Кешеден бастап COVID-19 вирусына қарсы вакцина егу басталды. Бүгінде аймаққа ресейлік «Спутник V» вакцинасының 1 мың дозасы әкелініп, бірінші кезекте медицина қызметкерлері мен педагогтерге, созылмалы аурулармен ауыратын адамдарға ерікті түрде салынады деп жоспарланған. Вакцина салдырғандардың қатарында облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова мен облыс әкімінің орынбасары Серік Ахмет те бар. Сондай-ақ облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәбит Пазылов та вирусқа қарсы вакцина салдырған алғашқы азаматтардың қатарына қосылды.
Қызылордаға вакцина 1 ақпан күні таңертең жеткізіліп, дәрі-дәрмек сақтайтын арнайы тоңазытқышы бар емханаларға жөнелтілген. Қазіргі таңда шаһардағы №1, №3, №6 емханада тұрғындарды егу ісі жүргізілуде. Азаматтарға барлық медициналық қызмет тегін көрсетіліп, қауіпсіздік күшейтілді. Облыс бойынша 14 егу кабинеті жасақталып, шалғай елді мекендегі тұрындарға арналған 46 жылжымалы егу бригадасы ұйымдастырылған. Ескере кететін жайт, екпе 18 жасқа дейінгілер мен 65 жастан асқандарға салынбайды.
– Бүгінде COVID-19 вирусынан әлем бойынша 2 млн 200 мыңнан астам адам көз жұмды. Әзірге вирусты тоқтатудың жалғыз жолы – дертке қарсы вакцина салдыру. Сондықтан алғаш болып ерікті түрде вакцина қабылдауға шешім қабылдадым. Қоғамның саулығы үшін әрбір азамат вакцинаға бей-жай қарамауы тиіс. Әрине, екпе жұмысы ерікті түрде жүргізіледі. Ешкімді қыстау, мәжбүрлеу болмайды. Әрбір азамат бұл қадамға ерікті түрде барады. Оның үстіне аталған вакцина толық тексерілген, тіркеуден өткен, – деді облыс әкімінің орынбасары Серік Ахмет.
Аймаққа жеткізілген вакцина көлемі мың доза болғанымен, жыл соңына дейін кезең кезеңімен 80 мың доза әкелінеді деп күтілуде. Вакцинаны сақтау тәртібі де назарда. Белгіленген -20 °C температурада сақтау үшін емханаларға арнайы тоңазытқыш қойылып, мамандардың біліктілігін арттыру жұмысы жүргізілген. Бұл жайында №3 емханада екпе салдырған облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәбит Пазылов айтып өтті.
– Бүгін «Спутник V» вакцинасын қабылдадым. Вакцинаны қабылдау екі кезеңнен тұрады. Азаматтар алғашқы вакцинаны қабылдағаннан кейін, 21 күннен соң екінші дозасын салдыруы керек. Сонда ғана дәрінің тиімділігі артады. Сонымен қатар вакцинаның бірнеше жанама әсері болуы ықтимал. Мысалы, ине салған орынның ашуы, әлсіздік, тымау белгілері байқалуы мүмкін. Алайда қобалжудың қажеті жоқ. Бұл – уақытша құбылыс, қалыпты жағдай. Дертпен күресудің басты жолы вакцина екенін ескерсек, барша жерлестерді уақыт ұттырмай вакцина қабылдауға шақырамын, – деді денсаулық сақтау басқармасының басшысы.
Денсаулық сақтау министрлігі жыл соңына дейін 6 миллион қазақстандыққа вакцина салуды жоспарлап отыр. Соның ішінде Қызылорда облысында 80 мыңға жуық тұрғын вакцина қабылдайды деп межеленген. Айта кетейік, қазіргі таңда Сыр өңірі «жасыл» аймақта тұрақтаған және эпидемиологиялық көрсеткіш қалыпты саналады. Егер ахуал күрделенген жағдайда 8 стационар, 61 алғашқы медициналық-санитарлық мекемені індетті ауыздықтауға жұмылдыру жоспарланған. Оған қоса 54 фильтр кабинеті, шақырулар мен консультацияға арналған телефон, қосымша 81 автокөлік қарастырылған. Сондай-ақ жақын арада отандық вакцина да қолданысқа енеді деп жоспарлануда.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!