ВВС арнасы тұрақты түрде Украина жерінен репортаж жариялауда. Тікелей оқиға орнына барған тілшілер ел ішіндегі ахуалды, қарулы қақтығыстарды және адамдардың бүгінгі жай-күйін ашып жазуда. Соның бірі ВВС тілшісі Йогита Лимайе. Ол Киевтің солтүстік-батысында орналасқан Яхидное ауылына барып, ауыл тұрғындарының 25 күн тұтқында өткізгені туралы жазды. «Украинадағы соғыс: мүрделермен өткен уақыт немесе Черниговтағы сұмдық» атты мақаласында 130 украиналықтың тұтқында өткізген уақыты жайлы репортаж жариялады.
«Яхидное ауылындағы мектеп жертөлесінің қабырғасында қызыл қаламмен жазылған күнтізбе ілініп тұр. Онда 5 наурыз бен 2 сәуір аралығындағы күндер белгіленген. Бұл тұрғындардың тұтқында өткізген уақыты», – деп басталады мақала.
Киевтің солтүстік-батысынан 140 шақырым жерде және Чернигов қаласына жақын орналасқан Яхидное ауылын ресейлік әскер басып алып, шамамен 1 ай уақыт ауылды басқарған. Ауылға келген кезде-ақ әскерилер ер адамдарды, әйелдер мен балаларын тұтқынға алып, мектептің жертөлесіне қамаған. Шамамен 130 адам небәрі 65 шаршы метр аумақта бір ай уақытын өткізген. Бұл туралы арна тілшісіне алпыс жастағы Николай Климчук айтып берген.
«Бұл менің жарты метрлік орным болатын. Мен осы жерде тұрдым. Тұрып ұйықтадым. Құлап қалмас үшін өзімді шарфпен бағанаға байлап қойдым. Осылай 25 күн өткіздім», – дейді көзіне жас алып, тұтқында болған орнын көрсеткен Николай.
Оның айтуынша, басқа адамдарды басып кетуің мүмкін болғандықтан қозғалудың өзі қиынға соққан. Тұтқындардың арасында 40-50 шақты бала да болған. Олардың ең кенжесі екі айлық шақалақ.
Арна тілшісінің мәлімдеуінше, Чернигов қаласын басып алу кезінде ресейлік әскер Яхидное секілді ауылдарды еркін басқарған. Бірнеше апта бойы 300 мың тұрғыны бар Чернигов қаласы қоршауда болып, үздіксіз шабуылдың астында қалған. Сонымен қатар Киев қаласына алып баратын көпір құлап қалғандықтан тұрғындарға қашу мүмкін болмаған.
«Енді орыс әскері Киевті ала алмаған соң шегінді. BBC бұл аймаққа жеткен алғашқы БАҚ өкілдері және оккупация мен бомбалау кезінде болған оқиғаның сұмдығын аша алады. Шекараға жақын болғаны сонша тұрғындар әлі де орыс әскері оралуы мүмкін деп алаңдайды», – деп жазады тілші Йогита Лимайе.
Он бес жасар Анастасия да әкесі және әжесімен жертөледе тұтқында болған адамдардың бірі. «Орын мүлде болған жоқ. Біз тұрып өмір сүрдік. Біз тұрып ұйықтадық. Тіпті «ұйықтадық» деп айтуға келмейді. Бөлменің терезелерін қымтап тастағандықтан тыныстаудың өзі қиын болды. Менің көзімше 12-15 адам қайтыс болды», – дейді ол.
Қайтыс болғандардың көбісі егде жастағылар екен. Олардың неден көз жұмғаны белгісіз, бірақ Николай ауа жетпегеннен деп болжаған. Ал олар көз жұмған соң мүрдені бірден шығарып тастауға ресейлік әскер рұқсат етпеген. Оның үстіне үздіксіз бомбалау мен қарулы қақтығыстардың әсерінен жерлеу қауіпсіз болған. Яғни адамдар бірнеше күн мүрделермен бір жерде тұруға мәжбүр болған.
«Өте қорқынышты болды. Мен көз жұмған адамдарды білетін едім. Олар бізге жақсы қарайтын. Олардың бұл жерде себепсіз көз жұмғаны өкінішті», – дейді Анастасия. Ал Николай олардың өліміне тар жертөлеге тұтқындау себеп болғанын айтқан.
«Соңғы уақыттарда менің аяғым ісіне бастады. Бірақ менің өлуге құқығым жоқ еді. Мен екі қызым мен немерелеріме қорған болуға міндетті едім. Адамдарды сыртқа дәрет сындыруға да шығармайтындықтан, олар осы жерде «барлығын» істеуге мәжбүр болды. Ал кейде ресейлік әскер тұтқындарды «тірі қалқан» ретінде пайдаланды», – дейді Николай.
Тұтқындар тамақ пісіру үшін күніне екі рет далаға шыға алатын болған. Даладағы отқа тамақ пісірген. Өнімдерді тұрғындар өз үйінен алып келсе, суды ауыл ішіндегі құдықтан алған. Николайдың айтуынша, орыс әскері мұнда тек 4 күн болатынын, сол уақыт ішінде Киевті басып алатынын айтқан.
3 сәуірде Ресей әскерилері Яхидное ауылынан кетіп қалған. Қазіргі таңда ауылды Украина әскері қорғауда. Ал тұтқынға түскендердің көбісі жақын жердегі елді мекендерге жеткізілген.
«Мен түнде ұйқымнан бірнеше рет шошып оянамын. Атылған оқ пен бомбаның дауысы құлағымнан кетпейді», – дейді Анастасия.
Ресей әскері ауылдардан кеткеннен кейін еріктілер көз жұмғандарды жерлеуге кіріскен. Мәселен, Яхидное ауылындағы қорым қазіргі кезде бейітке толған. Олардың әрқайсысына арнайы тақтайшалар ілінген. Өзге аймақтан келген жақын туыстары бірден бейіттердің ішінен туыстарын іздейді екен.
Алпыс жастағы Нина Винник пен оның немересі тілшілерге өз үйлерін көрсеткен. Үй деген аты болмаса, тек қана қабырғалары қалған. Егде жастағы әйелдің қызы және кішкентай баланың анасы ауруханада. 39 жастағы Людмила бомбалау кезінде аяғынан айырылған. Бомбалау кезінде Нина отбасымен көрші үйдің жертөлесіне қашқан. Алайда бомба ол үйді де айналып өтпей, қиратып тастаған.
«Біз бомбаның әсерінен есімізді жоғалтып алдық. Бірінің миы шайқалса, біреуі жарақаттанды. Мен есімді жиған кезде қызымның «Мама, мама, менің аяғым жоқ» деп айқайлағанын естідім. Мұндай сұмдықты мен өмірімде көрген жоқпын. Неге билік бізге ескертпеді? Неге біз эвакуацияланбадық?» – дейді ол.
Ол енді қызының протезіне ақша таба алмайтынын айтқан. «Путин бейбіт тұрғындарға тиіспейміз деді. Тиіспесе неге менің қызым ауруханада бір аяқсыз жатыр? Ресейге керегі осы ма? Енді қызымның аяғына протезді де, біздің үйді де Путин салып берсін», – дейді Нина.
Түпнұсқадан аударып, шолу жасаған
Аслан НҰРАЗҒАЛИ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!