Жапондардың адамзат ақыл-өй өрісіне қосқан үлесі көп-ақ. Әйтсе де ол өнеркәсіптік ауқым не брендтік үлеспен емес, интеллектуалды өнім, робот саласымен бағаланады. Сондықтан болар, жапонның ерекше роботтарын зерделеу, олардың таным деңгейін саралау әлем назарынан тыс қалған емес. Сондықтан, бүгінгі сөз «Күншығыс елінің» робот саласына арналмақ.
2009 жылы Жапонияның Осака қаласындағы университеттің профессоры әрі робот конструкторы Хироши Ишигуро ерекше жаңалық ойлап тапты. Ол өзінің сыңар-роботымен ғалымдардың таңданысын тудырып, саладағы тағы бір қадамның жасалғанын аңғартты. Қызығы сол, андроид бүкіл келбетімен авторы, яғни құрастырушысынан айнымайды. Оған қоса адамға тән эмоциялық әрекеттерді қайталап, бет-әлпеттегі өзгеріске дейін айнытпай салуға қауқарлы. Мұндай теңдессіз жаңалықты ғалым кең таратуға күш салып, халықаралық жиындарда роботын ертіп жүрді. Лекция оқыған шақта да робот егесінің сөзі мен ісін қайталап отыратын.
Сол тұста робот әлеміндегі жаңалық осымен түгесілетіндей көрінген еді. Алайда тұрақтылықты ұнатпайтын Ишугуро 2010 жылы егізінің дамыған түрі Geminoid F-ты құрастырды. Ғылымды шоу элементімен де дамытуға болатынын түсінген ол Осака қаласында Geminoid F-ты таныстырар шақта прототипімен бірдей киініп шыққан. Эмоциялық диапазон да ұлғайыпты. Жаңа робот жұрт секілді күліп, ренжіп, ишара да көрсетуге мүмкіндік алған.
Расында, Kokoro компаниясымен бірге жұмыс атқарған Ишугуроның бұл жұмысы алдыңғы клонынан да керемет, шынайы болды. Бұл модельде 12 сервомотор қолданылса, алдыңғысында 50 сервомотор қолданылған. Алдыңғы модельде қосымша қорапша болса, Geminoid F барлық техникасы ішіне енгізілген кейпімен таңғалдырады. Яғни Geminoid F-ты кеңсеңіздің алдына ұялмай қойып, келген қонақтарды күліп қарсы алуын әмір ете аласыз. Ол өзіне қойылған міндетті толық атқарып, сынақтан сүрінбей өткен. Кезекті сынақта дәрігерге келген науқастарды күліп қарсы алған бейнесі БАҚ-та тарағанын жақсы білеміз.
Тіпті кез келген салада қарапайым қызметкер міндетін мүлтіксіз орындайтын құлтемірдің құны бір-ақ сәтте өсті. Робот құрастырушы компания қара шашты сұлу робот ханымды он миллион иенге – шамамен 110 000 долларға жасап бере алатынын жеткізген еді. Көп өтпей, сұраныс та пайда болды. Даниядағы Ольборг университетінің профессоры Хенрик Шарф сыңары Geminoid DK атты роботты жасатуға 200 000 төлеген еді. Ғалым өзіне ұқсайтын роботқа маңызды конференцияларда лекция оқытпақ ниеті болған.
Үш робот та компьютерлік әдіспен өзінің егіз адамының іс-әрекетін қайталайды. Хироши Ишугуроның пайымынша, андроидтармен сөйлесу, оларға тапсырма беру – өз-өзіңді тануға таптырмас қадам. Сондықтан мұндай қымбат та құнды құлтемірді иемдену жаңа хоббиді табуға, фантастикалық кинодағыдай өмір стилін татуға бірден-бір әдіс екені сөзі.
Жалпы, роботтың негізгі қызметі адам жұмысын жеңілдету деп ұғатынымыз рас. Болашақта ауыр да қауіпті жұмыстың денін жасанды интеллект жүктелген роботтар жасайды деген болжам да бар. Хироши Ишигуроның робот құрастыру бағытындағы жетістігі осы арманды жақындатып, жаңа деңгейге шығуға септесері анық. Тек жаңа өнертабысты ізгі мақсатта жұмсау ісі ғана өзекті болмақ.
Е.ЯКУДАЕВ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!