жамбас тұсына таралады, ал сегізінші күні дененің аяқ бөлігіне жеткен кезде бірдей ретпен жоғала бастайды — бас, бет, мойын және т.б. Бөртпелердің орнында қоңырқай дақтар ұзақ уақыт қалып қояды. 

       Өкінішке қарай, қызылшаға қарсы дәрі-дәрмектер жоқ. Асқынулардың алдын алу үшін тек симптоматикалық терапия жүргізіледі.

 Қызылшадан қорғанудың жалғыз жолы — вакцинация. Қызылшаға қарсы екпе екі рет жүргізіледі: 12-ден 15 айға дейін және 6 жаста. Бүгінгі таңда ҚР Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің қаулысына сәйкес эпидахуалды тұрақтандыру мақсатында қызылшаға қарсы жаппай иммундау шарасы тиісті контингенттер арасында өткен жылдың 06 қарашасында басталды. Содан бері 66 262 адам екпе алды. Иммундау науқаны жалғасуда.

       Қызылшаның жұғу жылдамдығы өте жоғары, ал вакцинация болмаған жағдайда оның салдары Сіз үшін ғана емес, жақын адамдарыңыз үшін де ауыр болуы мүмкін.  Сондықтан иммундаудан өту арқылы қауіпті аурудан сақтаныңыз.

Динара Жанабергенова

Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық

бақылау департаменті басшысы

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: