Жұма, 22 қараша, 11:50

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№92-2102
19.11.2024
PDF мұрағаты

Сергіткіш сусындар кімге керек?

15.11.2022

1358 0

Жастар арасында кеңінен таны­мал осы бір сусын төңірегінде дау көп. Бірі оны зиян десе, бірі керісінше айтарлықтай қауіпті емес дейді. Қалай десек те, ағзаға қуат беретін энергетикалық сусынға деген тәуелділік көпшілік арасында белең

алып барады.

Жарнамасы жер жаратын энер­гетикалық сусынды шаршағанды басу, бойға күш жинау үшін пай­даланатыны белгілі. Алайда оны жиі тұтыну оған деген тәуелділікті арттырып, денсаулыққа кері әсерін тигізеді деген

болжам бар.

Құрамы қандай?

Мамандардың айтуынша, су­сынның  құрамы бірнеше қоспа­лардан тұрады. Мәселен, глюкоза, матеин, мелатонин, таурин, гуа­рана, карнитин, кофеин, женьшень, рибоза, инозит сынды қоспалар болады. Сондай-ақ В тобының дәрумендері де кездеседі екен. Аталған қоспалардың бірі шар­шағанды басса, екіншісі тоқтық сезімін тудырады, ендігісі энергия береді. Соның нәтижесінде сусын ішкен адам 3-4 сағат көлемінде сергек жүретін көрінеді. Бірақ оның барлығы адам ағзасына зиян дегенді білдірмейді екен.

Әлемнің 170-тен аса елінде қол­данылатын сусынның зияны ту­ралы тұтынушы елдің ғалымдары дабыл қағуда. Оларды алаңдататын басты нәрсе – құрамындағы қант қоспасының мөлшерден тыс болуы. Сонымен бірге кофеиннің де жүрек қызметіне кері әсері барын алға тартады. Бұл орталық ойлау жүйесінің жұмысын арттыр­ғанымен, тахикардияға соқтырады-мыс.

– Көпшілік энергетикалық су­­­сындар ағзаны энергиямен қам­­тамасыз етеді деп ішеді. Шын­дығында, бұл тек энергия қозды­­рушы ғана. Энергия адам бойын­да бол­­ғандықтан, оны өзіміз өн­­діруіміз керек. Ол үшін спортпен шұ­ғылдану, са­лауатты өмір салтын ұс­тану қажет. Дегенмен қазір көбі кең­седе жұмыс істейді. Азаннан кешке дейін компьютер алдында отыратындықтан энергия азаяды. Мұндай өмір салты денсаулыққа кері әсер береді. Адамдардағы шарша­ғыштық, әлсіздік осындай біліне бермейтін дүниелерден туындайды. Ал энергетикалық сусындар бой­ға қосымша күш беретіндіктен қажеттілікті туындатады. Бұл уақыт өте ұйқыны бұзып, жүйкені тоз­дырады. Адам кофеинге тез әуес­тенеді. Сусынға тәуелділік те осыдан пайда болады, – дейді облыстық медицина орталығының кардиологы Гүлнұр Оспанова.

Шегін білген жөн

Дәрумендердің ағзаға пайдалы екенін бәріміз білеміз. Тұтынушылар арасында энергетикалық су­сындар да сол пайдалы дәруменнен құралған деген пікір бар. Бұл тұрғыда мамандар мұндай сусындардың екі түрі барын айтады. Оның бірі кофеиннен құралса, ендігісі дәрумендер мен көмірсулардан тұрады. Құ­рамында кофеин бар сусын ағзаға зиян. Мұны көбіне студенттер мен кеңсе қызметкерлері ішеді. Ал екінші түрін уақытының көп бөлігін спорт залда өткізетіндер пайдалануға болады.

Денсаулық саласының мамандары әр нәрсенің өз шегі болатынын, мөлшерден тыс дүние кесірін тигізетінін жасырмайды. Тіпті қара судың өзін артық ішсең ағзаға зиян келеді екен. Сол сияқты мұндай сусындарды қанша күш жинағың келсе де күніне 2 құтыдан артық ішуге болмайды. Оған қоса онымен бірге алкогольді сусынды қолдануға болмайды.

– Қанша дәруменді қоспасы бар сусын болса да мультидәруменді кешенді алмастыра алмайды. Жастар не нәрсеге де тез бейімделгіш, ерме келеді ғой. Сусынға деген тәуелділіктің өзі зиян екенін аңғартады. Осыны ескеру қажет. Шектен тыс ішуге, алкогольді өніммен бірге тұтынуға болмайды. Біраз жыл бұрын бір жағдай болған. Демалыс күнін пайдаланып алкогольді ішімдік ішіп, ертесі жұмысқа шаршаңқы күйде келген жас жігіт ұйқысын ашу үшін энергетикалық сусын ішкен. Салдарынан жүрек соғысы жиілеп, есінен танған. Ауруханаға жеткізілгенде жағдайы ауыр болды. Бүйрек қызметінің бұзылысы пайда болды. Мұның  салдары өлімге әкелуі де әбден мүмкін. Жастар денсаулығын өз қолымен улап жатқанын білуі керек, – дейді кардиолог маман.

