Стоматологиялық кабинеттерге қойылатын санитариялық-эепидемиологиялық талаптар Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 11 тамыздағы № ҚР ДСМ-96/2020 «Денсаулық сақтау объектілеріне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитариялық қағидаларын бекіту туралы» бұйрығымен реттеледі.
Түрлі жұқпалы аурулардың, ауруханаішілік инфекциялардың алдын алу мақсатында тіс емдеу қызметтерін көрсету орындары бекітілген қауіпсіздік ережелерін бұлжытпай орындауы тиіс.
Қуаты ауысымына 50-ден астам адамды қабылдайтын стоматологиялық объектілерде балаларды қабылдау жеке кабинеттерде жүргізіледі. Қуаты ауысымына 50 және одан аз адамды қабылдайтын стоматологиялық объектілерде терапиялық және ортопедиялық қабылдауларды бір кабинетте жүргізуге, дезинфекциялау-стерильдеу режимдері сақталған кезде ересек адамдар мен балалар ағындарының терапиялық, ортопедиялық, ортодонтиялық бейін бойынша қиылысуына және хирургиялық бейін бойынша жеке болуына рұқсат етіледі.
Ауылдық елді мекендерде оқшаулау және дезинфекциялау-стерильдеу режимдерін сақтай отырып, хирургиялық және терапиялық бейін бойынша ересектер мен балаларды бірге қабылдау үшін жеке кабинеттердің болуына жол беріледі. Тұрғын немесе қоғамдық ғимаратта орналасқан стоматологиялық емхананың үй-жайларына бейненің жоғары сезімтал қабылдағышымен (фотозертханасыз) жұмыс істейтін денталдық аппараттар және пантомографтарды және жұмыс жүктемесі аптасына 40 (мА *мин) аспайтын, бейнені цифрлы өңдейтін денталдық аппараттарды орналастыруға жол беріледі. Хирургиялық стоматология кабинеттерінің жұмысы «таза» және «іріңді» араласулар ағындарын бөлуді ескере отырып, ұйымдастырылады.
Әр стоматологиялық кабинетте стерильді материалдар мен құрал-саймандарға арналған үстел немесе құрал-саймандарды сақтауға арналған бактерицидті камера орнатылады. Барлық стоматологиялық кабинеттер манипуляциялар арасында оларды өңдеу үшін қажетті уақытты ескере отырып, үздіксіз жұмыс істеу үшін жеткілікті көлемде медициналық техникамен және медициналық мақсаттағы бұйымдармен қамтамасыз етіледі.
Әрбір қабылдауға жеке стоматологиялық тексеріп-қарауға арналған құрал-саймандар жиыны бөлінеді. Протездер және балауыз білікшелері бар қалыптар өлшеу алдында дезинфекциялануы тиіс. Бедерлемелерді алуға арналған қасықтар дезинфекцияланады және стерильденеді. Бор машиналардың ұштықтары дайындаушы зауыттың ұсынымдарына сәйкес әр пайдаланғаннан кейін дезинфекцияланады, стерильдеу алдында тазаланады және стерильденеді. Кабинеттерді бактерицидті сәулелегіштермен немесе басқа да ауаны зарарсыздандыру құрылғыларымен жабдықтайды.
Стоматологиялық кабинеттердің жиһазы, жабдығы, кіші механизация құралдары және жинау мүкәммалы, жуу құралдары дезинфекциялау құралдарына төзімді материалдардан жасалуы тиіс. Еден және қабырға беттерн ішкі әрлеу үшін ылғалға төзімді материал пайдаланылады.
Стоматологиялық кабинеттерде санитариялық қауіпсіздік, инфекцияның таралуын болдырмау мақсатында төмендегідей бірқатар жағдайларға көңіл бөлу қажет:
- науқастарды қатаң түрде белгіленген уақытта алдын ала жазу бойынша қабылдау;
- күнтізбелік жеті күнде бір реттен сиретпей үй-жайларды күрделі жинау;
- әр пациенттен кейін тіс дәрігерінің кабинетін өңдеу;
- әр қызмет көрсету алдында стерильді құралдарды, материалдар мен препараттарды пайдалану;
- ауаны тазарту: заманауи желдету жүйесі, бөлмелердегі ауаны кварцпен залалсыздандыру;
- бір рет қолданылатын стерильді маскалар, қолғаптар, персоналға арналған көзілдіріктерді пайдалану;
- келушілерге, қызметкерлерге арналған қолды өңдеуге арналған санитайзерлер, маскалар, алжапқыш және бір реттік бахилалармен жеткілікті қамтамасыз ету;
- кабинет есігінде кабинетті кварцтау мен дезинфекциялау кестесі көрсетілген тақтайшалар болуы қажет.
Әлия Әбдіқайымова
Қызылорда облысының СЭБД басшы орынбасары
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!