Сурет: static.mk.ru
Вакциналау – жұқпалы аурулардан қорғанудың ең тиімді әрі сенімді жолы. Профилактикалық екпелермен жоғары деңгейде қамту ұжымдық иммунитет қалыптастыруға ықпал етеді, осылайша иммунизация жұқпалы аурулардан қорғап қана қоймай, жалпы қоғам денсаулығына оң әсер етеді. Бірқатар жұқпалы инфекциялардан болатын аурулар мен өлім жағдайларын едәуір азайтады.
Қызылорда облысы бойынша 2022 жылы дүниеге келген нәрестелердің 97,4% «В»вирусты гепатиті ауруына қарсы алғашқы егумен перзентханада қамтылды. Денсаулық жағдайына байланысты уақытша және тұрақты медициналық шегіністер алған 482 баланың 108-і тұрғылықты мекен-жайы бойынша жергілікті емханаларда егілді. Құрөзек, сірісіпе, көкжөтел, гемофильді инфекция, ВГВ және полиомиелит ауруларына қарсы облыс бойынша 18088 бала егілген, 1жасқа дейінгі мақсатты топтағы балаға шаққанда қамту көрсеткіші 99,1% құрады.
Балалардың 1 жасында жүргізілетін алдын ала екпелердің ішінде, атап айтқанда, қызылша, қызамық, эпидпаротит ауруларына қарсы алғашқы егу жалпы облыс бойынша 103 пайызда қамтылды.
Профилактикалық екпелер арнайы дайындықтан өткен мейіргерлермен мамандандырылған егу кабинеттерінде жүргізіледі. Бүгінгі таңда Қызылорда облысында 205 екпе кабинеті жұмылдырылған. Алыс орналасқан елді мекендерде егу жұмыстары 42 жылжымалы егу бригадасымен жүзеге асырылады. Егуден кейін асқыну жағдайлары тіркелген жоқ.
2022 жылы аймақтықсанитариялық-эпидемиологиялық бақылау қызметінің мамандары тарапынан иммунопрофилактика жұмысына 357 тексеріс жүргізілді. Тексерулер нәтижесінде анықталған кемшіліктер бойынша 109 айыппұл салынды.
Тұрғындардың вакцинацияға деген оң көзқарастарын қалыптастыру мақсатында санритариялық-эпидемиологиялық ағарту шаралары тұрақты жүргізіледі.Халық арасында профилактикалық екпелерге жеке сенімсіздіктің және діни көзқарастың салдарынан профилактикалық егулерден бас тартушылар саны 2022 жылы 351 болды, дегенмен тұрғындар арасында иммунизацияның тиімділігі жөнінде белсенді жүргізілетін түсіндірме жұмыстарының арақасында 86 ата-ана өз ойын өзгертіп, тиісті егулермен қамтамасыз етілді.
Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әлия Әбдіқайымова
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!