Жалпы спортпен шұғылданатындар үшін де энергетикалық сусындар қауіпті саналады. Сондықтан оларға жаттығудан кейін мұндай сусынды ішуге болмайды екен. Жоғары да салауатты өмір салтын ұстанатындар үшін энергетикалық сусынның дәруменді түрі бар екенін айтқанбыз. Дегенмен бұл оның пайдалы екендігін білдірмейді.

Тыйым бар ма?

Сергіткіш  сусынды пайдалануға кейбір шет елдерде тыйым салынған. Олар сусынды жиі тұтынған адам бойында қор­қыныш, ашушаңдық, үрей пайда болатынын, сондай-ақ құрамында есірткі заты бар деп болжаған. Тіпті Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы да мұндай сусынды балаларға сатуға тыйым салған. Мәселен, Австралия, Жаңа Зеландия, Сауд Арабиясы елі бұл сусынды сатуға да, ішуге де тыйым салған. Ал Дания, Норвегия мемлекетінде тек дәріханада саты­латын көрінеді.

Бұған қатысты тыйым елімізде де болған екен. Еліміздің мемлекеттік бас сани­тарлық дәрігерінің қаулысымен 2013 жылы «Сергітетін компоненттері бар сусындарды орта және арнаулы орта білім беретін мекемелерде, жоғары оқу орындарында, денсаулық сақтау мекемелерінде, жасөспірімдер мен жастар көп жиналатын орындарда, мәдени-көпшілік шараларда сатуға» тыйым салынған. Содан бері он жылға жуық уақыт өтсе де, сергіткіш сусын саудасы тыйылған жоқ. Есесіне жарнамасы жер жарып, күннен-күнге тұтынушы қатары артып келеді десек артық болмас.

Кеш болмасын…

Сусыннан бұрын көзге түсетін сыртқы суреті «арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты» бола­тыныңды меңзеп тұрады емес пе? Қайсыбір сауда желі­сін алсақ та өндірушілер алдымен сыртқы келбетіне баса мән беретіні анық. Одан соң қолға ұстауға қолайлы, кез келген жерде алып жүруге болатындығы тағы бар. Ал дәмін татқаннан кейінгі жағдайды айтудың қажеті жоқ шығар. Осындай артықшылықтарымен озып тұрған сусындар тек жасөспірімдердің ғана емес ересектердің де сүйікті сусынына айналған.

– Студент болған соң энергетикалық сусынды жиі тұтынамын. Бойыңа қуат береді, ұйқыңды ашады. Ішсең сергіп қаласың.  Кейде түнімен сабақ оқитын кездер болады. Ұйқылы ояу отырғаннан гөрі осындай сусынды ішіп, сергіп алсаң жақсы ғой. Зиян деп жатады. Біздегі қалыптасқан қасаң көзқарас қой. Кез келген өнімді біраз уақыт тұтынған соң зиян екен деп шығады. Оның да қадағалауы бар деп ойлаймын дейді, – қала тұрғыны Бекзат Қайратұлы.

Жақында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жасөспірімдерге энергетикалық сусындар, электронды темекіні сатуға тыйым салу керектігі туралы Үкіметке тапсырма берді.

– Бұл өскелең ұрпақтың және бүкіл халықтың денсаулығы үшін өте маңызды. Біз жастардың зиянды әдеттерге баруына жол бермеуіміз керек. Қазір көптеген жасөспірімдер мен мектеп оқушылары кез келген жерден оңай сатып алуға болатын электронды темекіні пайдалана бастады. Бұл өте қауіпті жағдай. Біздің елде 21 жасқа толмаған адамдарға алкоголь өнімдерін сатуға тыйым салынған. Алай­да бұл жағдай іс жүзінде бай­қалмайды.

«Ел бесіктен басталады» деп Мұхтар Әуезов айт­қандай, жас ұрпақтың ден­саулығы мен тәрбиесін бү­гіннен бастап ойламасақ, ертең кеш болуы мүм­кін», – деді Мемлекет басшысы.

Иә, денсаулық алды­­мен өзімізге керек. Кім қалай тамақ­танатынын, нені тұ­ты­нып, неден бас тар­татынын өзі ше­шеді. Тіршілікте табиғи өнімнен бас­­қасының пайдалы­сы жоғын қазір бү­кіл әлем мойын­дап отыр. Мүмкін жеңіл жолды із­де­­ген­­нен гөрі, таби­ғи өнімді тұ­­­ты­нып, са­лауат­ты өмір сал­тын ұс­тан­ған жөн бо­лар.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: