Жұма, 26 сәуiр, 23:54

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№32 (2042)
23.04.2024
PDF мұрағаты

Ротавирустық энтерит балалар арасында жиі тіркеледі

02.05.2023

418 0

Ротавирустық инфекция – бұл ротавирустан туындаған жұқпалы ауру. Балаларға ғана емес, ересектерге де әсер ететін «ішек вирусы» туралы жиі естіп жатамыз. Вирус  лас қолдар, лас ойыншықтар, лас заттар арқылы ағзаға енеді.


Ішек жұқпаларын ертеден «лас қол аурулары» деп атаған. Көбіне вирус немесе бактерия әжетханаға барғаннан кейін жеке бас тазалығын сақтамағаннан жұғады. Бактерия немесе вирустар науқас ұстаған заттың барлығында (төсек-орындар, ыдыс, тамақтар, ойыншықтарда) қалады, сөйтіп олардан сау адамның қолына жұғады.

Бала лас саусақтарын жалағанды, тырнақ тістегенді ​​ұнатса, микробтар ауызға лас қолмен түсуі мүмкін. Нашар жуылған көкөністер мен жемістерді пайдалану кезінде де ішек инфекцияларын жұқтыру жағдайы жиілейді.

Қызылорда облысы бойынша 2023 жылдың 3 айында ротавирусты энтерит ауруының 100 жағдайы тіркеліп, 2022 жылмен салыстырғанда 1,7 есеге өсім байқалады. Тіркелген жағдайлардың 100 пайызы 14 жасқа дейінгі балалар арасында анықталды.
Жас ерекшелігіне сәйкес кәсіби құрамына қарай аурушаңдықтың 100 пайызын ұйымдаспаған топ балары құраған. Аймақтық тіркелуі бойынша ротавирусты энтеритердің барлығы Қызылорда қаласы үлесінде.

Ротавирустық гастроэнтеритке тән белгілер – жүрек айнуы, құсу, іш өту және іштің кебуі. Сонымен қатар, көптеген балаларда мұрнынан су ағып, тамағы қызарады, жұтыну кезінде ауырсынады. Ұзақ мерзімді бақылаулар көрсеткендей, аурудың өршуі тұмау эпидемиясы кезінде немесе оның қарсаңында пайда болады, сол үшін де ол ресми емес атау – «ішек тұмауы» атауына ие болған. Бірақ ротавирустың тұмау вирусына ешқандай қатысы жоқ.

Инфекцияны жұқтырып, алғашқы шағымдар пайда болғанға дейін шамамен 1 апта уақыт өтеді. Аурудың өзі жедел, 2-3 күн ішінде өтеді, ал  қалпына келу кезеңі – 5-7 күн. Бірақ инфекция жұқтырған бала немесе ересек адам аурудың бүкіл кезеңінде жұқпалы болып табылады.

Вирусты 5 жасқа дейінгі балалар жиі жұқтырады, әсіресе балабақшаларға, ерте даму орталықтарына, ойын бөлмелеріне баратын балалар ауыруы мүмкін. Сондықтан облысымыздағы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы мамандары өз аумақтарындағы балабақша, мектептерге барып, жеке гигиена талаптарын сақтаудың маңыздылығын түсіндіріп, «Таза қол» акцияларын өткізеді.

Ротавирустық инфекциямен ересек адам да айқын клиникалық көріністермен ауыруы мүмкін, ал балалардың, әсіресе ерте жастағы балалардың ротавирусты жұқтыруы – өте қауіпті. Сондықтан ротавирустық инфекцияның алдын алу әдістерін білу өте маңызды, олар спецификалық және спецификалық емес болуы мүмкін. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ротавирусқа қарсы тиімді спецификалық құрал ретінде профилактикалық вакцинацияны ұсынады.

Ал алдын алу шараларының спецификалық емес түрі гигиеналық ережелерді сақтау болып табылады. Қолды үнемі жуу, көкөністер мен жемістерді мұқият өңдеу және қайнамаған суды қабылдаудан бас тарту ротавирустық инфекция қаупін азайтуға немесе осы аурудың клиникалық көрінісін азайтуға көмектеседі.

Динара Жанабергенова,

Қызылорда облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: