Жұма, 21 маусым, 13:51

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№48-2058
18.06.2024
PDF мұрағаты

Дәнге байланған ғұмыр

23.11.2022

826 0

Өмірде ділмарсыған сөзімен емес, көпке үлгі боларлық ісімен көрінетін, сол арқылы құрметке бөленетін жандар болады. Соның бірі – белгілі ғалым, республикамыздағы күріш шаруашылығы саласындағы жетекші селекционер,  ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, Қазақ Ауылшаруашылығы ғылым академиясының корреспондент мүшесі Құрманбек Бәкірұлы. Ол бiрнеше күрiш сортының, соның iшiнде «Маржан» мен «Ару» түрлерінің негiзгi авторы. Ғалым ағамыздың 150-ден аса ғылыми еңбегi, бірнеше монографиясы жарық көрген. Ол кісі «Құрмет» орденiмен және бірнеше медальмен марапатталған.

Қызылорданың бір бренді – күріші

Кезінде ақын Зейнолла Шүкіров «Жайқалған ақ күрішің, жаралған шаттық үшін» деп жырлаған еді. «Сыр сұлуы» деп аталатын бұл өлеңге қазақ вальсінің королі – Шәмші Қалдаяқов ән жазды. Осылайша, Сырдың сұлуына баланған күріш жайлы ән қос таланттың дарыны арқылы күллі қазақ даласын шарлады. Бұл күріштің брендке айналуы үшін жасалған әрекеттердің ішіндегі ең сәттісі болды десек, артық айтқандық емес. Осы ретте күріштің жаңа сортын шығарып, оған «Маржан» деп атау берген Құрманбек Бәкірұлының да Сыр салысының брендке айналуы үшін ұшан-теңіз еңбек сіңіргенін айта кеткен жөн.

Әңгіме арқауына айналған Құрманбек Бәкірұлы 1944 жылы Шиелi ауданына қарасты Бала би ауылында өмірге келген. Әкесі Бәкір сол тұста ел басқарған, «Ащықұдық» колхозының негізін қалаған жанның бірі. Бәкір ақсақал туған ауылының әлеуетін көтеру үшін еңбек еткен. Сол жердің гүлденуі үшін бар өмірін сарп етті. Алайда әкесі өмірден өткенде бала Құрманбек небәрі 5-6 жаста екен.

– Әкем дүние салғанда мен небәрі 5-6 жасар баламын. Анам Бибісара да өмірден ерте кетті. Әкемнің Әли атты інісі болған. Ағамыз үлкен қызметкер еді. Соғысқа дейін сот саласында жұмыс істеген. Отан қорғауға аттанып, майдан даласынан оралмады. Ата-анамыз қайтыс болғаннан кейін біз сол кісінің әйелі Ханшайым жеңгеміздің қолында тәрбиелендік, – деп еске алады бүгінде Құрекеңнің өзі.

Заман ырғағы бір орында тұрмайды. Өмір өзен құсап тоқтаусыз аға береді. Бір кездері ата-анадан жетім қалған Бәкір ақсақалдың балалары өсіп-жетіле бастайды. Үлкені –  Әзімхан өзі сияқты ел басқарды. Асанбек  атты ұлы ауылдағы мектептің директоры болды. Құрманбек болса туған ауылындағы №50 Абай атындағы мектепте оқып, орта білім алып шықты. Тіпті сабағы да жақсы болды. Үйірмелерге де қатысты. Осылайша өскен сайын оқуға құмары артып, білген үстіне білгісі келе берді. Мектепті бітірген соң  Бәйгеқұмдағы механизаторлар дайындайтын училищеде оқыды. Бір жылдық курсты алты айда аяқтаған ол Ленин атындағы колхозда  тракторшы болып жұмыс істеді.

Жаңалыққа жаны құмар жан 1962 жылы Алматы қаласындағы  Қазақ мемлекеттік ауыл шаруашылығы институтына оқуға түсті. Мектеп қабырғасында жүргенде-ақ оқу-білімге құмар болған жан ғылымға ден қояды. Жоғары оқу орнында оқып жүргенде өз мамандығын терең меңгеруге тырысады. Институттың 4-ші курсында Құрманбек Бәкірұлы Қызылордадағы «Қарауылтөбе» күріш тәжірибе стансасында өндірістік тәжірибеден өтті. Ол үш ай тәжірибе жасап, «Күріштің фотопериодизмі» деген тақырыпта дипломдық жұмыс жазды. 1967 жылы оқуды бітірген соң өндірістік сынақтан өткен мекемеден шақырту алып, Ы.Жақаев атындағы қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтына жұмысқа орналасады. Армандарға бастаған, қанаттандырған, туған ауылдан өрілген өмір осылайша біржола  ғылымға, күрішті зерттеуге арналады. 

Ғылымға арналған жарты ғасыр

Оқу бітірген соң Ыбырай Жақаевтай дала академигінің есімімен аталатын іргелі мекемеге қызметке орналасқан Құрманбек ағамыз ғылымға шындап ден қояды. Ол кісі Мәскеудегі КСРО Ғылым академиясының Химиялық физика институтына аспирантураға түседі. Сол қалада оқуда жүргенде күндіз-түні тынбай ізденді. Кітапханаларды жағалап, қажетті әдебиеттерді оқыды. Нәтижесі жаман болған жоқ. Құрекең ғылыми жұмысын Қызылордада тәжірибемен ұштастырды. Қазақстанда бірінші болып күріш мутагенезімен айналысты. Дүние жүзінде жүз мыңнан аса күріш түрі кездеседі. Бізде соның мыңнан астам сорты бар дейді мамандар. Жаңа өнім алатын кезде олардың жергілікті табиғатқа қаншалықты лайықты екенін зерттеу керек. Оның үстіне жақсы қасиеттерін бағдарлай білу қажет. Дегенмен 100 пайыз барлық талапқа жауап беретін өсімдік кездеспейді. Атқарған жұмысыңның бір мезетте жоқ болып кетуі де ғажап емес. Бұл үдерісті ғалым ағамыз: «Күрішті гүлдену кезінде будандастырады. Бұл жұмысты атқарғанда белге дейін суда отырасың. Кейде сағаттап, тіпті күні бойы суда жұмыс істейтін кездер болады. Көз майыңды тауысып, күріштің басына дән байлағанын күтесің. Сол дәнді жасанды жолмен бірінің қауызынан алып, екіншісіне саламыз. Әрі қарай өнімнің қалай өсетінін бақылаймыз. Даму, жетілу, шарықтау шақтарын назарда ұстаймыз» – деп әңгімелеп берді.

Ғалым ағамыз күріштің өсірілуі, мутагенез әдісімен және будандастыру арқылы өнім алу жолдары туралы 2 монография, 140-тан аса ғылыми мақала жариялаған. Мутагенез әдісімен күріштің 130 түрін шығарып, селекцияда қолдануға ұсынды. Олардың арасында ергежейлісі, тарыдай майдасы, жапырағы зебра тәріздесі де бар. Сәтті шыққан түрлердің қатарында «Маржан» мен «Ару» сорттары да бар.

– Шындығына келгенде, «Маржан» – қызымның, «Ару» – немеремнің есімі.  «Маржан» сортын шығарғанда қызым 6 жаста еді. Күндіз-түні ғылыммен айналысып жүрген кезім. Оның үстіне мутагенез саласы  ерекше қызықтырды. Жаңа сортты ойлап табу үшін оның қасиеттерін жіті зерттеу керек. Егетін жердің табиғатын, топырағының құрамын зерделеу жұмысы бар. Біздің жердің топырағы тұзды болып келеді. Ал, табиғаты күрт өзгергіш. Мәселен, кейде күндіз 30 градус ыстық болса, түнде 10 градус жылы болады. Зерттеп жатқан сорт тұзға да, ыстық пен суыққа да шыдамды болуы қажет. Осы қасиеттерін негізге алып, жаңа сорт шығаруға бекіндім. Ақыры, көздеген мақсатыма жеттім. Оны қызымның атымен «Маржан» деп жаздырдым.  Ол Кеңес үкіметінің кезінде одақтық көлемдегі барлық күріш сынау учаскелеріне  жөнелтілді. Оң қорытынға ие болды. Ғалымдар да, диқандар  да жақсы пікір білдірді. Содан аудандастырылып, кең көлемде егістік алқаптарға егілді. Өнімді де жақсы берді. Халық «Маржанның» палауы жақсы болады» деп айтатын. Одан бері де біршама уақыт өтті. Ас пен құдайыда, тойда палау басқанда көбіне «Маржанды» пайдаланды. Осынша жыл халықтың игілігіне жараған «Маржан» сорты өз миссиясын орындады деп ойлаймын. Дегенмен, диқандар бұл күрішті әлі де егуде. Халық осы күні де оны тұтынып жүр, – деді кейіпкеріміз.

Жаңалыққа құштар жан

           Құрманбек Бәкіров тек күріш өсірумен ғана айналысып қойған жоқ,  одан бөлек картоп өсіру жолымен де шұғылданды. Ғалым ретінде оны да зерттеді. Қазір оның нағыз тұқымын егіп жүрген жоқ. Былтырғы картоптан ұрықтық өнім қалдырып, диқандар  соны пайдаланады. Картоптың негізгі тұқымы сәбіздің ұрығынан да майда. Мысалы, 1 гектар жерге норма бойынша 3 тонна картоп кетсе, негізгі тұқымнан 100 грамм ғана жұмсалады екен. Одан алғашқы жылы майда түйнек шығады. Келер жылы әжептеуір өнім алуға болады. Мұндай популяциялық тұқым шаруашылығы бойынша жұмыстарды Алматының ғалымдарымен бірлесіп атқарған. Нәтижесінде,  кар­топтың популяциялық тұ­қым шаруашылығы, көкөніс кон­­вейері, картоп және көк­өніс дақылдарын өсіру техноло­гия­сы мен тыңайтқыш қолдану, өсімдік қорғау жүйелері бойын­ша өндіріске ұсынымдар әзір­ленген.

          Құрманбек Бәкірұлы жайлы ғалымдар да жақсы пікірде.

          – Құрманбек ғалым ретінде өз орны бар тұлға болып қалыптасты. Одан үйренетін қасиеттер баршылық. Соның бірі – өзін-өзі көрсете білу қасиеті.Ол қашанда қиындықтан қашқан жоқ, намысқа тырысты, өзін-өзі қамшылай білді, – дейді ғалым Хасый Жәмәнтікұлы өзінің Құрекең туралы жазған мақаласында.

      Саналы ғұмырын ғылымға арнаған ағамыз осы уақытқа дейін бір ғана салада қызмет еткен. Оқу бітіргеннен кейін Қызылорда облыстық күріш тәжірибе стан­­сасында, 1974 жылдан Қа­зақ­тың күріш ғылыми-зерттеу институтында аға ғылыми қыз­меткер, топ жетекшісі, бөлім меңгерушісі, ғалым-хат­шы қыз­­меттерін, сондай-ақ инс­титут бастауыш партия ұйы­мы­ның хатшысы міндетін ат­қар­ды. 1995 жылдан 2007 жыл аралығында «Арал өңірі аг­ро­экология және ауыл шаруа­шылығы ғылыми-зерттеу инс­ти­туты» директорының ғы­лыми жұмыстар жөніндегі орынбасары болды. Ал 2007 жылдан бөлім мең­герушісі болып қызмет етіп келеді. Жасаған еңбегіне орай мақтау мен марапаттаудан да кенде болған жоқ. Ғылыми және қоғамдық жұмыстағы жетістіктері үшін облыс әкімі мен мәслихаттың, ҚР Ауыл шаруашылығы ми­нистрлігінің, Ұлттық Аграрлық зерттеулер орталығының алғыс хаттарымен, КСРО халық шаруашылығы же­­­тіс­­тік­тері көрмесінің қола ме­да­лімен марапатталды. «КСРО өнертапқышы» бел­­гі­­сінің, 1997 жылғы ҚР мемлекеттік ғы­лы­ми стипен­дия­сының, 2006 және 2008 жыл­дардағы Қы­зылорда облы­сы әкімі сти­пен­диясының ие­ге­рі болды. «Құр­мет» орденімен марапат­тал­­ып, «Ауыл шаруа­шы­лығы саласының үзді­гі» ме­далін иеленді.

Сөз соңы

«Құрекең Алла тағала берген денсаулықтың арқасында үлкен әріппен жазылған «ҒАЛЫМ» деген атқа сай әрдайым тамаша еңбек үлгісін көрсетуде. Ол берекелі отбасы иегері, ұлды ұяға, қызды қияға қондырған, немерелер сүйіп, еңбектен зейнет тапқан қадірменді азамат» деп жазыпты бір кездері техника ғылымдарының докторы Серікбай Өмірзақов.

Шынында да, Құрманбек Бәкіров – нағыз ғалым. Ол ғылым жолына жарты ғасырдан астам өмірін арнады. Қазір жасы жетпістен асса да ғылымнан қол үзген емес. Саналы ғұмырын Сыр салысын зерттеуге арнаған ғалымның тағдыры да күріш сабағына байланғандай әсер қалдырады. Өйткені жұрттың есіне Қызылорда десе, күріш, күріш десе «Маржан», «Маржан» десе оның авторы Құрманбек Бәкірұлы түседі.

Әзиз БАТЫРБЕКОВ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: