Дүйсенбі, 07 қазан, 06:58

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№79-2089
05.10.2024
PDF мұрағаты

Вакцина апологиясы

23.01.2021

1297 0

Коронавирус дерті өршігеннен әлемдік медицина саласындағы алдыңғы қатарлы елдер індетке қарсы ем табуға кіріскен. Бірі-бірінен асып түсуге қам жасап, ойлап тапқан емнің артықшылығы, адамды аяққа тұрғызу жылдамдығын жарыса жазып жатты. «Біреу өлмей, біреуге күн жоқ» деген, мұның астарында адамзатты құтқарудан бөлек, қомақты қаржы, саяси ықпал, кіріптарлық секілді білінбес қабаты жасырулы жатқаны мәлім еді. Кем дегенде, шипалы вакцинаға ие ел кейін «жалпыадамзаттық ізгі жолға бастаған» мемлекет есебінде мақтанары анық. Сол үшін лабораториялық ізденісті арттыру, жаппай вакциналау әрекеті жүруде. Осы орайда ғаламдық ақпараттық агенттіктер үздік санаған Қытай, АҚШ, Израиль, Ресей вакциналары ерекше көңіл аудартты. Әсіресе, әлем дәрі-дәрмектің тиімділігі мен сапасын тексеруге уақыт қажет деп жан ұшырып жатқанда Қытайдың Sinovac Biotech және Sinopharm Group биофармацевтикалық компаниялары вакцинаны қолданысқа енгізіп жіберген. Оның үстіне, Қытай тарапы вакцинаға айтылған сын-ескертпелерді жоққа шығарып, өз өнімін қорғауға кірісті. «CNN» арнасы да оқиғаны қалт жібермей, сейсенбіде Джеймс Гриффитстің «ҚХР вакцинасын қорғауға көшті» атты хабарын жарыққа шығарды.
Хабар басында Джеймс Гриффитс «аспан асты еліне» неліктен шүйліккенін былайша жеткізеді:
«Өткен жылы Қытай президенті Си Цзиньпин Дүниежүзілік денсаулық сақтау ассамблеясында әлем елдерін «шыдамдылыққа және бірлесіп жұмыс істеуге» шақырып, коронавирусқа қарсы вакцина ойлап табуға үндеген еді. Алайда көп өтпей қытайлық Sinovac компаниясы өзге вакцинаның таралуына кедергі жасап, ақылдасу дағдысын доғаруда. Олар Си Цзиньпиннің мәселеге қатысты пікірін ұмытқан секілді. Керісінше, сенім білдірген өзге вакциналарды ығыстырып, адамдардың ем алуын қиындатып келеді. Бұған дейін Қытайдың вакцинаның басым бөлігін дамушы елдерге жөнелту туралы шешімі ғалам алдында абыройын асырған-тұғын. Енді Sinovac Biotech және Sinopharm Group өз вакцинасының тиімділігі Оксфорд университетінің вакцинасына қарағанда 78 процент тиімділікпен басып оздық деп отыр. Кейіннен аталған вакцинаны Бразилияда зерттеуге мүмкіндік туған. Ондағы мамандар ол дәрінің тиімділігі 78 процент емес, небары 50,38 процентті құрайды деген ақпарат жеткізді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы тиімділік деңгейі 50 проценттен жоғары болған тәжірибені ғана мойындайтынын ескерсек, дәрінің нақты пайдасы әлі көмескі».
Автор Қытай дәрісінің сапасы мен бәсекелестік тұрғысында бірнеше мін таққанымен, аталған вакцинаны Түркия, Әзірбайжан, Сербия, Чили, Индонезия, Украина секілді елдер пайдалануға көшкенін жасырмайды. Джеймс Гриффитстің тағы бір өзіне құрмет тудырған әдісі – қос тарапты тең ұстауы. Ол:
«Sinovac өнімдерін бірнеше ел қолданысқа енгізді, кейбірі бақылау жүргізуде. Елдегі билік пен БАҚ вакцинаны мемлекет мақтанышы санап, Уханьда орын алған кемшіліктен кейін әлем сенімін қайтару жолы деген пікір білдіруде. Сондай-ақ қарсы тарап қандай сын айтса да жоққа шығарып келеді. Мысалы, алпауыт Global Times (ҚХР –ауд.) таблоидының редакторы Ху Сицзинь жұршылық ойын қысқаша былай жеткізді: «Егер Батыс пен АҚШ-тың ауқымды веб-сайттарын көзіңіз шалса, Қытай вакцинасына қатысты барлық мақала кері пікірде. Ондағы баспасөз барынша біздің вакцинаның абыройын түсіруге күш салуда. Мен тек америкалық компаниялардың індетке қарсы дәріні жылдам шығарып, өз елдерінде қолданғанын күтемін» деді.
Осы тұста сәл кідіріс жасап, пікір иесіне назар аудару жөн секілді. Мұнда да кәсібилік, ұтымдылық белгісі байқалады. Себебі автор қарапайым халықтың пікірін білу үшін алдымен мемлекеттік салмақты басылым, ақпараттық агенттік емес, көше таблоиды редакторының ой-ұстанымына жүгінеді. Бір қарағанда арзанқол, жарнамалық, бейәдеп бағыттағы таблоид редакторының пікірінде не маңыз бар деп ойлаймыз. Алайда Қытай қоғамдағы әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы орташа, төмен деңгейдегі халық, яғни басым көпшіліктің көзқарасымен дәл осы «сары басылым» егелері жақсы таныс.
Сонымен қатар CGTN телекомпаниясының жүргізушісі Лю Синь, Сыртқы істер министрлігінің өкілі Чжао Лицзянь секілді зиялы қауым өкілдерінің де ой-елегі есепке алыныпты. Әсіресе, Чжао Лицзянның twitter әлеуметтік желісінде жариялаған «Бұл уақыт – қорқыныштың емес, нақты деректің кезеңі. Бұл уақыт – өсектің емес, ғылымның кезеңі» деген жазбасы биліктің мәселеге қатысты түбегейлі пікіріне баланған.
Хабар соңында Джеймс Гриффитс маңызды бір мәселенің шетін шығарады. Ол – вакцина әсері, аллергия және сәйкестік.
«Халық бір жайды нақты білуі қажет. Вакцина салу науқаны басталған 1-2 күнде бірнеше өлім дерегі тіркелген жағдайда даурығудың қажеті жоқ. Себебі вакцинаны қарт кісілер мен иммунитеті төмен азаматтар әртүрлі өткеруі мүмкін. Фармацевтикалық өндіріс жөніндегі маман Дерек Лоу мынадай мысал келтіреді: «Егер 10 млн адамды деп алсақ, массаж жасау барысында немесе өзге емнен бұрыннан бар инсульт, рак, жүрек ұстамасы қозуы кездеседі. Оған қоса аллергияның қайдан келері белгісіз. Нәтижесінде соның 14 мыңға жуығы дүние салуы ықтимал. Дәл сол секілді, 10 млн адамға салынған вакцина жүрек ұстамасы, рак, инсульт, аллергия әсерінен болатын ажалға дөп келуі мүмкін» дейді».
Автор тақырыпқа америкалық дәрігер Келли Мур мен Дерек Лоудың вакцина әсері туралы ақпараты арқылы түрен салады. Мамандар пікірі бойынша, вакцина салу нәтижесінде орын алатын ажал тек дәрі әсері арқылы ғана емес көрінеді. Яғни кей сәтте «Құланның қасуына мылтықтың басуы» дөп келеді деген сөз.

Түпнұсқадан аударып, шолу жасаған
Ерсін Шамшадин

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: