Топ-баннер2

Сейсенбі, 10 наурыз, 18:56

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№18 (2230)
07.03.2026
PDF мұрағаты

Кенеден қауіп келмесін десеңіз нені білу керек?

10.03.2026

30 0

Фото: ашық дереккөзден

Қызылорда облысы Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының табиғи ошағында орналасқан. Жыл сайын облысымыздың аумағында ауруға шалдығу деректері тіркеліп отырады.

        Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының туындауы осы  аурудың табиғаттағы сақтаушы көзі әрі оны таратушы иксод кенелерінің өсіп-жетілу циклына тікелей байланысты. Ауру аталған кенелер жаппай табиғатқа шыға бастаған уақыттан бастап тіркеле бастайды. Адам кененің шаққанын сезбейді, себебі кене шаққан кезде қадалған жерін жансыздандыратын сұйықтық бөліп шығарады. Тек 1-3 күненнен кейін ғана кене жабысқан жері қызарып, ауыра бастайды. Сондықтан табиғат аясында немесе егіндікте жүргенде денеде кененің бар-жоғын арагідік тексеріп тұрған жөн.

             Ең қауіптісі – Конго-Қырым қанды қызбасы ауруы әбден асқынған жағдайда адам организімінде қанның ұю қасиеті төмендеп, денеде бөртпелер, көгерулер пайда бола бастайды. Осыған орай халық арасында бұл ауруды «көкала» деп те атайды.   

       Аурудың жұғу жолдары:

  • кене шаққанда, мал қырқымы кезінде жүннің арасындағы кенені қайшымен қиып жіберген кезде кененің ішіндегі биологиялық сұйықтықтармен жанасқанда;
  •  мал сойғанда, малдың етін жіліктеу, қақтау кезінде, малдың үстіне жабысқан кенені жалаң қолмен жұлып алғанда, мыжығанда кененің ішіндегі сұйықтықтарымен жанасқанда;
  •  қан кетіп ауырып жатқан адамға көмек көрсету кезінде науқастың қанымен жанасқанда;
  •  зертханаларда қанмен жұмыс жасау кезінде қауіпсіздік ережелері сақталмаған жағдайда жұғуы мүмкін.

       Аурудың алдын алу шаралары:

  • Табиғатқа шыққанда ауылшаруашылық малдарына, үй жануарларына  (мал қырқымы, сиыр сауу, т.б.) күтім жасағанда мейлінше ақшыл түсті жабық киім кию, шалбардың балағын етік ішіне немесе шұлық ішіне салып, жеңді түймелеп, кене кірмеу жағдайын жасау;
  • Мал қырқымы кезінде қырқымға қатысушылар қорғаныс киімдерімен жұмыс жасау, ұзын резеңке қолғап, алдына резеңке алжапқыш (кененің қаны киімге жұқпас үшін) және ұзын қоныш етік кию (кене балақтан кірмес үшін);
  • Кенелердің жабысуын болдырмауға арналған түрлі жақпа майлар, аэрозольдер түріндегі үркіткіш заттар (репелленттер) пайдалану.

Ғылыми зерттеулерге сүйенсек, кене адамға жабысуы үшін 2 сағаттай уақыт кетеді. Кене адамның кез-келген жеріне жабыспайды, ол терісі жұқа, қан тамырлары жоғары орналасқан дененің жұмсақ жерлеріне, яғни адамның бас терісі, құлақтың арты, қолтық, шап, дененің басқа да бүгілетін орындары, адамның іші кенелердің көп жабысатын орны болып табылады. Сондықтан кененің бар-жоғын тексерген уақытта осыны ескеріп, далалық жұмыстан кейін киімді қағып-сілкіп, міндетті түрде ауыстыру қажет.

Кене шаққан жағдайда міндетті түрде жергілікті медициналық мекемеге қаралып, 14 күнге диспансерлік бақылауға алынады. Осы арқылы ауруды ерте анықтап, дер кезінде көмек көрсетуге, өлім жағдайының алдын алуға болады.

        Кенеден келетін қауіпті азайту бағытында атқарылатын алдын алу шараларының бірі – кенеге қарсы залалсыздандыру..Бұл ретте ескеретін маңызды жағдай – көктемде, күзде алдымен мал ұстайтын қораларды көң-қоқыстардан тазартып, кенеге қарсы өңдеу жұмыстарын содан кейін жүргізу қажет, тазартылғаннан кейін тиімділігі арта түседі. Себебі көп жылдан бері жиналған қи, көң жиналған орындар, күл-қоқыстар – аналық кенелер үшін жұмыртқа тастауға өте қолайлы. Маңыздысы бір аналық кене 800-ден 10 мыңға дейін жұмыртқа тастайды және ауру қоздырғышы тікелей жұмыртқа арқылы 100 пайыз беріледі.

Аурудың негізгі белгілері: Күрт дене қызуының көтерілуі, әлсіздік,  тамаққа тәбетінің жоғалуы, құсу, жүрек айну, бұлшықеттерінің ауыруы, бүйрек тұсының ауырсынуы, бастың, іштің ауруы байқалады. Осы белгілер байқалған жағдайда адам шұғыл түрде медициналық көмекке жүгінбесе, әрі қарай тістің қызыл иегінен, мұрыннан, асқазаннан, ішектен, әйелдерде жатырдан қан кетумен асқынып, өлім жағдайына әкеліп соқтыруы мүмкін. Сондықтан кене шаққан жағдайда немесе табиғат аясында жұмыс жасағаннан кейін, егіндік, мал күтімінен кейін жоғарды аталған белгілер байқалса, міндетті түрде дәрігерге қаралу керек. 

     2026 жылы Қызылорда облысы бойынша 74 елді мекен қолайсыз деп есепке алынды. Аталған қолайсыз өңірлерде кенеге қарсы залалсыздандыру жұмыстарының көкөтемгі кезеңі сәуір айында басталады деп жоспарланып отыр. Өңдеу жұмыстары облыстың оңтүстік аймақтарынан бастап жүргізіледі.  Осыған орай, тұрғындарға мал қораларға механикалық тазалау жұмыстарын жүргізуді сұраймыз.

         Аса қауіпті ауру саналатын Конго-Қырым геморрагиялық қызбасынан аман болу үшін жоғарыда айтылған сақтық шараларына салғырт қарамауға шақырамыз. ұсынылған кенеден қорғану, аурудың алдын алу шараларын орындау арқылы Сіз өз денсаулығыңыз бен қауіпсіздігіңізді қамтамасыз ете аласыз.

Әлия Әбдіқайымова

Қызылорда облысының СЭБД басшы орынбасары

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: