Сейсенбі, 26 қараша, 11:31

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№94-2104
26.11.2024
PDF мұрағаты

Тұмаудың эпидмаусымы жақындады: қалай сақтану керек?

07.09.2023

241 0

Қазір жаздың аяқталып, күздің қоңыр салқындарының басталған уақыты. Ауа райы да құбылмалы болатын кез. Сәйкесінше күз, қыс, көктем жедел респираторлы вирусты инфекциялардың, тұмаудың белең алатын эпидмаусымы. Тұмау жыл сайын көптеген елдерде эпидемиялық сипатта таралатын жаһандық инфекция. Қазақстанда әлемнің басқа елдеріндегідей тұмау және ЖРВИ денсаулық сақтаудың өзекті мәселелерінің бірі болып табылады.

         Қызылорда облысында 2023 жыл басынан бері жедел респираторлы вирусты инфекцияға 30 390 адам шалдыққан. Оның ішінде 14 жасқа дейінгі балалар үлесі – 19 929. Ал тұмау ауруы 68 адамнан анықталды, соның 20-сы 14 жасқа толмаған балалар арасында тіркелді. ЖРВИ бойынша аурушаңдық көрсеткіші өткен жылмен салыстырғанда 1,9 есеге өскен.

          Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы халықты тұмаудан қорғаудың жалғыз және тиімді әдісі ретінде тұмауға қарсы вакцинациялауды ұсынады. Осы мақсатта тұмаудың эпидахуалын тұрақтандыру және ауру деңгейін төмендету бағытында жыл сайын жергілікті бюджеттен тұмауға қарсы вакцина сатып алынады.  Биыл 84430 доза вакцина қоймаға жеткізілді. Тұмауға қарсы иммундауға Ресей елінде өндірілген «Гриппол плюс» вакцинасы қолданылады.

         Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 24 қыркүйектегі №612 қаулысымен бекітілген медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде міндетті профилактикалық екпелерді жүргізу қағидаларына сәйкес жыл сайын тұмауға қарсы вакцинациялау тиісті контингенттерге тұрғылықты мекен-жайы бойынша емханаларда тегін жүргізіледі. Олар ең алдымен медицина қызметкерлері, медициналық ұйымда диспансерлік есепте тұрған балалар және балалар үйлерінің, сәбилер үйлерінің балалары, қарттар үйінің контингенті. Сондай-ақ эпидемиологиялық көрсетілімдері бойынша жүргізіледі. Бұдан бөлек,  аталған контингентте қамтылмаған адамдар екпені ақылы түрде салдыруына болады. Бүгінгі күні екпені ақылы түрде алуға болатын емхана бекітілу үстінде, ол туралы қосымша хабарланатын болады.

         Жұмыс орындарында ұжымдық иммунитетті қалыптастырудың маңызы зор. Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті тұмау мен оның асқынуларының алдын алу үшін ауруға байланысты ұзақ мерзімді жұмысқа қабілеттілігін жоғалту мен ауруханаға жатқызуды болдырмау үшін ұжымдық иммунитетті қалыптастыру, ағзаны асқынулардан қорғау және тұмау эпидемиясының денсаулық салдарын азайту мақсатында жұмысшылар мен қызметкерлерге вакцинациялауды ұсынады.

         Тұмау өзінің асқынуларымен қауіпті. Ең жиі кездесетін тұмау ауруының асқынуы – пневмония. Басқа да жиі кездесетін асқынулар –  бронхит, синусит, отит, миозит, миокардит. Бұл ауру 2 жасқа дейінгі балалар, созылмалы ауруы бар науқастар және қарттар арасында ауыр ағымда өтеді. Сондықтан респираторлық аурулардың бірінші белгілері пайда болған кезде өзін-өзі емдеумен айналыспай, тез арада  аймақтық дәрігерлерді үйге шақыртып, дер кезінде ем алу қажет. 

         Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті ЖРВИ және тұмаудан сақтану үшін вакцина алуға, сонымен қатар иммунитетті көтеру үшін салауатты өмір салтын сақтануға, жеке бас гигиенасын орындауға кеңес береді. Сондай-ақ эпидмаусым кезінде көпшілік орындарда, нашар желдетілетін жерлерде бетперде киіп, арақашықтықты сақтау, қолды жиі сабындап жуып, антисептиктерді пайдалану да маңызды. Дәрумендерге бай тағамдарды пайдаланып, салауатты өмір салтын ұстану сіздің денсаулығыңызды нығайтуға өз әсерін тигізеді. Бұл сақтық шаралары тек тұмау мен ЖРВИ-дан ғана емес, өзге де инфекциялық ауруларды жұқтырып алу қаупін төмендетеді.

Әлия Әбдіқайымова

Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық

бақылау департаменті басшысының орынбасары

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: