Сенбі, 21 желтоқсан, 23:54

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Аштықта құмыққан үн

13.03.2021

1835 0

Таяу Шығыстан бақ тайғалы өңірдегі халық көресіні көрді-ау. Қанқұйлы соғыс, дүркін жарылыс, тәлтіректеген экономика, мықтының құқайы, әйтеуір дүниеде бар әлімжеттік пен әділетсіздік басынан арылмай-ақ қойды. Бұлай таусыла сөйлеудің орны бар. Себебі жыл сайын Таяу Шығыста миллиондаған тұрғын елден безсе, соншама адам аштықтың зардабын татып, алақан жаяды. Тіпті, әлемдік қауымдастықтар мен ел үкімет аштықтан өлгеннің есебін бергенімен, толық санды шамалауда осалдық жібереді. Әрине, тұрмыстық әлеуеті төмен, экспорт-импорттық қуаты нөлге тең елдің өкілі басқа не шарада болсын?! Бейсенбіде «CNN» арнасында жарық көріп, бір топ тілші атсалысқан арнайы хабар өзегі – Йемен жұртының халі де осы шамада.
Арнайы хабардың тақырыбы – «Йемендегі аштық». Бір елдегі қиындықты әлемдік мәселеден кем суреттемеген Нима Эльбагир, Барбара Арванитидис, Анджела Деван, Нада Башир және Юсеф Маури секілді білікті журналистер мәселенің себебі мен салдарын саралап, тәптіштеп түсіндіруге тырысқан. Авторлар бағдарламаны индукция әдісімен өрбітіп, кейіпкерлердің оқиғасы арқылы жалпы мәселеге баға беруге тырысуы хабар мәнін аша түскен.
«Аштықтан қалжыраған 10 айлық Хасан Алиді ауруханаға жеткізгенде дәрігерлер оның өмірін сақтап қалуға бар күшін салды. Медбикелер жанұшыра көмек көрсетіп, нәрестеге оттегі баллонын қосумен болды. Алайда нәрестенің ауаны жұтуға да әлі жетпей, бірнеше сағаттан соң көз жұмды. Оқиғаны сырттай бақылаған телеарна тілшілері елдегі жағдайдың қаншалықты күрделі екенін енді түсінгендей болды. Себебі ай сайын мұнда Хасан Алимен тағдырлас 10-нан астам нәресте көз жұмады екен. Жағдайдың мұнша ушығуы солтүстік Йемен халқының тек аштықтан қалжырауы ғана емес, ауруханаға жету үшін қажетті жанар-жағармайға қол жеткізе алмауында жатыр. Медицина қызметкерлерінің жалақы алмағанына жарты жылдан асқан. Сондықтан науқастарға көмек көрсететін маман да тапшы. «UNICEF» өкілдері болса, Йеменде 2021 жылы бес жасқа дейінгі 2,3 млн сәби аштықтан зардап шегуі ықтимал екенін айтып отыр».
Хабардан мәселенің айтарлықтай күрделі екенін аңғару қиын емес. Тілшілер бас сұққан аурухана 50 науқасты қабылдауға арналған болса, қазір екі есе көп науқасқа көмек көрсетуде. Бұған дейін йемендіктер алтыжылдық соғыстың салдарынан аштыққа ұшыраған еді. Енді, міне, екі жылдан соң қауіпті қатер қайта оралған. «Жығылғанға – жұдырық», елдегі жанар-жағармай тапшылығы да аштықтың өсуіне себеп болып, медициналық көмекті алуға кедергі келтіріп отыр. Хабарда аталған ақпаратты аурухана дәрігері Осман Салах былайша жеткізген:
«Мұндағы науқастар аз. Себебі аймақтағы науқастардың саны мұнан әлдеқайда көп. Егер нарықта жанар-жағармай жеткілікті болғанда, шет аймақтардан келетін науқастар бұдан да көбейетін еді. Себебі шығын мен жанар-жағармай тапшылығынан ауруханаға жете алмай, үйінде жатқан науқастар бар. Соған қарамастан, ауруханаға үлкендермен қатар, туғанына бірнеше апта болған сәбилер де көп түсуде», – деген.
Йемендегі жағдайға әлемдік қауымдастықтар мен зерттеу институттары да бақылау жүргізіп алаңдаушылық білдірген. Хабарда авторлар азық-түлік қауіпсіздігінің интеграцияланған фазалық жіктемесінің (IPC) ақпаратын мысалға келтіреді. Онда шамамен 47 мың йемендік азық-түлік қауіпсіздігінің «апатты» деңгейінде өмір сүрсе, 16 млн адам «төтенше» деңгейде өмір сүруде деп айтылған. Бұл – Йемен жұртының жарымынан астамы. Сондай-ақ «СNN» арнасының ресми сайтында Йемендегі аштық туралы инфографика жарияланған. Қысқаша ақпаратта өткен жылдың соңында солтүстік Йеменнің бес ауданындағы 16 500 адам «апатты аштық» деңгейінен өткен. Мұнда да азық-түлік пен жанар-жағармай тапшылығынан аталған санның әлі де өсетіні болжанған.
«Мамандар мәселенің бұл деңгейге жетуін Әлемдік азық-түлік бағдарламасы агенттігін қаржыландырудағы келеңсіздікке телиді. Бүгінде аталған агенттік солтүстіктегі йемендіктерге көмек көрсету жолын қарастыруда».
Сонымен қатар арна журналистері неліктен жанар-жағармай тапшылығы туындағанын да саралауға тырысады. Нәтижесінде «CNN» тілшілері елге келуге тиіс жанар-жағармай қорының шекарада кідіргенін анықтаған. Яғни, БҰҰ инспекциясының тіркеуінен өткен 14 тауар кемесі Сауд Арабиясы-Эритрея-Йемен шекерасында тоқтаған. Тілшілер мұны MarineTraffic.com арнайы сайты арқылы нақтылайды. Сайттағы дерекке сәйкес, келуге тиіс жанар-жағармай Қызыл теңізде кідірген. БҰҰ аталған мәселеге елдегі хуситтер әскери тобын кінәлап, олардың салықтан жалтару ісі бұған дейін де болғанын және кеменің кідіруін қолдан ұйымдастырды деп айтуда. Ал хуситтер болса, тауар кемесінің иелері айыппұл салып, кедергі келтіруде деген уәж айтқан. Сондай-ақ авторлар оқиғаға Сауд Арабияның да қатысы бар деген дерек келтірген. Алайда қарсы тарап, кінәні йемендік хуситтер тобына аударған.
«Қиын кезде қол ұшын беруге тиіс бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымы да жағдайдың мәз емесін айтып, Йеменге жанар-жағармай мен азық-түлікпен көмек беруге мүмкіндігі жоғын жеткізуде. Ұйымның ресми ақпаратында: «2021 жылдың наурыз айынан бастап ұйым Йемендегі 206 мекемеге жанар-жағармай таратуды тоқтатты. Олардың 60 проценті ауруханалар» деген еді. Сондықтан мәселенің салдары әлі күңгірт».
Бір қызығы, тілшілер жағдай қаншалықты мүшкіл болса да, бағдарламаны үлкен сеніммен аяқтаған. Әдеттегіше, дәрігерлер Хасан Алимен тағдырлас Захра есімді нәрестеге көмек көрсетуге асығады. Авторлардың сөз соңын дәрігер Аднан Абдул-Рахманның мына бір пікірімен түйіндейді: «Нәрестенің жағдайы жақсаруда. Бәрінен қиыны баланы осында жеткізу. Егер баланы ауруханаға дер кезінде әкелсе, аман алып қалуға мүмкіндік мол».


Түпнұсқадан аударып, шолу жасаған
Ерсін ШАМШАДИН

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: