Облыстық «Ана мен бала» перинаталдық орталығында Қаз ССР денсаулық сақтау ісінің үздігі, ҚР еңбек сіңірген дәрігері София Мақашеваның туғанына 100 жыл толуына орай «Сыр медицинасының анасы» тақырыбында ғылыми-танымдық конференция өтті. Шараға облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбет, Сенат депутаты Ақмарал Әлназарова, денсаулық саласының ардагерлері мен қызметкерлері қатысты.
Сала майталманының мерейтойына арналған жиында облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Зинабдинұлы оның өмірі мен еңбек жолына тоқталды. Сондай-ақ Сенат депутаты Ақмарал Әлназарова Үкімет басшысының орынбасары Тамара Дүйсенованың құттықтау хатын жеткізді. – Құрметті Сыр жұртшылығы! Біз өткенін бағалап, ертеңін саралап жүретін халықтың ұрпағымыз. Мұны ұрпақтар сабақтастығын үзбеудің ерекше үрдісі деуге болады. Осы ретте ел әлеуетін жаңғырту жолында ерен еңбегімен есте қалған ағаапаларымыздың есімін жас ұрпаққа дәріптеу азаматтық парызымыз. Ел медицинасында өзіндік ерекше қолтаңбасын қалдырған әрі үлкен ұжымды басқара отырып нәзіктігін жоғалтпай, адамгершілік қағидасын берік ұстанған, Сыр медицинасы тарихындағы белгілі дәрігер София Мақашеваны мақтанышпен айтуға болады. Облыстың денсаулық сақтау басқармасына үздіксіз 30 жыл жетекшілік еткен София Өтегенқызы Сыр медицинасының анасы атанды. Салаға жаңа технологияны енгізе отырып, адами капиталдың дамуына, медицина қызметкерлерін даярлау ісіне зор үлес қосты. Үлкен жүректі қайраткер тұлғаны ұлықтауға қолдау білдірген облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлына шынайы ризашылығымды білдіремін. Барша ақ халатты абзал жандарға, сала ардагерлеріне алғысымды айта отырып, өңірде София Өтегенқызының ізін жалғар білікті дәрігерлер көбейе берсін деп тілеймін, – делінген құттықтау хатта.
Сыр өңірінің денсаулық сақтау басқармасын 30 жыл басқарған София Өтегенқызы саланы дамыту жолында аянбай еңбек еткен, есімі елге белгілі тұлға. Оның аймақтағы денсаулық саласына қосқан үлесі бүгінгі буынға үлгі боларлықтай. 1952-1982 жылдар аралығында облыстық денсаулық сақтау басқармасын басқарған София Мақашева аймақтағы ауруханалардың төсек орнын, дәрігерлер мен орта буын медицина қызметкерлерінің санын арттырып, медициналық бекет, аурухана салуға, санитарлық автокөлікпен қамтамасыз етуге ықпал еткен. Саланы дамыту жолында атқарған өзге де ерен еңбегі ел аузында.
ҚР еңбек сіңірген дәрігерін ұлықтау шарасында шәкірті, сала ардагері Тұрғанбай Мақанов ұстаз ұлағаты туралы естелігімен бөліссе, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Олжас Ысқақов бүгінгі Сыр медицинасының жайы туралы баяндама жасады. Сонымен қатар жиында қазіргі медицинадағы инновациялар, ана мен бала денсаулығын қорғаудағы өзекті мәселелер де айтылды. Сыр медицинасының анасын ұлықтау шарасы концерттік бағдарламамен жалғасты. Мұнан соң марқұмның рухына құран бағышталып, арнайы ас берілді. Бұдан бөлек медицина қызметкерлері арасында дәстүрлі спорттық турнир өткізілді.
А.САЙДУЛЛА
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!